№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЙКЕНЖЕЛІК ЖҰПТЫҢ БАСТАМАСЫ

БАЙКЕНЖЕЛІК ЖҰПТЫҢ БАСТАМАСЫ


Шұғылалы көктем шуағын шашқалы бері, жер-жерде той дүбірі жиіледі. Той десе, қу басы домалайтын қазақ барын киіп, әмиянын алып, тойхана жағалауды бастап кетті. Бірінен-бірі кем түспейді. Дәулеті асқаны барын шашуда, ақшасы азы қатарымнан қалмаймын деп, банктің «қорасына» кіруде. Не керек, сән-салтанаты жарасқан тойдың бәрі бірдей. Көрпеге қарап көсіліп, не қысқа жібім күрмеуге келмейді-ау деп жүрген ешкім жоқ. Шашылсаң, тойға шашыл! Бұл – бүгінгінің ұранына айналды. Хош. Бүгінгі тақырыпқа арқау болғалы тұрған мәселе – той кортеджі.
Бұрындары сенбі-жексенбі ғана шуылдайтын көлік серуені – қазірді апта бойы көшеден көресіз. Айтқалы отырған әңгімеміз көлік серуенінсіз де үйлену тойын керемет өткізуге болады екен. Мұндай тамаша бастаманы байкенжелік Мақсат Әлиев пен Гүлдәурен Алшынбай бастады. Жақында ғана жұптасқан қос жастың бұл игі істері кісі қуанарлық. Бәрін басынан бастасақ. Байкенжелік жас кәсіпкер Мақсат Әлиев наурыз айының басында дүркіретіп той өткізді. Мұны бүкіл Қазақ елі білді десек артық айтқандық емес. Өйткені, қос жұптың жасаған қайырымдылығы әлеуметтік желі арқылы Қазақстанға тарады. Отбасымен ақылдаса келе, «гулянкаға» кететін шығынды тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық акциясын жасауға бекінеді. Осылайша, той күні аудандық орталық мешіт ауласында арнайы «Жақыныңа жәрдемдес» атты сауапты шараға ұйытқы болады. Ізгі істің бізде куәсі болдық. Ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаровтың ақ батасын алып, болашаққа нық қадам басқан байкенжелік жас отау жоқ-жітікке азық-түлік өнімдерін үлестірді. Яғни, тарыққанда не жаман түс көргенде емес, өзінің қуанышты күні үйлену тойында Алланың разылығын іздеп, садақа жасауға себепкер болды. Тұрмысы тұралаған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелерінің барлығы да жас жұбайларға ақ тілегін жаудырды. Дән риза екенін жеткізіп, дәл мұндай істің өскелең ұрпақ үшін берер тәлімі мол екендігін тілге тиек етті. Бұл сауапты істің ең басты ерекшелігі – той уақытылы басталады. Қонақтар жастарды емес, керісінше, жас жұбайлар қонақтарды тойханада күтіп отырады.

ТЕҢГЕНІҢ ЕКІНШІ БЕТІ
Ханзада мен ханшайымдай аяғыңызды жерге тигізбей алып жүретін лимузин мен артынан ілескен он шақты темір тұлпарды жалдау құны аз қаржы тұрмайды. Бұл да бизнестің түрі. Негізгі қозғағымыз келгені – көлік кортеджі емес. Керісінше сол серуендетіп жүрген жастардың ерсі қылығында. Кенттің көрікті жерлері, дария жағасы, «Батыс-Еуропа, Батыс-Қытай» автодәлізі бойындағы автотұрақта би-билеп, ішімдік ішіп, сыра шөлмектерін шашып кетуі. Асфальттанған атшаптырым аумақ аз уақытта бос құты мен бір реттік қолданылатын стакандарға толады. Соңыра, Жаңақорғанның «жағымды» желі ұшырып, айналаны «әсем» көрініске бөлейді. Ал, сенбі күні сол шашылған шөлмек пен қоқыстарды қызметте істейтін тума-туысы тазалайды. Бәлкім, тазалап жүрген жан жас келіннің «қайынатасы», «қайынағасы» болуы әбден мүмкін. Қысқасы, біз тек көлік серуенінсізде той өтетінін тақырыпқа арқау еттік. Бабалардың тілімен айтқанда: «тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар». Десе де, шама-шарқына қарамай, шығынға шаш етектен батып, ұлан асыр той жасау – бұл бүгінгі қоғамдағы тойдың бәсекеге айналғанының бір белгісі екенін айқындайды.
11 сәуір 2018 ж. 1 697 0