№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АТА-ӘЖЕ ИНСТИТУТЫН АСҚАҚТАТСАҚ ЕКЕН

АТА-ӘЖЕ ИНСТИТУТЫН АСҚАҚТАТСАҚ ЕКЕН

«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің». Мән-маңызы мәңгі жойылмайтын бұл мәтел өз өміршеңдігін көрсетуде. Тәлім-тәрбиенің түп-төркіні – үлкендерде екені айтпасада айқын. Тақырып ауаны – ата-әже институты. Түсінікті тілмен айтқанда «шал-кемпірдің баласының» бүгіні мен бұрнағы болмысын бағамдамақпыз. Бісмілләсін батыр Бауыржан Момышұлының бәтуәлі сөзінен бастасақ. «Біріншіден бесік жырын айтпайтын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деп, батыр бабамыз үш ауызсөзбен болашақтың ахуалын баяндап кеткен. Қос қолдап қосыламыз. Біз бұрынғысынан бастасақ. Ертеректе қырық жыл қырғын болса да қазақ ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие беруді ұмытпаған. Дұрысы ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ал, бүгінгінің баласы бесік жырының орнына хит әндерді тыңдайды. Яғни, даңғаза әуенге тыныштанады. Мойындау керек, балғынға адами болмыс пен асыл қасиет отбасында қалыптасады. Ал, сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші–ата-әже екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын ата-әжесінің тәрбиесіне беріп, «шалдың баласы» деп бауырына басқызатын біздің халық қана. Өмірден көргені мен түйгені мол қария қолында тәрбиеленген бала көпшіл, рухани дүниесі бай, намысты болып өседі. Ұл-қызға тән ибалылық пен имандылық та сол ортадан дариды. Бір сөзбен айтқанда, ата-әже институтының орны айрықша. Бір ғана әже тәрбиесін көріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіргендер қатарында ұлт зиялылары көп-ақ. Зередей зерделі әженің жыр-дастаны мен қиссасын тыңдап өскен бала Абай дана Абайға айналды. Айғанымдай аяулы апаның әлдиінен Шоқан шықты жарық жұлдыздай. Әрине, тізбектей берсек, тізім таусылмайды. Осы орайда, неге қазіргі күннің ата-әжесінен дара  не даналар дүйім жұртқа танылмайды деген орынды сауал туындайды.
  
«ҮЛГІ БОЛУ – ҮЛКЕН ІС»
Кентте бала күтушісін жалдап отырған жандар жетерлік. Негізі ата-әжесі бар балалар ғой, бірақ бай-бағлан болғаннан кейін жөргегін ауыстырып жуындыруға жиіркенеді. Одан да жалдамалы күтуші жалдап, тыныш телехикая көрген абзалырақ. Өкініштісі, қаладан да, даладан да немересін бесік  жырымен әлдилеп, ертегімен елітіп отыратын әже аз. Көпке топырақ шашпай, күнделікті көріп жүргенімізді сипаттасақ. Ақ жаулығын үйде қалдырып, шашын сәндеген, ердің шалбарымен ортақтасып заман ағымына бейімделген әжелер бар қоғамда. Немесе үлкен немересіне «маған уацап ашып бер, қаладағы құрдастарыммен тілдесем» деп, жас буынға тәлім берудің орнына желіге кіріп жарысып жүргендері тағы бар. Осы тұсты дұрыс түсінейікші. Қазір он жеті, он сегіз жастағы қыздар келін атануда. Ал, оның енесі көп болса қырық-қырық бес жас шамасында. Яғни, жыл өте немерелі болғанда әже атанады. Алайда онысын сезіне қоймайды. Себебі, олардың түсінігіндегі әже алпыстан асып, жетпіске тақаған шақ. Осындай түсініктің кесірінен ата-әже институты «шәкіртсіз» қалуда. Әлеуметтік институт нарықтық заманның ағымына ілесе алмай, әлсіздік танытуда. Оның орнына батысшыл кейіптегі «аташка», «ажешка» деген термин қалыптасу жолында. Қалада қалыптасқан. Ал, ауылда баяғы атау, шүкір, сақталған. Себебі, ауыл – тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. 
Түйінсөз. Мақала басын батыр бабаның сөзімен бастадық. Ал, соңын Сыр елінің ишаны Қалжан ахунның айтқанымен аяқтасақ. «Қазақтың баласы еш уақытта адаспайды, егер ол екі медреседен сабақ алса. Яғни, біріншісі атасы, екіншісі әжесі. Осы екі медреседен тәлім-тәрбие алған бала қайырлы ұрпақ болары хақ» деген екен дін білгірі. Әрине, тереңінен түсінгенге мол тағлым жатыр. Ұлт боламыз десек, ұлттық әлеуметтік институттарды қайта жаңғыртқан игі. Ардақты әз әже, артыңызға бір қараңызшы, түріктің таусылмайтын телехикаясы мен үндінің аңыраған актері біздің алтын уақытты ұрлауда. Оның орнына өткенді еске түсіріп, бұрынғының аңыз-әңгімесі мен тартымды қиссаларын қиыстырып қарадомалақтардың қамын ойласаңыз.
Мақпал ПАТЕНОВА.
14 шілде 2018 ж. 1 509 0