Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ЕЛДІҢ АЙНАСЫ

ЕЛДІҢ АЙНАСЫ

Целиноград – Ақмола – Астана – Нұр-Сұлтан. Қазақстанның бағаналы басты ордасы туралы қаншама шығармашылық туындылар, тау-тау тарихи еңбектер жазылып жатыр. Әлі жазылады да.
Қала күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуын көзбен көріп, ақпараттық қолдау көрсеткен журналист ретінде сыр өрбітсек.


Мен Астанада 22 жыл тұрдым. 1996 жылы Қостанайдан көшіп келдім. Сол кездің өзінде «республиканың орталығы Целиноградқа көшеді» деген ресми, бейресми мәлімдемелерді еститінбіз.
Алайда қара күзде Целиноградқа көшіп келген тұста лепірген көңілім су сепкендей басылды. Себебі қазағы орысша шүлдірлеген, қамыс-қоғасының арасындағы масасы сонадай, айналасы борсыған көлшіктерден көзі ашылмаған, меншікті үйлері жермен-жексен, хрушевкаларының кіреберісі кірден арылмаған, аядай ғана облыс орталығы, жиырма жылда осындай бүкіл әлем көз тіккен ғажайып ертегі қалашығына айналады деген ой үш ұйықтасам да түсіме енген емес. Қыста қары – белуардан. Қыркүйекте жас нәрестесі бар үйлер от жағуды бастап, ол жылуды мамырдың аяғына дейін үзбейді. Кемі 40 тонна көмір жағуға тура келеді.
Бастапқыда жұмыс болмағандықтан түріктің 32 түрлі тәтті өнімін сатып, күніне үстінен түскен бірер мың теңгені талғажау еттік. Ғылмани мешіті жанындағы орталық базар маңы тізеден батпақ. Үш мыңдай сатушы күніге арбамен итеріп әкеп, тауарын өткізіп, кешкісін жақын маңдағы гараждар мен жатаған жер үйлердің қора-қопсысына қарай жөңкіп, өтпеген заттарын қойып, түнемелікке ұмтылады. Күнделікті көрініс осы. Алты айда талағым тарс айырылып: «базарды желкемнің шұқыры көрсін» деген іштей ант-су ішіп, журналистікке қайта талап қылдым.
Абырой болғанда, Ақмола облыстық телерадио комитетінің жаңадан ашылған Астана студиясына жұмысқа кірістім. «Қазақстан-1» РТРК Парламенттегі ресми тілшісі болып, одан сайын шыңдала түстім. «Тәуекел түбі – желқайық, өтерсің де кетерсің» дегендей, қалың ақпарат майданына кіріп кеткеннен кейін шағын қаланың көктем лебімен құлпырған даладай көз алдымызда күн санап жайнап-жасарғанын жылнамашылардай жіпке тізіп, күндегісін-күнде жариялап жүрген кезімізде – әрқайсымыздың тарихи тағылымдық қызмет атқарғанымызды қазір сезіне бастадық.
Бастапқыда шағын қалаға әлі орналасып, үйренісіп кете алмай жүрген алматылық және жан-жақтан жолдамамен келген үрпиіскен билік тұтқаларының өкілдерінің жиылысында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бір қазақ атқа қонса – артынан жүз туысы іздеп келеді. Ол бастық жүз қазақты жұмысқа орналастыруға міндетті. Көзі ашық, көкірегі ояу туыстарыңызды тарта беріңіздер. Сонда айналасы бірер жылда қала халқы жүз мыңға көбейеді», – деген болатын. Айтқаны келді.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласының халқы бір миллионнан асып кетті. Талғат Батырхан деген курстас журналист досым сол жылдары «Астана әкесінің қалпағын киіп ойнаған бала сияқты» деген теңеуді рахаттанып, Алматымен салыстырмалы түрде пессимистік пиғылмен жиі пайдалануды жақсы көретін. Қазір қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» республикалық басылымының жаңадан салынған ғимаратынан айналасына көзі тоймай, рахаттана қарап, Тәуелсіз елдің болашаққа бастар саясатын насихаттап, рухани ақпаратын жүргізіп отыр. Пессимистігінің жұрнағы да қалмаған.
«Астана маңына ағаш өспейді» деген пессимистік көзқарас көп адамдарда болды. Себебі «Астана маңының барлығы тұзды сорлы батпақты, бір метрден асқан ағаш тамырын жеп қояды» десетін олар. Оның да ретін тауып бағбандар польшалық технологиямен ағаштарды қызанақ секілді түптеп отырғызу әдісін қолданды. «Жасыл аймақ» РМК осы жұмыспен тұрақты айналысып, елордасының төңірегіне 75 мың гектар жерге 40-қа жуық ағаш түрін отырғызды. Ол туралы «Жасыл аймақ» деген фильм түсірдім. Сол ағаштардың көбісінің ұзындығы қазір он метрге жуықтады. Шырша, арша қатар орналасқан орман алқабына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жылда қырғауыл, елік жібереді. Қаланың айналасына қар тоқтатылды. Бір метрге дейін баратын Арқаның қысы қазір жоқ. Биік әсем ғимараттардың арасынан Есілдің ерке самалы есіп, болашақ баласының кекілін желпіп тұрады.
Астананың ең жаман нәрсесінің бірі – масасы еді. Соған қала әкімдігі екі миллион теңге бюджеттің қаржысын шығарып, масаны жою операциясына кірісті. Мен оны «сыбайлас жемқорлықпен күресу орнына Дон-Кихот секілді масамен күресіп не абырой таппақ» деп жаздым да. Сөйтсем, қала әкімі Әділбек Жақсыбеков масаға таланып, түнімен ұйықтай алмаған мемлекеттік қызметкердің жұмысы да шала болатындығын асықпай түсіндірді. Шындығында солай болып шықты.
Елордасының тез дамуына пессимистік көзқарастағы кісінің бірі көршілес мемлекеттің басшысы Ислам Каримов болатын. «Осындай Тәуелсіздіктің қиын кезінде астананы ауыстыруға қаншама ақша кетіп жатыр?», – деген ойын жасырмай айтатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанаға келген сапарында «Самұрық-Қазына» Ұлттық-әл ауқат қоры орналасқан ғимараттың ұшар басында тұрып, айналаны шолып шыққан Ислам Каримов: «Қиын кезеңде тәуекел етіп, осындай қала салған Нұрсұлтан досымның жүрегі аттың кәлләсіндей екен да!» – деп таңғала басын шайқапты.
Қазір ел арасында осының барлығы әзір бола қалған секілді көреді. Жақында бір аста отырған кезімізде ақсақалдар отырып алып, саясат туралы әңгіме қозғады. Тым әріге кетіп барады. Сосын мен сөз бастадым.
– Ақсақалдар жаңа мен Жаңақорғаннан келе жетқан кезде, жолдың жиегінде «Нива» машинасымен мал бағып жүрген падашыны көрдім. Сіздердің қай аталарыңыз «Нивамен» қой бағып па еді? «Орал» мотоциклін, «Москвич», «Волга» машиналарын облыстық хатшылық арқылы жылдап кезекке тұрып, таныс арқылы зорға ілуде-біреуіңіз ғана алмаушы ма едіңіздер? Қазір әр үйде екі машинадан бар. Саясатты соққанша, үйдің маңындағы қора-қопсыны дұрыстап мал, бау-бақша өсіріп, бала-шағаға көз болмайсыздар ма? Кириешки мен кола ішіп отырған немерелеріңізге сүт, айран ішкізбейсіздер ме?», – дегенімде «алдамшы ақсақалдар» біртіндеп-сытылып шыға бастады.
Сол секілді әр адам өз орнында мемлекеттіктің қалыптасуына қызмет етсе, барынша үлес қосса, қоғам да түзеледі.
Нұр-Сұлтан қаласы – ол еліміздің айнасы. Әр адам одан өзінің бет-бейнесін көре алады. Не дегенмен төрт рет жаңғыртылған, жаңартылған айнаның аты ғана емес, заты да өзгерді. Оны көз көрді. Пессимистік пиғылда болсаңыз – айнаға өкпелемеңіз.

Ескендір ЕРТАЙ
07 шілде 2019 ж. 517 0