№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАДЫМЫЗДА ҚАЛҒАН ЖУРНАЛИСТ

ЖАДЫМЫЗДА ҚАЛҒАН ЖУРНАЛИСТ

Газеттің 85 жылдық ғұмыр-тарихында онда еңбек еткен әрбір қаламгердің қайталанбас қолтаңбасы, өзіндік іздері бар. Басылымның кез келген санын алып қарасаңыз сол кездегі аймақ  өмірінің тыныс-тіршілігін, қоғам мүшелерінің тағдыр-талайын, таным деңгейін айна қатесіз, көз алдыңызға елестетуге болады.
Баспасөз міндеті- халыққа ақпаратты шынайы және жылдам жеткізу. Мұның барлығы сөз өнерінсіз мүмкін емес.
Әр журналистің өз стилі болады. оқырман газетті қолына алып оқи бастағаннан оның авторына қарамай-ақ, «мынау пәленшенің жазған мақаласы» деп тани кететін болса онда оны қолтаңбасы айқындалған қаламгер деуімізге болады. Біз бүгін еске алып отырғанҮсен Әбшенов ағамыз нақ осындай қаламгер болатын.
«Ол кісінің зерек, өзінше ізденіп, үлкен тақырыпқа қалам тартқан жазушы екендігіне өзінің қысқа өмірінде артында қалдырған төл туындылары куә. Өз басым Үсен ағаймен газетімізде аз ғана мерзім бірге қызмет атқарыппыз. Әріптестерінен ерекшелігі, ол аймақтың күнделікті ақпараттарын былай қойып, жан-жақты іздене жүріп халықаралық тақырыптарды қалт жібермей талдау жасап, газеттің кезекті нөміріне ұсынып отыратын. Ол кезде айта беретін алпауыт АҚШ пен СССР-дың арасындағы қарым-қатыныстың жыңғыл-жықпытына дейін терең зерделеп, оған сындарлы көзқараспен сараптама жасай білуге кез-келген журналистің тісі бата бермесі анық. Үсен Әбшенов ағай бұл тақырыпқа еркін қалам сілтеп «Дөңгеленген дүние» айдарымен ұдайы жариялап отырды.
Ол кісімен үзеңгілес қызмет жасап, үлгі-өнегесін көп қөрген әріптесі Құдайберген Ертасов «Қас-қағым ғұмыр ғибраттары» деп аталған естелігінде:
«1986 жылдың жазында Үсекеңнің Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газетіне қызметке ауысуы редакция өміріне үлкен де, оңды өзгерістер ала келді. Әсіресе біздер, жастар жағы өз ортамызда журналистиканың жаңа бір мектебі ашылғандай сезіндік. Он бес жылдай «Ленин жолының» («Сыр бойының») Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы тілшісі, бөлім меңгерушісі болып істеп, аға басылымның қайнаған қазанында қаламы суарылып, кәсіптік білімнің тұнығынан тұшына нәр алып үлгерген ағамыз ұжымдағы әріптестері арасында ә дегеннен-ақ шуақты әсер қалдырды. Ол кезде газет аптасына үш рет шығатын, редакцияда корректорды қосқанда жоғары білімді тоғыз журналист қызмет атқаратын. Бұл мамандық иелерінің жаңалыққа жаны құмартып тұратыны белгілі. «Іздегенге сұраған» дегендей, жауапты хатшы болып орналасып, секретариаттың  тізгінін ұстасымен Үсен Әбшенов әуелім газеттің мүмкіндігінше көркем безендірілуіне, әр материалдың өз орнын тауып дұрыс орналасуына ден қойды. Жанр түрлерінің көптеп қамтылуына, олардың мазмұндық деңгейінің жоғары болуына ысылған маман ретінде игі ықпалын тигізе бастады. Жетісіне бір рет тұрақты түрде шығармашылық құрамның толық қатысуымен лездеме өткізіп тұруына ұйтқы болды. Ол лездемелерде газетте жарияланған және кезекті нөмірлерге жоспарланған дүниелер жан-жақты талқыланды. Жаны жайдары, көңілі кірбіңсіз Үсекең мұндайда шешіле сөйлеп, жылт еткен жетістіктерге оң бағасын берумен қатар, кімнің де болса кемшілігін бетіне айтатын. Ашық пікірталас өрбігенін қалап тұратын. Айтыс-тартыстарға да барып қалатын кездеріміз болмай қалған жоқ, бірақ ортақ істегі ондай өзара сынның пайдасы болмаса зиянын көрмейтінбіз.
Ү.Әбшенов енгізген тағы бір жаңалық, журналистер арасында үш адамнан комиссия құрылды. Оның міндеті газеттегі жарияланымдардың жақсы-жаманын сұрыптап, ең тәуір дегендерінің авторы (штаттағылар да, штаттан тыс авторлары да қамтылады) редақторға моральдық және материалдық марапаттауларға ұсынылатын. Сонымен бірге «Күнгей және көлеңке» деген екі бөліктен тұратын көрсеткіш тақтасын ай сайын шығарып отыру дәстүрге айналды. Оған газетте жарық көрген жақсы және нашар материалдардың қиындысы ілінеді. Кіреберістегі көрнекі жерге орналастырылған тақтаға редакцияға келгендердің көзі бірден түсетіндіктен бұл жариялылықтың журналистерге әсері өте зор болды. Жауапкершілік, бәсекелестік артты, қолға алынған шара әркімнің өз ар-намысын ардақтай білуіне түрткі болды. Бір қайнауы ішінде кете беретін, Үсекеңнің үйреншікті сөзімен айтсақ «бәлдір-батпақ» мақалалардың «тағдыры» ауырлады.  Ондай шалажансар мақаласымақтарды ағамыздың умаждап лақтырып жібергеніне де куә болғанбыз. Бұл секілді батыл да әділ шешімге кім қарсылық білдіре қойсын. Үсен Әбшеновтың тікелей бастамасымен үрдіске айналған тәртіпті әдепкіде жақтырмай, қолайсыздау қабылдағандар болғанымен , түптеп келгенде оның оң нәтижесін көрмесек, ешкім де зиян шеккен жоқ. Мұның бәрі әншейін майда тірліктей көрінуі мүмкін, алайда Үсекең оны қара басының қамы үшін немесе әлдекімдерге қысастықпен істемегені ақиқат. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін ол ұжым абыройын, газет беделін бәрінен жоғары қойды. «Баспасөздің бетін шикі, сүреңсіз шатпақтармен былғауға ешкімнің де хақысы жоқ, өйткені ол халықтікі» деген бұлжымас қағидасын жиі қайталайтын.
Журналистің шеберлігі, сауаттылығы адамгершілік қасиеттерімен астасып, азаматтық тұлғасын ажарландырып тұратын. Қай тақырыпқа қалам тартса да, ойын ашық та, еркін жеткізетін. Бұл тынымсыз  ізденістің, білімділігінің жемісі екені даусыз. Әріптес інілеріне әркез қамқор көңіл танытып, қысқа ғұмырында көкейіне түйгендерімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. Еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайып үйренген Үсекең күнделікті жайбарақат тіршілікте, адами қарым-қатынаста кең де, ақжарқын болғанымен әділетсіздікке төзе алмайтын. Өзіне дөңайбат көрсеткісі келетін кейбір өресі төмен дөқейсымақтар оның уәжді сөзіне, кеудемсоқтарды тезге салатын тегеурінді талабына амалсыз басын иетін. Ағамыздың осындай текетірестерде өзінің адуын мінезіне ақылға жеңгізетін парасаттылығына іштей сүйсінетінбіз. » деп жазған екен.
Иә, сергек көңіл, сезімтал жүрек, зерделі ой-өрісінің арқасында 49 жылға толар-толмас өмірін мағыналы етіп өткізген Үсекең 1942 жылы Жаңақорған ауданының «Бірлік» кеңшары, немесе «Ақүйік» ауылдық кеңесіне қарасты аймақта туылған. Кәмелетке толған соң бір жылдай осы кеңшарда бухгалтерге көмекші болып істеп, әскери борышын өтеп келісімен үмітін үкілеп Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға аттанады. Аталмыш жоғары оқу орнының журналистика факультетін 1968 жылы үздік (Қызыл дипломмен) бітіріп шығып, сол жылы өзі туып өскен аудандағы «Коммунизм жолы» газетіне еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі болып қабылданады.
Кез-келген қаламгердің жазу стиліне оның өн бойындағы табиғи талғам, өнерге көзқарасы әсер етері анық. Бұл тұрғыдан келгенде Үсен Әбшенов ағамыздың керемет күйшілік қабілетін айтпай кетуге болмайды. Ол кісі бірде былай деген еді: «1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезім. «Жеті муза» қоғамы мен Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестігі классик жазушы Сәбит Мұқановпен  кездесу кешін өткізді. Сонда мен «Толқын» күйін орындадым. Сәбит аға «Мынау кімнің күйі?» деді. Мен «Әлшекей Бектібайұлы деген Қаратау өңірінде күйші өткен» дегенімде «зерттеуді күтіп тұрған күрделі күйші екен»деді. Сәбит Мұқановтың осы ізгі қиялына өзі жан бітіргендей. Үсен аға газеттің шетсіз-шексіз жұмысымен қоса «Кертолғау, қандай күйдесің?», «Талантты тот баспайды», «Өн бойында есіп тұрған екпін бар» деп аталатын дүниелерінде Сыр бойында өткен күйші, домбырашылардың қаншамасының шағармашылдығы жөнінде зерттеу еңбектерін жариялады.
Үсен Әбшенов өнер, әдебиет тақырыбында ғана қалам тербеген жоқ. Оның еңбек адамдары туралы «Түгіскенді түлеткен жұлдыздар», «Қаратау қаһармандары», «Қызылдың қиянында», «Қанат ұшса қатаяды» деген тақырыпта сериялық жариялынымдары өткен өмірдің өшпес естеліктеріндей болып, күні бүгінге дейін жадымызда сайрап тұр.
«Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, бар болғаны 48 жыл ғұмыр кешіп, соңына мол мұра қалдырып кеткен Үсен Әбшенов ағамыздың өзі өмірден өткенімен көзі тірі. Өмірлік жары Бақыт Зайырова апамыз ұрпақ тәрбиелеген ұлағатты ұстаз еді. Ол ерінің бүкіл жазған дүниелерін жинақтап, «Мирас» деп аталатын жинақ жарық көрді. 
Үсен аға өмірден ерте өтіп кеткенімен оның елі мен жеріне деген махаббаты, оны шексіз сүйетін азаматтығы ел есінде қалды. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, соңында қалған перзеттері Ләззат, Ғазиз, Ғани, Бауыржан, бәрі де жоғары білім алып, өмірден өз орнын тапқан абыройлы азаматтар.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
16 тамыз 2018 ж. 900 0