№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»: МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ...

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»: МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ...

   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі мүдде-мұраты азат ойлы, ата-бабаның аманатына адал ұрпақ қалыптастырып, бәсекеге қабілетті етуді көздейді. Яғни, қазақтың қадірімен, қасиетін қайтаруды өзек еткен. Бірақ, мұны біз дұрыс түсініп жүрміз бе?


   Ең бірінші, құлдық санадан арылудың амал-шарасынан бастау қажет-ақ. Ол үшін ұлттың рухын асқақтату басымдыққа ие болуы тиіс...
Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ас беріліп, той өткізу сәнге айналды. Семинарлар мен дөңгелек үстелдер, концерттер мен кештер ұйымдастырылуда. Алайда, барлығы бірдей жастарды рухтандырып, өз-өзін тануға, тарихи санасын оятуға ықпал етпейтіні анық.
Әрине, аудандық мәдениет үйі ұйытқы болған мәдени-рухани шараларында заманауи элементтер көрініс тауып, ізденісін байқатып жүр. Кейбір ауылдық клубтар, мектептер мен балабақшалардың талпынысы құптарлық, тәлімдік тағылымы бар...
Дегенмен, аудан көлемінде өтетін шаралар есепте болғанымен, барлығы бірдей сапалы дей алмаймыз. Көрерменсіз өтетін шаралар да бар. Әділ қазы алқасында да бұра тартушылықтар жоқ емес. «Өзімізде қалсын» деген пиғылды аңғарып та жүрміз.
Баяғы ескі сарың. Жаңашылдық, креативті көзқарас жетісе бермейді. Кейде қордаланған мәселелерді шешуге ұлттық деңгейде қарай алмай, сөз жүзіндегі бастамадан басқаға қабілет танытпай, шешім қабылдауда жалтақтайтынымыз рас...
Бұл – рухани жаңғырудың жолы еместігі ақиқат...
Алдымен, «Рухани жаңғырудың» мәні мен мазмұнын, нарқы мен парқын түсініп алған абзал секілді.
Ол – ұлтты отарсыздандыру саясатына бағытталып, ұлттық намысты оятуы қажет.
Ол – елдің иесі, жердің киесі екенін сезіндіріп, «Мәңгілік Елдің» тұтқасы, тұғыры екенін ұғындыруы тиіс.
Ол – мемлекеттік мүдденің арқауы татулық пен тұрақтылықта екенін түсіндіру керек.
Міне, кез-келген шарада осындай мақсат-мұрат болмайынша құлдық санадан арыла алмаймыз, тіпті, жастарды да құлдық санамен уландырып, ертелі-кеш күйреудің жолына түсеміз...
Ендеше, «Рухани жаңғыруды» той-жиындармен байланыстырмай, формалды шаралар ретінде қарамай, бағдарлама аясындағы бастамалар ұлтты отарлық санадан арылтатын деңгейде ұйымдастырылуы тиіс-ақ.
Екіншісі, жік-жікке, жер-жерге, ру-руға бөлінбей, елдік сана деңгейінде ойлайтын кезге келдік.
Жалпы, біздің рулық-идеялық құрылым біздің мақташымыз. Ғасырлар бойы хандық жүйені әкімшілік-территориялық басқарудың ұтымды әдісі-тұғын. Мемлекеттік мүддені бір арнаға тоғыстырып, бірлікке бастайтын жүйесі-тұғын. Бірақ, үрдістен жаңыла бастадық. Ру-рудың батыры мен шешенін түгілдеп, бөліп алып, тар ауқымда мақтанатын болдық. Қазір ру-рудың бір-бір Президент сайлап алып, жік-жікке бөлінгенін көріп, біліп, естіп жүрміз. Әрине, ағайын-туыстың той-томалағы мен өлім-жетімінде қажет болар. Бірақ, саты-сатыда, құрылым-құрылымда рулық мүдде араласпауы тиіс...
...Оған себеп не? Тағы да құлдық сана. Кезінде патшалық Ресей алашты бір-біріне айдап салып, әбден әлсіретіп, құлдықтың қамытына құрықтап, ғасырлар бойы езгісіне алды. Бұл – тарихи шындық...
Саясаттанушы Айдос Сарымның сөзінше, қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады. Ру тарихы – қазақ тарихының құрамдас бөлігі. Оны зерттеу, білу бөлінуге емес, бірігуге итермелеуі тиіс. Себебі ру о бастан бөліну үшін емес, бірігу үшін құралған қоғамдық институт. Расында, рудың қазақ тарихы мен болмысындағы рөлін төмендетуге де болмайды. Оны ұлттың құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, әр рудан шыққан батырлар мен билерді, жыраулар мен шешендерді ұлттың ортақ тұлғасына айналдыра білуіміз тиіс. Міне, осыны түсінетін кез келді...
Үшіншісі, қарекетті өзімізден бастаған жөн.
Қалай дейсіз бе?
Жеке куәліктегі «ов» пен «ева», «вич-тен» құтылып, деформацияға ұшыраған, отарлық езгіден сансыраған аурушаң, дімкәс сананы азат етуден бастаған абзал. Одан кейін қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге іс жүсінде атсалысуымыз керек. Немере мен ұл-қызыңызға «папа», «мама» дегісбей «әке» мен «ана» сөзінің парқын түсіндіріп, ұлттық танымдағы сөздермен рухын байытуға мән берген дұрыс. Тіпті, екінші деңгейлі банктерден жалақы алғанда немесе төлем төлейтін терминалдарды қолданғанда қазақ тіліне басымдық беру керек-ақ. Бұл – елеусіз іс көрінгенімен маңызы зор, мәні терең қарекет.
Ата-бабалардың рухани-мәдени мұрасын дұрыс тануға бағдарлау арқылы Ұлы даладағы 5000 жыл бойы үзілмеген тарихты жастардың қанына сіңіріп, көкейіне қондыруды жүйелеу керек...

  P.S.: Мұса пайғамбар Мысырда бірнеше ғасыр езгіде болған еврей ұлтын құлдық санадан арылту үшін Синай шөлінде 40 жыл «алып жүргені» талай рет жазылды. Жаһандану дәуірінде бізге 40 жыл уақыт берілмейтіні белгілі. Әлдінің әлсізді жұтып, бір-бірімен ашық бәсеге түскен заманда қабілетті ұлт екенімізді көрсетуден басқа жол жоқ. Енді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына амал етіп, отарсыздандырудың қам-қарекетіне кірісу қажет...

                                                                                                                                              Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
10 қаңтар 2019 ж. 1 703 0