№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Германия – дамудың дара жолы

Германия – дамудың дара жолы

«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу». Бұл Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған озық ой.


Рас, алпауыт елдермен бәсекеде бізге көшбасшылардың көреген саясаты, тың тәжірибесі ауадай қажет. Осындай межелі мақсатты жолға қойып, оқырманға озық ел турасында татымды ой салу үшін кезекті назарды Германияға бұрдық. Олай болса, танымал елдің тіршілігін, дамудағы дара жолын бірге бағамдалық.
Шыны керек, орталық Еуропада орналасқан Германияның негізгі табыс көзі болып табылатын машина жасау технологиясымен танысу, одан қалды көрген көзді еріксіз жаулайтын табиғаты һәм туризмі жайында білу, қоршаған ортаға деген қамқорлығына шолу жасамас бұрын немістердің қалай отыз елге табан тірегенін таразылап көрелік.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша және табыс көзінің жоғарылығынан алманиялықтар Еуропада бірінші сатыда болса, халықаралық тізімде үздік ондықта тұр. Яғни экономикасы қуатты, өндірісі өркен жайған, шаруашылығы шалқыған мемлекет. Осы себеппен және Экономикалық ынтымақтастық және Даму ұйымының сараптау ұйғарымымен немістер отыз елдің алтыншы сатысынан ойып орын алған. Осыдан-ақ, алтыншы сатыны алқымдаған алпауыттың күшінің қуаттылығын бағамдауға болады.
Негізінен, немістерді көш басына сүйреп отырған негізгі әрекет – инновациялық индустрияның өркендеуі. Оған автомобиль және оның қосалқы бөлшектерін жасау, коммерциялық техника, электротехника мен химия өнеркәсібі, ауылшаруашылығы және дәрі-дәрмек өндірісі анық мысал бола алады. Күнделікті тіршілікте, бас ауырып, балтыр сыздағанда ішетін «Аспирин» таблеткасын ойлап тапқан да осы ел. Одан бөлек, қазақстандық мия арқылы түрлі шөптесін дәрілер мен сан түрлі препараттарды өңдеп, шетелдерге қомақты қаржыға экспорттап отырған да немістер. Хош. Енді машина жасау технологиясына ойысалық. Қалың қазақтың екіден бірі мініп жүрген «BMV», «Mercedes», «Opel», «Volkswagen, «Porsche», «Ford-Werke GmbH» автокөліктері баршаңызға таныс болар. Сүйегі берік, сапасы мықты темір тұлпарларды түгелімен немістер ойлап тапқан. Сондықтанда, бұл мекеннің басты бренді – автокөліктерінде. Біз Штутгарт қаласындағы «Mercedes-Benz» музейінде назар аударалық. Кез-келген туристі құшағын жая қарсы алатын виртуалды әлем арқылы 3D форматтағы зауыт музейінде кіргеннен-ақ, немістердің фантазиясына, шеберлігіне, ой ұшқырлығына тәнті болдық. Неткен ғажайып десеңші! Ғаламның сұлулығы бейнеленгендей жанды құбылыс. Бренд көліктің сұлу да көз тартатын түрлі маркаларын айтпағанда, әрбір бөлшегі автоматты түрде роботтармен құрастырылып жатыр. Яғни машина жасау технологиясы заманауи стандартқа негізделген. Мұндай таңғажайыптан соң Дрездендегі Volkswagen зауытымен де таныстырып көрелік. 40 метрлік шыны мұнарадан салынған бұл кешен автомашина жасау зауыты ғана емес, германдық сәулет өнерінің ең озық туындысы. Мұндағы көше тазалайтын Volkswagen Phaeton лимузиндерінің көркі көзді жаулайды. Жасанды интеллекттің жемісі, неміс көшелерін небәрі санаулы минут ішінде көшені қоқыстан арылтып, су сеуіп, жуып шығады екен.
Жалпы, Еуропалық Одақтың автомобиль өндірісінің 35,6 пайызы германдықтарға тиесілі. ХХ ғасырдың ортасынан бастап Германия еуропалық автокөлік өндірісінде көшбасшы болды және қазіргі уақытта Қытай, Жапония мен Құрама Штаттардан кейін әлемде төртінші болып табылады. Тұрғындардың 70 пайызы атакәсіптен нәпақа тауып, тіршілігін дөңгелетіп отыр. Осыдан-ақ, орталық еуропалықтардың өндіріс өнеркәсібінің бізден әлдеқайда алда екенін түсінуге болады.
Бұл ғана емес, алманиялықтардың айта берсек таусылмайтын тамашасы көп. Менмін деген Аугсбург, Бонн және Бремен, Эрфурт, Фрайбург, Гейдельберг және Любек қаласы – сөзсіз сұлулығымен ғана емес, таңданарлық табиғатымен, мінсіз тазалығымен көрген көзді еріксіз жаулайды. Яғни, германдық туризмнің негізін қалап отырған негізгі күш осынау көлік зауыттары мен сұлу мегаполистері. Енді ат басын ауылшаруашылығына бұралық. 356,96 мың км квадраттық жерді мекен еткен алманиялықтардың жерінің 80% -дан астамын ауыл шаруашылығына және орман шаруашылығына қолданатынын білдік. Әлемдегі ең табиғатқа жанашыр, қорғаушы халықтың бірі болған немістер орманды жойып емес, керісінше ағаш егуді көбейту арқылы табиғатқа қамқорлықпен бизнес жасап отырған жайы бар. Бұл сөзімізге Рейн және Майн қаласының бойындағы оңтүстік және батыс Германиядағы жүзіммен көмкерілген ұшы-қиыры жоқ алқаптар мен ну орман дәлел бола алады. Орманда өскен жүзімнен шарап пен сыра шығару арқылы дүниежүзіне экспорттап, ел қазынасын көбейтіп отыр.
Ал, агроиндустриясы асыл тұқымды сиыр бағып, сүт өндіру, экспорттау. Сондай-ақ, құс, жарма, картоп, бидай, арпа, қырыққабат және қант қызылшасын егуді жолға қойған немістердің ауылшаруашылығы да ауыз толтырып айтарлықтай.
Экономикасын қуаттандырып тұрған келесі сектор – табиғи қазба байлықтарын игеру. Қара және түсті металлургия, биоотын өндіруден көш бастайтын Германияға әлемдегі мұнай қорының 35 пайызы тиесілі. Ал табиғи газ қоры 20,5 пайызды , тас көмір 12,6 пайызды құрайды. Осы орайда, германиялықтардың Қазақстанға енгізіп жатқан биоотынын айта кету керек. Яғни экологияға жанашыр болып табылатын немістер табиғи отын арқылы дүниежүзілік саудаға айналысып, өзге елдерге көмек көрсетуде. Айта кететіні немістер бұған дейін жанар-жағар майымен жүретін көліктер шығарса, соңғы 5 жылдың көлемінде экологияға зиянсыз, электрленген автовөліктер шығаруда. Қазірдің өзінде, Азиялықтар мен еуропалықтардың арасында сұранысқа еніп жатқан зиянсыз көліктер шетелдерде қолданыста жүр.

Түйін. Немістердің қуаттылығының себебі сан түрлі. Негізгісі сол, жоғарыда таразыланған талдаулар. Қашанда өркениетінің күштілігімен көптен дара шығатын алпауыттың әлі біз білмейтін құпиясы қаншама. Десе де, озық отыздыққа енудегі негізгі критерийін анықтадық. Ал, Қазақстан сынды жан-жақты дамушы мемлекет үшін Германиядай алып алпауыттың тың тәжірибесі аса қажет-ақ...

Ханзада ДОШАН.

22 маусым 2019 ж. 851 0