№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ІЗГІЛІККЕ ҮНДЕГЕН РУХАНИ ОРДАЛАР

ІЗГІЛІККЕ ҮНДЕГЕН РУХАНИ ОРДАЛАР


Иманды елдің – ырысы мол. Шүкір, бүгінде бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіруге бет бұрдық. Татулығы тұрақты, бірлігі берік, Егемендігі еңселі Қазақстан әлем халқын мойындата бастады. Діңгегі мықты дініміз әділеттілік пен тазалыққа бастап жер – жерде имандылық үйлері көптеп бой көтеруде. Ақиқатында мешіт – имандылықтың ордасы. Тәуелсіздік алған бойда ата дінді істеп тауып, шариғатпен өмірін өрнектей бастады. Міне, соның айғағы Елорда төрінде де мұнарасы менмұндалаған имандылық ордалары бой көтеруде. Әлі де, қала құрылысымен бірге шағын мөлтекаудандардан мешіттер салынуда. Десе де, «Астана күні» мерекесі қарсаңында біз бас қаладағы сән сәулеті келіскен, сыйымдылығы жағынан озық тұрған үш рухани орданың тынысын тарқата жазуды жөн көрдік. Құрылысы мен салыну тарихына тоқталып, маңыздылығын айшықтасақ.
Бірінші, Әзірет Сұлтан мешіті. Бұл республиканың бас имани ордасы болып табылады. Жаһандағы ең көрікті 10 имандылық үйінің қатарына енген. Мешіттің ашылу салтанаты «Астана күнімен» тікелей сабақтас. 2009 жылы құрылысы басталып, 2012 жылдың 6 шілдесінде «Астана күні» мерекесінде Ел Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Орта Азиядағы үздіктер қатарына кіретін бас мешіттің сыйымдылығы – 12 мың адам. Жоба авторлары – Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, Сағындық Жанболатов, ҚР Суретшілер Одағы мен Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Есенғали Ахметов. Жалпы, мешіт атауын Елбасының өзі ұсынған. «Төрт мұнаралы сәнді және сәулетті мешіттің «Әзірет Сұлтан» аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді Елорда да жаңғырады. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар» деген еді Мемлекет басшысы осы мешіттің ашылу салтанатында.
Ендігі кезекте имандылық ордасының ішкі мүмкіндігіне тоқталсақ. Мешіт үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатында дәрет алатын орын, екі неке қию залы мен 500 адамға арналған асхана бар. Екінші қабатында ерлерге арналған намаз оқу залы, ал үшінші қабатында имамдар бөлмесі, діни бағдарлама түсіретін студия, діни-рухани сайт әкімшілігі мен әйелдердің намаз оқитын залы орналасқан. Одан бөлек, діни сауат ашу курсына арналған зал мен кітапхана қоры жайғасқан. Сондай-ақ мешіттегі құнды дүниенің бірегейі – Елбасы сыйға тартқан қос бірдей Құран кітабы. Әуелгісі «Күміс Құран», кейінгісі салмағы 40 келі тартатын көне Құран. Бір сөзбен айтқанда, республиканың бас мешіті Елорда төріндегі «Бейбітшілік және келісім», «Тәуелсіздік» сарайлары мен «Қазақ елі» монументі сынды айбынды нысанмен іргелес орналасқан.
Екінші мешіт – «Нұр Астана». 2002 жылы құрылысы басталып, 2005 жылы пайдалануға берілген. Жалпы сыйымдылығы – 10 000 адам. Бұл имандылық үйі Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Тәнидің қайтарымсыз сыйы ретінде бөлген қаржысына тұрғызылған. Ал жобасын ливандық Чарльз Хафиза жасаса, мешіт құрылысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы болып табылады. Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан «Нұр Астана» мешітінің алтынмен апталған бас күмбезінің биіктігі 43 метрді құрайды. Ішкі қабырғалары жартылай табиғи мәрмәрмен көмкерілген. Басты ерекшелігі – ішкі әрлендіру жұмысына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысқан. Безендіру және көркемдеу жұмысының авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов.
Ал үшіншісі – «Ырыскелді қажы» мешіті. Жақында ғана, қасиетті Рамазан айы қарсаңында Астана қаласының Сарыарқа мөлтекауданынан ашылған жаңа мешіттің стилі айрықша. Басты ерекшелігі – жасыл технологияға негізделіп бой көтерген. Имандылық үйі күн энергиясы арқылы жұмыс істейді. Жобаның авторы – Сағындық Жанболатов. Ол –«Мәңгілік ел» триумф аркасы мен «Әзірет Сұлтан» мешіті жобасының авторы. Астананың 20 жылдығы қарсаңында бой көтерген имандылық ордасының шартты атауы – «Алланың гүлі». Қос қабатты мешітте 750 адам құлшылық жасауға мүмкіндігі бар. Егер төбесінен қараса, жаңа мешіт гүлге не гаухар тасқа ұқсайды. Жалпы бұл Астана қаласынан ашылған тоғызыншы имандылық үйі. Жоғарыда атап өткендей, бұл мешіт күн көзінен қуат алатын баламалы энергиямен қамтамасыз етілген. Әзірге электр қуатын күн сәулесінен алатын бұл құтхана Қазақстандағы жалғыз, әлемдегі үшінші мешіт саналады. Бұған дейін мұндай рухани орда алғаш рет Дубайда, сосын Қытайда бой көтерген.
Қорыта айтқанда, Есілдің жағасында бой көтерген еңсесі биік Елорда көз алдымызда көркейіп келеді. Сән-салтанаты келіскен ғимараттар саны артуда. Жыл сайын жаңарып, күн сайын көркейіп келеді. Осыдан 20 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, шаһардың айшықты сәулетке толы ғимараттармен толыға түскенін аңғаруға болады. Осы тұста, қаланың қақ ортасынан орын тепкен қасиетті құтханалардың елге берер тәлімі мен имани тәрбиесі мол болмақ.

Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ,
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің
бірінші найб имамы.
03 шілде 2018 ж. 1 161 0