№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауған соғысына–30 жыл: ОҚ ПЕН ОТТЫҢ ОРТАСЫНАН ОРАЛҒАНДАР

Ауған соғысына–30 жыл: ОҚ ПЕН ОТТЫҢ ОРТАСЫНАН ОРАЛҒАНДАР


Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Бұл майдан енді есейген бозбалаға бауырдың жақындығын, жүректің батылдығын, бейбіт күннің қадірін білуге ұғындырды. Әрине, арада отыз жыл уақыт өтсе де отты жылдар салған жүректегі сызат әлі жазыла қойған жоқ. Бүгінгі таңда өмірін оқ пен оттың арасында өткізген Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған? Әлде тек ақпан айында ғана салтанатты шараға шақырып, қалған уақытта елеусіз қалуда ма? Мектепішілік кездесулер шеңберінде ғана шектелуде ме? Бұл жөнінде біз Ауған соғысы ардагерлерімен тілдесіп, қандай қолдау шараларына зәру екенін білдік.

Әуелі Ауған соғысының тарихына аз-кем тоқтала кетсек. Шынында бұл соғыстың көздеген мүддесі не еді? Он жыл бойы қан төгілгенде түпкі мақсатына жетті ме? Әрине, жоқ. Өйткені, бұл – бір елдің ішкі саясатына басқа елдің араласуынан туындаған майдан. Асыл ерлерді құрбан еткен – олардың интернационалдық борышы дедік. Ал, ақиқатында тарих бедерінде саяси ойын мен бейтарап мүдделердің құрбандары ретінде есте қалды. 10 жылға созылған кескілескен соғысқа Қазақ жерінен 22 269 адам қатысып, оның 761-і қаза тапты. Жалпы, Сыр өңірінен Ауғанстанға интернационалдық борышын өтеуге 821 сарбаз аттанды. Оның ішінде, 80-ге жуығы Жаңақорған ауданынан. Қазіргі таңда ауданда 46 ауған соғысы ардагері бар. Кезінде батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестерге құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың борышы. Жастық шағында жат ел үшін қан кешкен қандастардың ахуалын біліп, жағдайын сұрадық.
Аудандағы байырғы жауынгерлердің басын қосып, сан түрлі кездесулер мен әскери патриоттық шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүрген «Жаңақорған аудандық Ауғанстан ардагерлері және патриот жастар» қоғамдық бірлестігі бар. Төрағасы, ауған соғысының ардагері Қуаныш Абилакимов. Ол Ауғанстанның «Гүлхана» қаласына қарасты «Умаль» қышлағында интернационалдық борышын өтеген.
– Қоғамдық бірлестік құрылғалы аудан жастарының патриоттық сезімін оятып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге деген ынтасын арттыру бағытында белсенді жұмыс жасап келеміз. Аудандық ішкі саясат бөлімі, білім бөлімі, қорғаныс істері бөлімімен бірлесе отырып, жеткіншектермен кездесу өткіземіз. Әскери-патриоттық сайыстар ұйымдастырып, үздік оқушыларды анықтаймыз. Одан бөлек, жыл сайын ауған соғысының ардагері, жерлес Мұхтар Нарымбетов пен Әділ Қадіровты еске алуға арналған аудандық турнир өтеді, – дейді Қуаныш Абилакимов.
Сондай-ақ қоғамдық бірлестік төрағасы қазіргі кезде аудан жастарының әскери борышын өтеуге деген ынтасы төмен екенін жасырмады. Әскерге аттанған жастар арасында өзге аудандармен салыстырғанда көрсеткіш көңіл көншітпейді екен. Осы тұста, Жастар жылы аясында жағымды жаңалығымен де бөлісті.
– Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын жетілдіру үшін «Жас сарбаз» қозғалысын құруды тапсырған болатын. Жақында ғана, ҚР Қарулы күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдер қозғалысының төрағасы Мұхамеджан Таласов биыл елдегі барлық мектептерде «Жас сарбаз» әскери мамандандырылған сыныптары ашылатынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге тамаша мүмкіндік болары сөзсіз, – деді Қуаныш Мұсаұлы.
Тілдесу барысында қоғамдық бірлестік төрағасы Қуаныш Абилакимов аудандағы 46 Ауған соғысының атынан ұтымды ұсынысын жеткізді. Жасыратыны жоқ, майдан даласында жүріп жерлес жауынгерлер жарақат алып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан соққы алды. Бүгінде жасы үлкен ардагердің алды 60-қа келсе, қалғаны 50 жасты еңсергендер. Ендігі кезекте, ардагерлердің бір тілегі – жыл сайын ең кемі 4-5 Ауған соғысы ардагерлеріне санаторияға ем қабылдауға жолдама берілгенін қалайды. Мұндай ұсынысты Ауған жерінде БТР жүргізушісі болып, жарақат алған, ІІІ-топ мүгедегі Парман Ахметовте қолдайды. Оның айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі арқылы шипажайда тегін ем қабылдаған. Десе де, кейіннен бұл қамқорлық тоқтап қалған.
– Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Бүгінгідей бейбіт елімізде қашанда тыныш заман орнасын. Жаратқан осы берекемізді арттырып, ынтымағымызды берік қылсын. Әр жылы ақпан айында құрмет көрсетіп, патриоттық шаралардың төрінен табылып жатамыз. Өскелең жеткіншектерге Отанды сүюді насихаттап, елдіктің қадірін білуге үндеп жүреміз. Десе де, майдан даласынан шыққалы отыз жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында қаншама жауынгер қаруластардың денсаулығы сыр беріп, бұрынғы жарақаттардың қайта мазалап жүрген жайы бар. Сондықтан жоғары биліктегілер Ауған соғысы ардагерлеріне де бір назарын салып, санаториялық сауықтыру орындарына ем қабылдауға жолдама берсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Ауған соғысының ардагері Парман Ахметов.
Әрине, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдау жоқ емес, бар. Ауған соғысы ардагерлері Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген. Әлеуметтік көмек алушы ретінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөліміне тіркелген. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесінде 72 мың теңге көлемінде бір реттік көмек қаржы алады. Оған қоса, айына 15 мың теңге жәрдемақы мен салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Түйіндей айтқанда, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған жас сарбаздар осынау үлкен саяси ойынның бел ортасынан табылды. Оған қоса, мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, қаншамасы жарақатпен оралды. Бір сөзбен айтқанда, оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер үшін Ауғанстан жазылмас жан жарасына айналды. Сондықтанда жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі етуіміз керек.

Әбдісамат ӘБДІШ.

09 ақпан 2019 ж. 5 700 0