Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЗОР МІНДЕТ

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЗОР МІНДЕТ

  Әлем цифрланып барады. Бүгінде өркениетті елдерде кезекте тұрып, қызмет алу үрдісі жоқ. Бәрі электронды қызмет түріне жүгінеді. Бұл үрдіс бізде де басым бағыт алды. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында қызметтің бұл түрін Шолпан Сәруарова үйлестіреді. Сондықтан маманның бір күндік жұмысын бақылаған едік.


14 маусым. Таңғы сағат 8.30.
Бұл уақытта жұмыс бастала қоймаған болар деп едім. Олай емес екен. Мен барғанша Шолпан Сәруарова халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын болғандықтан ұзын-сонар кезекте тұрған тұрғындарды қабылдау үстінде екен.
Қызметке жүгінушілерге сыпайы жауап қатып, шаруаларын тиісінше бітіріп, келе­сі қызмет түріне жолдап отырды. Осы орайда артта өз кезегін күтіп тұрған орта жастағы апаға көзім түсіп, келген беттегі шаруасын сұрадым.
– Қызым, мен мұнда жеке үйімнің құжаттарын дайындағалы келдім. Бұрын түрлі кабинеттерді аралап бітпейтін кезек­те тұрсақ, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ашылғалы бар жұмысымыз осы орталықта демде реттеліп, ең бастысы алтын уақытымызды сәл де болса үнемдеп жүрген жайымыз бар, – дейді Аманкүл апа.
Бүгінде көпшіліктің ықыласына бөлен­­ген білікті маманға арнайы келіп, құжат дайындау барысындағы өзекті мәсе­лелердің реттелу жолдары қандай екенін білуге келген кісілер тарапына да куә болдық. Бұл дегеніміз, мекеме жұмысының жүйелілігімен қатар, қызметкердің әр іске жауап­кершілікпен қарайтындығының бел­гісі.
Сағат 11.00
Әр адам әр түрлі. Бірі құжат дайын­даудың реттілігін түсініп, қажетті құжат­тарын ұсынып, жұмысын бітіреді. Енді бірі байыбына бармай, айқай-шу шығаруға бейім болады. Осындайлардың көңілін табуға әбден машықтанған өз ісінің шебері сабырға шақырып, жұмысты тиімді бітірудің жолын нұсқайды. Иә, жұмыстың оңайы жоқ. Дегенмен, жасаған жұмысына жауаптылықпен қарап, мамандығын мақтан тұтатын Шолпан жүздеген тұр­ғын­дардың сапалы қызмет алуына мүд­делі қызметкер. «Кісінің көзіне көзің түссе, мейірімі түседі» демекші, көзінен мейірімділік, сөзінен сыпайылықты бай­қадық.
– Мектепті бітіре салып, Шымкент мемлекеттік университетінің заң факуль­тетіне оқуға тапсырып, ойдағыдай бітіріп, аудандық «АХАЖ» бөліміне жұмысқа орна­ластым. Одан соң 2009 жылы енді жұмысын бастаған осы орталыққа жұмысқа қабылданып, міне, содан бері осы қызметті абыроймен атқарып келемін. Бұл орталықтың ашылуы – еліміздегі саяси ин­тегра­цияның нышаны. Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын, халық­тың да сұранысы арта береді. Сол себепті халыққа құжат мәселесін жөндеуде осындай қызмет көрсету орталықтарының көптеп ашылуы заңды құбылыс, – дейді Шолпан Сәруарбекқызы.
– Шолпан әріптестер арасында ең көңіл­дісі, қашан көрсеңде күліп жүргені. Дауыс көтеріп, қабақ шытқанын көрген емеспін. Сол үшін де болар, әр тұтынушы оны арнайы іздеп келеді. Дегенмен, уақыты болмаса да өзін іздеп келгендердің тірлігін бітіріп, көмектесуге дайын тұрады. Сонысымен әріптестер арасында беделді, жауапкершілігі мол, қызметіне адал жан, – дейді халыққа қызмет көрсету орта­лығының басшысы Сермахан Оразгелдиев.
Бұл орталыққа әркім белгілі бір мәселенің шешімін іздеп келеді. 742 қызмет түрін көрсететін 30 маманның қайсысына барсаңыз да жылы қарсы алып, жұмысыңызды бітіруге даяр тұрады. Өйткені қойылған басты талап осындай. Осындай талап үдесінен шыға білген Шолпанның қасында тұрған телефоны шырылдай жөнелді. Қызмет бабына байланысты сөйлескені байқалып тұр. Телефон шалғаныңызға рахмет, ұсы­нысыңыз қабылданды деді де тұтқаны қойып, жұмыс үстелінің шетінде тұрған бір папка қағазды алып толтырды да әріптесіне қарап, осы жұмысты тиянақты етіп тындыруды тапсырды.
Сағат 13.10
Осылайша бір минут бос уақыты болмайтын өз ісінің маманымен түскі үзіліске шығысымен, осы саланың артықшылықтары мен ерекшеліктері жөнінде сұрақ-жауап жүргіздік.
– Жұмысыңыз тым қиын емес пе?
– Халықпен жұмыс жасаған ұнайды. Ең бастысы кәсібімді жақсы көремін. Елба­сымыз айтқандай, «Басты байлығымыз – халықтың қамы мен жағдайын жақсарта түсу» жолында қызметімді көрсетуден еш аянбаймын. Халыққа сапалы, һәм мәдениеттi қызмет көрсетуде орталықтың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi мен бағыт-бағдарында көңiлге қонымды iстер жасау басты міндетіміз.
– Жаңа өз сөзіңізде айтып өткендей азаматтардың құжатын қабыл­дау мәселесінде немесе уақытын үнемдеуде қандайда бір жағдайлар бар екенін айттыңыз. Сол жөнінде тоқталып өтсеңіз?
– Атап айтар болсақ, «Электронды үкімет» бағдарламасындағы электрондық қызметтер, яғни түсінікті тілмен е.gov.kz сайтындағы жаңашыл істер алға басуда, яғни халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлері соның ішінде автоматтандырылған. Азаматтар өз үйінен шықпай-ақ интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пай­далана отырып, электрондық анық­тамалар мен басқа да электрондық қызмет түрлерін осы аталған порталдан ала алады. Айтқым келгені «Электрондық үкіметті» қолданудағы мүмкіншілік зор. Егер е.gov.kz сайтын пайдалануда мағлұмат аламын десеңіздер кез келген қызметкеріміз жауап беруге дайын.
– Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үкімет тарапынан көптеп көңіл бөлінуде. Құжат дайындауда осындай жандарға қандай да бір жеңілдіктер бар ма?
– Сіздің бұл сұрағыңыз өте өткір мәселелердің бірі, қазіргі уақытта мүге­дектерге қызмет көрсету ең алдыңғы кезекте тұр. Біздің орталыққа мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен азаматшалардың отбасы мүшесі, туыстық қатынасын білдіретін қамқоршысы не жақындары және т.б адамдар Call-орталыққа (Рес­публиканың барлық аумағында барлық абоненттер үшін тегін болып табылатын) 1414 нөміріне хабараласып, арнайы өтініш қалдыруға болады. Ол жерде отырған мамандар біздің облыс орталығындағы ХҚКО-на хабарласып өтінім нөмірін береді. Сол өтінім бойынша біздің қызметкерлері барып қызмет көрсетеді. Сәл ғана уақыт бұрын сіз сондай істердің біріне куә болдыңыз (жымиып қана күліп, жоғарыда телефон шырылдаған кездегі оқиғаны есіме салды)
– Халықпен тығыз байланыста болған соң тұрғындардан арыз-шағым түсетін болар?
– Егер азаматқа қызмет сапасыз көрсе­тілген болса, ХҚКО-да тұрып-ақ 1414 нөмірі бойынша қоңырау шалуына болады, ахуалдық орталықтың мамандары қоңырау шалушыны камера арқылы анықтайды және оны бақылай отырып, жедел түрде шағымның мән-жайын анықтап қана қоймай, қызметтің соңғы нәтижеге дейін жетуін қадағалап, себептерін жою үшін шаралар қабылдайды.
Осылайша ХҚКО-на күнде келе бермей­тінімізді білген соң, аудан тұрғындары үшін керекті деген мағлұматты ала алдық деп ойлаймын.
Таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейінгі жұмыс уақытысы арасында түскі үзіліс кезінде ғана бізбен сөйлесуге уақыт тапқан Шолпан Сәруаровамен өткен бір күнім, қызыққа толы мың күніме татып, көрген-білгенімді қағаз бетіне түсіру үшін редакцияға қарай жол тарттым.

Лаура БИБАСАРОВА.
18 маусым 2019 ж. 957 0