№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДҮНИЕНІҢ ЖҰМАҒЫ – ӘЖЕНІҢ ҚҰШАҒЫ

ДҮНИЕНІҢ ЖҰМАҒЫ – ӘЖЕНІҢ ҚҰШАҒЫ



Баланың бойына ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді сіңіруде әженің орны ерекше. Немересін бесікке салып, «Бесік жырын» айтып әлдилеген асыл жанның тәрбие мектебі қашанда игі қасиеттерге толы. Мен де осы мектептің тәрбиесіне қанығып өскен жанмын. Отансүйгіштікке, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсетуде, бауырмалдыққа үйретуде әжемнің берген тәрбиесі тұнып тұрған өнеге. Осындай асылдың өзі, өткеннің көзі  кейуаналар жайында талай ақын-жазушы толғанады. Солар сомдаған сырлы бояу бүгінгі әжелердің бойынан табыла ма деген ой толғандырып өзімше осы сұраққа жауап іздеп көрдім.
Тұла бойы тұңғышын мұрнынан сығып алғаннан мауқын басып үлгірмей үлкендердің меншігіне теліп, ата-әже тәрбиесіне беріп, атасы-мен әжесінің баласы деп есептеп, сол кісілердің бауырына басу қазаққа ғана тән қасиет. Ата-мен әже бауырында өскен баланы одан соң әке-шешесі балам деп икемдеуді де ар көрген. Мұны ата мен ұл, ене мен келін арасындағы үлкен сыйластықтың белгісі деп білемін. Көпті көрген көрегенді ата мен әже солай екен деп бауырындағы перзентті өз ата-анасынан ешқашан алыстатпаған, қайта құрметтеп, қадірлеуді үйретіп отырған. Сол себепті әже тәрбиесінде өскен бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеп нақтысын айтады. Осы орайда ойымды әже мен немере арасындағы ғажайып бір үзілмейтін арқаудан бастағым келіп отыр. Не деген құдіретті сезім десеңізші! Кішкентай кезімде әжемнің ертегісін тыңдамай ұйықтамайтын едім. Тіпті есейіп кеткенше қасында жататынмын. Бүгін де ешкімге айтпаған сырымды сол кісімен бөлісіп, жұбанышты сол кісіден табам. Міне әже мен немере арасындағы үзілмес сезім деген осы шығар.
Нәзік жанды аналарымыз талайсыз жерде таққа таласып, ел басқармаған. Ерден бұрын сөз бастамаған. Осыдан-ақ аналар рөлінің қандай деңгейде болғанына тарих беттері куә. Солардың бірі Зередей ұлағатты әженің аңыз-әңгімелерін тыңдап өскен ұлы Абай, Айғанымдай әженің өнегесін көріп өскен Шоқан қазақтың маңдайына біткен жұлдызына айналды. Ал Дінәсілдің тәлім-тәрбиесі мен рухани мұрасы Мұхтардың бойына біткен қазынасы емес пе. Осы айтылған мысалдар «Әже» тұлғасының қоғамдағы рөлін айқындап беріп тұрғандай.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе, дейді Мұхтар Әуезов. Бұл сөздің мәнінде меніңше, ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жалғасатын тәрбиенің қайнар көзі, яғни әжелер өнегесі жатыр. Өйткені дана қариялар тәрбиелеген баланың тілі тез шығады. Оған себеп ата мен әженің бөбекпен үлкен адамша уәждесіп, естиярлыққа баулып, ұлағатқа бастауында. Осылайша немересін өз баласынан ыстық көретін ата-әже оны қасынан жарты елі тастамай, үнемі үлкендердің салиқалы әңгімесін, шежірелерін тыңдатып өсірген. Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те ата-әже тәрбиесін көрген ұл мен қыздың бойынан табылады. Аталған тәрбиенің бәрін бойына сіңірген ұрпақ жақсы мен жаманды ажырата алуымен қатар мейірімді болып өседі. Мұндай баланы ел-жұрт «кімнің баласы», «пәленшенің баласы ғой» деп маңдайынан иіскеп, «ата әжесін ертең осы бағады» деп айналып толғанғанын естігенде төбең көкке жетеді. Осы жалғыз ауыз қасиетті сөз ата-ана алдындағы алатаудай міндетіңді арқалатып кетеді.
Тақырыпқа тұздық болсыншы. Жақында бір замандаспен көшеде кезігіп қалдым. Әңгіме ара­сында ерлі-зайыпты жалдамалы тәрбиеші іздеп жүргендерін айтты. Неге ата-әжелеріңе бермейсіңдер десем, олар «бала бағып шаршағанбыз, немере бақпаймыз. Одан да тәрбиеші жалдаңдар» депті. Құрдасымболса қомақты қаржыға  бала күтуші жалдай алмайтынын, ал арзанға жалданған тәрбиешінің талаптан шықпасын ойлап, қиналып жүргенін айтты. Менің ойыма өз баласы түгілі бүкіл бір рулы елдің баласын бағып, тілеуін тілеген әзиз әжелербүгінде неге өз немересіне еге болудан қалып, қатыгезденіп кетті деген мұңлы сауал қонақтады. Ұл-қызы мен немере-шөбересіне көрсетер үлгісі мен айтар ақылы таусылмаған кешегі ата мен әже, заман талабы ма кім білсін, осы күні үрім-бұтағын айналуынан гөрі айқай-ұйқайы басым. Бұрынғы әже мен қазіргі әженің тәрбие беру стилі, бәрі –бәрі өзгерген. Құрбымның әңгімесінен түсінгенім, «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп баласын өскенше, немересін өлгенше бағатын әжелер саны азайған секілді ме деген ойға келдім. Тіпті қаланың өмірін айтпағанда, ауылдың өзінде немересін бесікке салып әлдилеп отырған әжені өте сирек кездестіресің.Көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен бүгінгінің әжелері немерені қызметпен алмастырған заман болды. Мүмкін уақыт талабы солай шығар. Көшеге шықсаң ақ жаулықты орамалдың орнына әлем-жәлем боянған жалаңбас «мода» қуған әжелерді көптеп кездестіресің. Мұндай әже немересінің бойына  ұлттық тәрбиені сіңіреді дегенге сіз сенесіз бе?
Әжем мені кішкентайымда «алтыным», «айналайын» деп еркелетуші еді. Бүгінде бауыр еті баласынан туғанды  «зайчигім», «котеногым» деп мысыққа, қоянға теңеуге титтей де арланбайтын апалар көбейді. Рухани ұлттық сананың құлдырап бара жатқаны осындай  ойсыздықтан, саяздықтан емес пе деп ойым онға, санам саққа бөлінеді.
Жас өскін үшін әженің орнын теледидар, болмаса ұялы телефон алмастырған заман болды. Көргендерінен қатыгездік пен атыс-шабысты үйренген баладан бауырмалдық деген қасиетті күтпей-ақ қойыңыз. Тәрбиекешіктіруді кешпейтін, керенаулықты көтермейтін  тәлім көзі. Ендеше кеш болмай тұрғанда бала тәрбиесіне байыппен қарайық.
Әже – отбасының алтын қазығы. Шаңырақтағы қарым-қаттынасты реттеуші. Олай болса қанша заман өзгеріп, қарыштап дамысақ та ұлттық бейнемізді жоғалтып алмайық. Әженің әлдиіне қаныққан ұрпақ қатарынан болғымыз келсе, әже мейірімінен айырылмайық.
Лаура БИБАСАРОВА
04 тамыз 2019 ж. 2 378 0