№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА: ЖАҺАНДЫҚ ҮДЕРІСТІҢ ЖАҢА ЖОЛЫ

ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА: ЖАҺАНДЫҚ ҮДЕРІСТІҢ ЖАҢА ЖОЛЫ


Бүгінде әлемдегі төрт үлкен трендтің бірі – интернетте сауда жасау тәсілі. Дамыған елдерде қара базардың күні өтіп бара жатыр. Бір ғана АҚШ жастарының 70 пайызға жуығы интернет арқылы сауда жасап, әрі осы онлайн-бизнеспен өзінің кәсібін дөңгелетіп жүр. Ал, елімізде ғаламтор арқылы сауда жасау, бизнес ашу ұғымы енді қалыптасу үстінде. Бұл бағыттағы жұмысқа серпін беру үшін мемлекет биылдан бастап тамаша мүмкіндік жасауды қолға алды.
Яғни, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа салық кодексіне сай, электронды сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін бірқатар жеңілдік қарастырды. Жаңа кодекстің жай-жапсарын білмек мақсатта Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы Серікболсын Сайымбаевты сөзге тарттық. Оның айтуынша, жаңа өзгеріске сай интернет-дүкендер мен интернет-алаң арқылы сауда жүргізетін заңды тұлғалар корпоративті табыс салығынан, ал дара кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылады.
– Елімізде интернет сауда арқылы табыс тауып отырғандардың саны күн сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде қаржы және уақыт үнемділігіне тиімді. Ендігі кезекте мемлекетте осы салаға үлкен қолдау көрсетуді қолға алды. Ол үшін электронды алаңда сауда жасайтындар табыс салығынан жеңілдік алу үшін үш шартты сақтайды. Бірінші, есеп айырысу қолма-қол төлемсіз жүргізіледі. Екінші, сатып алушымен келісім онлайн тәртіпте жасалуы керек. Үшіншіден, кәсіпкердің тауарды тасымалдауға, салып жіберуге және жеткізіп беруге құзыретті өз қызметі болуы керек. Немесе осындай қызметті жүзеге асыратын тұлғамен келісім шарты болуы тиіс. Бұл талаптар кәсіпкерге интернет алаңында өз бизнесін заңды жүргізуге мүмкіндік бере отырып, сатып алушының да мүддесін қорғауды көздейді – дейді басқарманың жетекші маманы.
Сондай-ақ ол жеке тұлғалармен жасалған электрондық саудада тапқан табысы жылдық жиынтық табыстың тоқсан пайызынан кем болмауы тиіс екендігін жеткізді. Және де Серікболсын Сайымбаев электронды саудамен шұғылданатын кәсіпкер аталмыш жеңілдіктерді пайдалану үшін жеке кәсіпкер не заңды тұлға ретінде тіркеуде тұруы керектігін мәлімдеді.
Хош. Электронды сауданың әлемдік нарықтағы әлеуетіне тоқталсақ. Дамыған елдерде бұл үдеріс келешекте дәстүрлі сауда саласын түбегейлі өзгертеді деп күтілуде. «Атамекен» ҚР ҰКП сарапшыларының мәліметінше, «Alibabа Group» компаниясның жылдық табысы 15 млрд АҚШ долларын құраса, «eBay» табысы 8,5 млрд АҚШ доллар, «Amazon» сауда айналымы 107 млрд долларға тең екен. Ал, Қазақстанда электронды сауда дегенде банктік транзакциясыз жүзеге асырылатын тауарлар мен қызметтер түсінігі қалыптасқан. Негізі әлемдік тәжірибеде онлайн саудада электронды қаражат айналымы, ақпарат алмасу, сақтандыру қызметі, банкинг, маркетинг жүйесі кіреді. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 1000-нан астам интернет дүкен бар. Жаңашыл жүйені игілігіне пайдаланушылар арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Екінші Астана, үштікті Қарағанды қорытындылаған. Осылайша, интернеттің мүмкіндігін пайдаланған тұтынушылар уақытын үнемдеп, ауылда отырып сауда жасауда.
Түйіндей айтқанда, интернет дүкенде қара базардағы секілді ала жаздай күн ыстықта не қытымыр қыста бүрсең қағып далада тұрмайсыз. Тек жеке-жеке тауарыңызды суретке түсіріп, оны сипаттап, сайт не желі арқылы тұтынушы назарына ұсынасыз. Жарнамаңыз желдей есіп, танымал сайтқа айналсаңыз күніне 10-20 мыңдап клиент кіреді. Болмағанда оның 20-30-ы тапсырыс береді. Ал, базарда сенбі, жексенбі сауда қызғанымен алушылар саны аз. Сондықтанда жаһандану үдерісінде ғаламтор игілігін пайдаланып, бизнесті бәсекеге бейімдесек әлемдік нарыққа шығатында мүмкіндік туады. Яғни, электронды сауда-саттық–бүгінгі күннің белесі. Бағындыра білсеңіз, бұл кең жолақты интернет сіздің де кәсібіңізге жарап қалады.
17 ақпан 2018 ж. 1 826 0