№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САРА СӨЗДЕН ІНЖУ ТЕРГЕН

САРА СӨЗДЕН ІНЖУ ТЕРГЕН


Журналист – жол үстіндегі жолаушы. Ол жүрмейтін жол, бармайтын жер жоқ. Журналист – қоғамның үні, заманның көзі. Ол мазмұнды публицистикасымен ұлтты рухани-мәдени сусындатып, бағыт-бағдар береді. Мемлекет саясатын қолдаушы һәм насихаттаушы, халықтың мұң-мұқтажының жоқтаушысы. Журналист – ой адамы. Онда ойсыз күн жоқ. Жиырма төрт сағат шығармашылық ізденісте жүреді. Осындай ауыр жүкті абыроймен көтеріп жүрген қарымды қаламгер Баян Үсейінованың осынау бір қастерлі сапарға қадам іліктіргеніне отыз жылдан асса, өмір белесінде елудің асқарына шықты. Талғамы биік, талабы терең журналистің шығармашылық кеші «Жаңақорған тынысы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Қарт Қаратау мен сұлу Сырдың топырағынан талай-талай тұлғалар кіндік жалғады. Сондықтан Жаңақорғанның тұлғасы қаншалықты асқақ болса, құрсағы да соншалықты құтты. Сондай алтын құрсақты ананың бірі – Қадиша Баязитова анамыз десек, одан өмірлік нәр, рухани тәлім алған Баян Алаудинқызы қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлер қатарынан. Оның туындылары оқырманның рухани шөлін қандырумен қатар, мемлекеттілікке, елшілдікке үндейді. Содан болса керек-ті, «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында ине шаншар орын болмады. «Сара сөзден інжу терген» атты шығармашылық кештің шымылдығын М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің әртістері «Қос мұңлық» деп аталатын автор туындысының желісіне құрылған театрландырылған қойылыммен ашты.
Одан кейін аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Ілиясов аудан әкімінің атынан құттықтау сөз сөйледі.
– Мазмұны терең көлемді мақалалар мен монографиялық зерттеулерімен ерекшеленетін Баян Алаудинқызын жаңақорғандықтар қарымды қаламгер ретінде таниды. Мұндай бағаға ие болу – қолына қалам ұстаған әрбір қаламгердің арманы, маңдайға бұйырар сирек бақыт дер едім, – деп сөз сабақтаған Ерғали Орманұлы аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен сый-сияпатын тарту етті. Әрі өзінің ыстық ықыласын жеткізді.
Одан әрі «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов әріптесінің журналистер арасында қаламының қуаттылығымен айшықталып тұратынын айта келе, облыстың «Құрмет грамотасын» табыстады.
Расында, Баян Үсейінованың артықшылығы, әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Содан кейін не айтса да біліп айтады, не жазса да біліп жазады. Өзі біліп, көңілге түймеген дүниеге ешқашан қалам тартпайды. Ең бастысы, кез-келген мақаланы жазғанда жауапкершілікті басшылыққа алады. Сондықтан, айтқан шаруаң аяқсыз қалмайды, уәде етілген дүние ұмытылып кетпейді. Бір сөзбен айтқанда, Баякеңнің – ішкі жауапкершілігі өте жоғары. Журналистің осынау қабілет-қарымы жайлы Жаңақорған ауданы әйелдер кеңесінің төрағасы Әзия Қыстаубаева айтты.
1986-1998 жылдары аудан үнжариясында бас редактор қызметін атқарған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Айдархан Бибасарұлы кеш иесін жұмысқа қабылдап, шығармашылық жолда сәттілік тілеп, бағыт-бағдар берген тұлға. Ол жұрт көкейіндегі ойды айтып, жоғын іздеуден таңбайтын, қоғамда болып жатқан оқиғалар мен үрдістердің ақиқатын айтатын қаламгер ғана құрмет биігінен көріне алатынын аманаттады ізбасарына.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев пен Жаңақорған агро-техникалық колледжінің директоры Мадияр Ахметовтың құттықтау хаты кеш иесіне табысталды.
Қаламгерлерді құрметтеу кеші журналистің шығармашылық еңбек жолы мен адами мінез-құлқы жайлы түсірілген бейнебаянмен өрілді.
Рухани жаңғырумен үндескен шараны жүргізген ақын Әбілқайыр Сыздықов кеш иесіне:
– Қиындықты қасқайып қабылдаған,
Журналистік жолменен жалындаған.
Біз білетін Байекең шыныменен
Адами болмысынан арылмаған.
Қарапайым халқының қызы болып,
Көркем мінез, пейілі тарылмаған.
Өзінің кішіпейіл әдетімен,
Тура жүрген жолынан жаңылмаған.
Мақаланы жазуды қолына алса,
Шабыты шалқып тасып арындаған.
Оқырманға ой тастап келе жатқан,
Мерейін үстем еткен дарынды адам, – деп арнауын оқыды.
Кеш мазмұны оқырмандармен сұрақ-жауапқа ұласты. Баян Алаудинқызының сөз өнеріне қалай келгендігі жөнінде және өмірлік мұраты, қаламгерлік қарымына байланысты сұрақтар қойылды.
– 7-8 сыныпта оқып жүрген кезімде жазушы Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» атты романы қолыма түсіп, қызығушылығым оянды. Шығарманы оқып, зердеге тоқып, кейін өзім де қолыма қалам алдым. Тырнақалды әңгімем «Үзілмеген үміт» 9-сыныпта оқып жүрген кезімде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Үкілі үміт» айдарымен жарық көрді, – деп толғанған қаламгер апамыз өзі қатты еліктеген жазушыға хат жазғанын айтты.
Хат жазушы ағасының қолына тиіп, оған жауап жазғанын кейініректе біліпті. Бұл жөнінде ақын Маралтай Райымбекұлына кезек берелік:
«1993 жылы Маралтай Райымбекұлы Жазушылар одағының жөртөлесінен тапқан Оралхан Бөкейдің күнделігінің арасынан қаламгердің белгісіз жанға жазған хаты шығып, ол әдеби ортаға, әсіресе, жастарға біршама серпін бергендей еді. Төменгі тұсына «1985 жыл» деп таңбаланған хатты сол кездегі журфактың біраз студенті бірінен-бірі алып, кезек-кезек оқып шығыпты:
«Аға! Мен сізбен бұрын ойша сөйлесетінмін, енді қағаз жүзінде де бел байлап отырмын, сондықтан бұл маған оңайға түсіп отырған жоқ...», – деп басталатын бейтаныс қыздың хатына Оралхан Бөкейдің, оны танымаса да, бар бейілімен жауап қатқаны қызық. Шығармаларын тауыса оқып, ішкі сырын жазумен жеткізген бейтаныс арудың боямасыз хаты жазушыға соншалық әсерлі ұшырасыпты. «Сенің ағыңнан ақтарылған сырнамаңды оқып шығып, бейкүнә, нәп-нәзік, қып-қысқа, бірақ ұзақ ғұмырыңның куәсі болдым...», – деп жауап қатқан екен».
Осылайша жазушы Оралхан Бөкей белгісіз жанның қалам тартысын оң бағалап, шығармашылық жолда табыс тілепті. Осы бір тілектестік Баян Үсейінованы сара сөзден інжу теріп, сөз өнерінде өзіндік қолтаңба қалдыруында жебеп, демеп келе жатқандай ма? Қандай нәзік те берік рухани сабақтастық десеңізші?!
Кешке қатысушы ғалым, жазушы Күләш Ахметова Б.Үсейінованың негізгі тақырыбы – адалдық, ар тазалығы, адамгершілік мәселесі екенін және шығармаларындағы өзекті ойларының бәрі де өмірден алынған шынайылығымен құнды екеніне тоқталып, алдағы уақытта трагикомедия жанрында қалам тартуына кеңес берді.
Иә, талантты, талапты, талғамшыл журналист кейіпкерінің ішкі иірімдерін ашып, тұлғатану ілімінің аясы кеңеюіне зор үлес қосуда. Сондықтан шығармашылық кешке жиналғандар арасында автордың кейіпкерлері көп болды. Олардың қатарында ауданға белгілі Манзура Құлымбетова, Жақсыгүл Бегманова, Қамар Үсенбаева, Зүбайра Оспанова, Запира Рақманбердіқызы және т.б. ел аналарын айтуға болады.
Айта кететіні, әдеби-рухани шараның жоғары деңгейде өтуіне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова үлкен жанашырлықпен атсалысты. Сонымен қатар, Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйі мен Арман кенттік мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, шығармашылық кештің шырайын келтірді.

ТҮЙІН. Мыңжылдықтардың тарихи құбылыстарына куә қарт Қаратау мен жүзжылдықтардың үні-сырын толқынына сыйдырған Сырдариядан шабыт алатын Баян Алаудинқызының 50 жасқа толуына арналған «Сара сөзден інжу терген» атты шығармашылық кеші Сыр өңірінің қаламгерлеріне рухани күш беріп, тың тақырыптарда ізденісін арттыра түсетіні хақ...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.

17 сәуір 2018 ж. 1 235 0