АТА-ӘЖЕ МЕКТЕБІ

«ҮЛГІ БОЛУ–ҮЛКЕН ІС»
Кентте бала күтушісін жалдап отырған жандар жетерлік. Негізі ата-әжесі бар балалар бірақ бай-бағлан болғаннан кейін жөргегін ауыстырып жуындыруға жиіркенеді. Оданда жалдамалы күтуші жалдап, тыныш телехикая көрген абзалырақ. Өкініштісі, қаладан да, даладан да немересін бесік жырымен әлдилеп, ертегімен елітіп отыратын әже аз. Көпке топырақ шашпай, күнделікті көріп жүргенімізді сипаттасақ. Ақ жаулығын үйде қалдырып, шашын сәндеген, ердің шалбарымен ортақтасып заман ағымына бейімделген әжелер бар қоғамда. Немесе үлкен немересіне «маған уацап ашып бер, қаладағы құрдастарыммен тілдесем» деп, жас буынға тәлім берудің орнына желіге кіріп жарысып жүргендері тағы бар. Осы тұсты дұрыс түсінейікші. Қазір он жеті, он сегіз жастағы қыздар келін атануда. Ал, оның енесі көп болса қырық-қырық бес жас шамасында. Яғни, жыл өте немерелі болғанда әже атанады. Алайда онысын сезіне қоймайды. Себебі, олардың түсінігіндегі әже алпыстан асып, жетпіске тақаған шақ. Осындай түсініктің кесірінен ата-әже институты «шәкіртсіз» қалуда. Әлеуметтік институт нарықтық заманның ағымына ілесе алмай, әлсіздік танытуда. Оның орнына батысшыл кейіптегі «аташка», «ажешка» деген термин қалыптасу жолында. Қалада қалыптасқан. Ал, ауылда сақталған. Себебі, ауыл–тәлім-тәрбиенің қайнар көзі.
ОЙТІЗГІН. Мақала басын батыр бабаның сөзімен бастадық. Ал, соңын Сыр елінің ишаны Қалжан ахунның өсиетімен аяқтасақ. «Қазақтың баласы еш уақытта адаспайды, егер ол екі медреседен сабақ алса. Яғни, біріншісі атасы, екіншісі әжесі. Осы екі медреседен тәлім-тәрбие алған бала хайырлы ұрпақ болары хақ» деген екен дін білгірі. Әрине, тереңінен түсінгенге мол тағлым жатыр. Ұлт боламыз десек, ұлттық әлеуметтік институттарды қайта жаңғыртқан игі. Әрбір балғын бозбала мен бойжеткен шаққа жеткенше шаңырақтағы қос медреседен сусындаса қоғамда болып жатқан түрлі бейәдеп қылықтардан ада болар едік. Ал, қадірменді қария, ардақты әз әже, артыңызға бір қараңызшы, түріктің таусылмайтын телехикаясы мен үндінің аңыраған актері сіздің алтын уақытты ұрлауда. Оның орнына өткенді еске түсіріп, бұрынғының аңыз-әңгімесі мен тартымды қиссаларын қиыстырып қарадомалақтардың қамын ойласақ.
Әбдісамат ӘБДІШ.