№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК ИЕСІ

МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК ИЕСІ

Жастардың әскерге бармауының басты себебі – денсаулығының сыр беруі. Әсіресе, бел омыртқасының ауруы, грыжа, нерв жүйесінің бұзылуы, әлсіздік сынды ауру түрлерінің кесірінен кейбір жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге қауқарсыз. Ал, аға буын мен егде тартқан қарияларда церебральды қан айналымы жеткіліксіз болуы, яғни, инсультқа ұшырауы жиілеп барады деп дәрігерлер дабыл қағуда. Міне, осындай ауру түрлерімен күресіп, алдын алу және емдеу жолында табанды еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың еңбегі зор. Оларды «невропатолог» мамандар деп атайды. Медицина қызметкерлерінің мерейлі мерекесі қарсаңында невропатолог-дәрігер Жанна Срайылқызының қызметін сөз етпекпіз.


Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Жанна Искендирова №163 мектепті тәмамдап, 2001 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне түседі. «Емдеу ісі» мамандығы бойынша 7 жыл оқуды бітіріп, қызмет жолын аудандағы емханада бастайды.
– Менің дәрігер болуыма себепші болған кісі – Мұхтар Әлиев. Әлі есімде мен 4 немесе 5 сынып оқып жүргенде ол кісі үйге қонақ болды. Кетерінде маған бас киімін сыйлап, «келешекте менің ізімді жалғайтын білікті дәрігер бол» деп ақ батасын берді. Міне, сол бала арманмен қанатым қатайып бүгінде осы салада жүргеніме 11 жыл болыпты, – деп әңгімесін бастады.
2008 жылы жұмысқа орналасқан жас маманды басшылық Ақтөбе қаласындағы медициналық университетке бір жылдық оқуға жібереді. Неврология саласы бойынша тәжірибесін толықтырып келген оның қызметіне бүгінде жаңақорғандықтар жоғары баға беруде.
– Сізге бұл қасиет қайдан келді?
– Негізі менің әкемнің інісі Әбіш Искендиров осы салада табанды еңбек еткен жан. Маған сол кісіден жұққан болар, қаннан келген қасиет қой. Ал, әкем мемлекеттік қызметте болған.
Біз бір күндік жұмысымен танысқан Жанна дәрігердің бос уақыты жоқ. Күніне 40-50 емделушіні қабылдап, керекті ем-домын жазып беруден қолы босамайды. Бұл оның таңдап алған сүйікті ісі. Түске дейін емханада, түстен кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде әскерге жастардың жарамдылығын тексереді.
– Аудан бойынша екі невропотолог жұмыс жасаймыз. Кенттің жарты бөлігімен тау беткейдегі ауылдарға Дана Зұлпыхар есімді дәрігер жауапты болса, мен Сыр беткейдегі ауылдарға бекітілгенмін. Қазір барлық сала электрондық жүйеге көшіп жатқандықтан, әсіресе ауылдық жерлердегі емделушілер компьютер арқылы жазылып, жолдама ала алады. Көбіне біздің қызметке жүгінетін жастар.
– Жастар неге аурушаң келеді?
– Ең бірінші себеп, олардың бойында керекті дәрумендер жетіспейді. Кальций препаратының аздығы, сосын ұйқы безінің бұзылуы, уайымнан стресс алу фактісі де аз емес. Яғни, қазіргі жастар көп күйзеліске ұшырайды, бұған түрлі себеп бар. Жалпы алғанда осы жағдайлардың негізгі себебі экологияның әсерінен болады. Бел омыртқасына байланысты ота жасатып жатқан жандар аз емес.
Сондай-ақ, дәрігердің айтуынша биыл ауа райының құбылмалы болуы аурулардың қозуына әсер етуде екен. Әсіресе, инсульт пен бас ауруы, қан қысымы жиілеген. Дәрігердің сөзінше, қан қысымын қалыпты ұстау үшін біріншіден, жейтін тағамның көлемін шектеу керек. Салмақтың артуы кезінде қан тамырының қысымы жоғарылайды, бұл жүректі салмақпен жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Екіншіден, пайдаланатын майдың көлемін, үшіншіден, тұзды шектеу керек. Өйткені, тұз ағзадағы сұйықты бөгейді. Төртінші, шылым шегіп, ішімдік ішу де өте зиянды.
Иә, кез-келген сырқаттың алдын алып, оның асқынуын тежеуге болады. Ең бастысы, денсаулыққа бей-жай қарамай, саламатты өмір салтын ұстанып, дәрігер қаралуынан уақытылы өтіп тұрғаны абзал. Сондықтан, аудандағы өндіріс ошақтары келісім-шартқа отырып, қызметкерлерді тексеруден өткізіп тұрады екен. Міне, осындай аурулардың алдын алу, оңалту шараларын жүргізу Жанна Срайылқызының міндеті. Осындай қажырлы қызмет ескерусіз қалмады. Бірнеше рет марапат биігінен көрінеді. Облыс әкімінің алғысына да бөленіп үлгеріпті. Бүгінде 4 ұл-қыздың анасы атанған дәрігердің жары құқық қорғау саласында қызмет жасайды.
Міне, осындай тынымсыз, әрі жауапкершілігі жоғары саланы еңсеріп, ел үшін еңбек етіп жүрген ақ халаттылар да бар екенін ұмытпауымыз керек.

Әли ТЕМІРБЕК.

15 маусым 2019 ж. 986 0