№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Текті ұл тек намыстан жаралады немесе Айдархан Бибасаров туралы бір үзік сыр

Текті ұл тек намыстан жаралады немесе Айдархан Бибасаров туралы бір үзік сыр


Талантты қаламгер, тағдыр ерекше дарынды тарту еткен дара тұлға Айдархан Бибасаровтың көзін көргендер сұлу жаратылған тазалықтың өзін көргендей болар еді. Ол күмәнсіз өз шындығымен өмір сүрген адам. Өзіне Тәңір дарытқан өзгеше талант қуатымен туған халқының қадір-қасиетін ұлықтауға, қалың ел, қараорман ағайынның арғы тегін тарқатып, түп негізін ұмытпауға үлкен қажыр-қайрат жұмсап, қалам ұшымен ұрпаққа ұлағат мұра жазып қалдырған азамат. Біз мұны бұрын да мойындаушы ек, енді өзі өмірден озған соң тереңірек түйсініп, әр жазған-сызғанын теңізден маржан сүзген кеншідей тірнектеп, түгендеуге кірістік.
Ардақты ағаны бұлай аяқастынан кетіп қалады деп ойлаған жоқ едік. Ауырып-сырқап жатып қалған кезі жоқ, үнемі ширақ жүріп-тұратын, орталықтағы Ардагерлер сарайына келіп, бір мезгіл шахмат ойнауды әдетке айналдырған ағайдың төбесін күнде көргенімізді көңілге тоқ санап келіппіз. «Шахматта ұтылу, ұту мұрат емес, шахматты ойнай білмеу ұят» дейтін ол. Шынында да шахмат тақтасы кісінің хоббиі ғана емес, жүйке жүйесін реттейтін, ойдың қырағылығын өсіретін, әдіс-амалға толы тактиканың тартысы ғой. Айдекең шахмат столынан соң қолына қаламын ұстап, еркін көсілетінге ұқсайды.
Ара-тұра редакцияға соғып тұратын. Соңғы кездері айтқаны, 300 беттік шығармасын жазып бітуге айналыпты. Аз күнде аяқтаған соң теруге редакцияға алып келермін деп жүрген. «Әй сонда бір оқып, танысамыз ғой» деген оймен бұл не еңбек, не туралы жазылған, тақырыбы қандай деп тереңдеп сұрап алмаппыз. Қасымызда жүргенде қадірін білмейтін осындай бойкүйез қасиетіміз қалмаған ғой, сөйтіп арқаны кеңге салып жүргенімізде асыл аға апыл-ғұпыл артына қайрылмастан, қайырласпастан қайтпас сапарға аттанып кетті.
Ағайды соңғы сапарға арулап шығарып салған қарақұрым халықтың қатарында жазушы шаңырағында үнсіз егілген біз арманы ішінде кеткен ағайды елжіреп аяғанымызбен қолдан келер қайран жоқ еді.
Бір сәт қасымызға кеп тізе бүккен Хадиша апайға үмітпен сауал тастадым. Бұл апамыз Зейнулла Шүкіровтың қарындасы, Айдекеңнің ізінен өкшелеп келе жатқан келіні. Жасым пәленге келді демейді, сондай зерек, сезімтал, бой-басын ширақ ұстайтын, бізге кезінде тарихтан сабақ берген ұшқыр қиялды Шүкірованың маңызды жайттардан хабарсыз қалуы, білмеймін деп отыруы мүмкін емес, сауалымыздың үстінен дөп түсті. «Ағаның жазып жатқан кітабы бар екен» деді ол бізге. Кеше ауруханадан ота жасатып, үйге оралған соң бар ынта-ықыласы соны аяқтауға ауыпты. Көз ілмей отырып жазып, жиырма бетті тәмамдап, соңғы нүктесін қойып кетті» деді. Таң-тамаша қалдық. Міне, жазуға деген адалдық. Руханиятқа, мәдени мұраға деген жауапкершілік. Ұрпақ алдындағы ағалық парыздың өтеуі осындай-ақ болар.

Менің редакторым
Менің өз басым ағайды айрықша көретін себебім бар. Ол мені тұңғыш жұмысқа қабылдаған редакторым.
Газет ол кезде «Коммунизм жолы» деп аталатын. Ағай осы газетті он төрт жыл басқарды. Айдархан ағайдың өзі бұл газетке 1958 жылы корректор болып жұмысқа орналасқан екен. Ол кезде газетке алдыңғы қатарлы шаруашылықтың атын беру дәстүр болған. «Екпінді», «Қызылмақташы» деп аталуы сондықтан. Аудан Шиеліге біріктірілуіне байланысты «Өскен өңір» деп те аталды. Алпысыншы жылдардан бастап газеттің атауын «Правда» сияқты тұрақты қалыптастыру талабы туды. «Коммунизм жолы» газетіне 1966 жылдан бастап «Ленин жолы» газетінің тілшісі Мырқы Исаев редактор болып келді. Одан әрі үш жылдай газетті Адырбек Сопыбеков басқарды.

Екі жарым жыл Құдабай Ертаев, он төрт жыл Айдархан Бибасаров, үш жыл Өлмесхан Болатбеков, он сегіз жыл Алмас Бекжігітов редакторлық етті. Қарап отырсақ, төл басылымды сексен бес жылдық тарихында ең ұзақ басқарған Бекжігітов пен Бибасаров екен.

Газет мазмұны
басқаруға байланысты
Айдархан Бибасаров төл басылымды басқарған кезең коммунистік идеологияның дүрілдеп тұрған кезімен тұспа-тұс келді. Газетте жарияланатын әрбір материал партия комитетінің тікелей қадағалауында болды. Газеттің әрбір нөмірі аудандық партия комитетінің цензурасынан өтіп, содан кейін басуға қол қойылатын. Газет қызметкерлеріне аса қырағылық, сақтық қажет еді. Осындай талапта газетті қанжарға теңейтін болсақ, редактор сол қанжардың жүзіндегі адам тәрізді, сәл тайып кетсе қиып түсуі мүмкін еді. Біздің Айдархан ағай төл басылымды осындай жауапкершілігі ауыр кезеңде абыроймен басқарып, құрметті демалысқа шықты.
Ағайдың қарамағында жұмыс істей жүріп, ол кісінің аса талапшыл мінез-дағдысына қанықтық. Редакция коллегиясы да мықты болатын. Партия тұрмысы, әдебиет, ауылшаруашылығы, еңбекші хаттар қосыны сынды бөлімдерде меңгерушісі және тілшілер жұмыс атқарды. Үсен Әбшенов ағамыз аудандық газеттің өзінде бас басылым бетінде Мамадияр Жақып жүргізетін «Дөңгеленген дүние» сынды айдарды ашып, халықаралық тақырыптарға шолу жасайтын. Жұмабай Әбілевтың жұмыстан тыс кезде кабинетіне ене қалсаңыз әдебиет әлемі туралы көл-көсір дәрісіне қанығып, ғалымның лекциясынан шыққандай әсер алатынбыз. Түбі ол профессорлық деңгейге қол артып, Қазақ – Түрік университетінде сандаған шәкірттерді тәрбиелеп, өмірден мезгілсіз қош айтысты. Әкім Мейірбеков ағамыз да өзінше бір әлем тұғын.
Газетке жарияланған материалдар жауапсыз қалмайтын. Айдархан ағай тақырып қоюдың шебері еді. Бір күні ауылдарға газет дұрыс таратылмайтыны жөнінде арыз келіп түсіп, журналист жолға шықты. Сын мақала дайын болып, оған Айдархан ағай «Кінә кімнен, Нарымбетов?» деген тақырыпты айқайлатып қойып берді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей мақаланың ізімен талай мекеме басшылары қызметімен қоштасқан жағдайларды да көз көрді.
Газетті төртінші билік деу, бәлкім сол кезеңдердегі баспасөзге берілген шынайы баға болса керек.
Қатал редактордың қарамағында жүрсем де қатты сөзін естімеппін. Өзіміз де күн-түнмен санаспай ерлермен бірдей қызмет атқардық. Корректорлық қызметімнен бөлек журналистердің мақалаларын машинкаға басып беруде санасып жатпаушы ек. Менің жұмысым, сенің жұмысың деген болмайтын.
Екі-үш жылдан соң бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Кейде бір алыс ауылдардан әртүрлі мәселемен арызданып келушілер де кездесетін. Ішінде қариялар да болатын. Көбін бала екен демей, маған бағыттайтын редактордың даусы қарсы кабинеттен анық естілетін. Келушілерді маған жіберіп жатып «Үсейін мағзымның немересі» дегенді қосып қоятын. Ағайдың бұл сөзі маған қатал жауынгерлік тапсырмадан да ауыр, жауапты міндетті артып қоятын. Осы сенімді қалай ақтау керек? Бар ықыласыммен осынау аманатты адал атқаруға тырыстым десем болады.
Жақында «Ордакент» мәдениет сарайында елу жылдық шығармашылық кешім ұйымдастырылды. Сол кеште Айдархан ағай ұстаздық тілегін айтты, дастарханымыздан дәм татып, ақсақалдық батасын берді. Сахна төріне Әзия апаймен бірге көтеріліп, көпшілікке қарап сөз бастаған ағай айтар лебізін ресми мәнерлеп, сәнді жұптап жатпады, тікесінен тартты:
– «Елге аян болсын деп атын Баян қойдым» деп еді Әлеудін бишара. Сол сенімі алдамапты. Баян бұдан да биіктен таныла берсін» деп өзім де бұрын-соңды естімеген сырдың ұшығын шығарып, көңілімді шым еткізді. «Әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген осы шығар.
«Өлді деуге сия ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Бүкіл саналы ғұмырында қағаз бен қаламын серік етіп, сөздің маржанын терген, ой тұнығын тереңнен сүзіп, сарқып берген, ұлт мұрасын үкілеп, қан қыздырған кеудеде, бар асылын тірілтіп, сән түзеткен кермеде. Соның бәрі өлмейтін қасиеті даламның. Соның нәрі ғажайып құдыреті қаламның.
Жазушы Айдархан Бибасаровтың қаламынан көп құнды дүниелер туды ХVІ ғасырда өмір сүрген, Сығанақ ханы Ақназардың бас батырларының бірі Қожамберді батыр және оның ұрпақтары туралы кітап жазды. 1999 жылы «Бәйтеректің қос бұтағы» атты прозалық баяны жарық көрді. Сыр бойының белгілі шайыры Шәймен ақынның өлеңдерін жинақтап «Өмір – дәурен» кітабын құрстырып шығарды. 1999 жылы «Бел ана, бес тағдырды» жазса, 2007 жылы «Дала перзенттері» романы жарық көрді. 2016 жылы шыққан «Елінің ұлағатты перзенті» кітабында өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ежелгі Өзгент өңірінің тіршілігі, ауыл ақсақалдарының болмыс-бітімі, қазақ даласына теміржолдың келуі суреттеледі.
Хош, ауырып жатқанына қарамай соңғы нүктесін қойып кеткен кітабы не жөнінде екен? Жазушының соңында қалып, жер басып тірі жүргендегі шәкірттік міндетіміз ағаның арманын жалғау, тілегін елге жеткізу емес пе? Жазушы шаңырағына бет алғандағы мақсатым – жары Марфуха апаймен сұхбаттасу. Аман-саулықтан соң апайға сауалымды қойдым. Апай жазушы жарының не жазып, не қоятынымен еш жұмысы болмайтынын тілге тиек етті. Біз де тақымдап қояр емеспіз. «Ағай сізге соңғы күндері ешнәрсе айтпады ма? Не деді? Айтыңызшы». Ол соңғы сәттері маған неге екенін екі рет «тым жуассың ғой» деп айтты» деді Марфуха апай. Одан басқа ешнәрсе деген жоқ». «Жуассыз ғой, Марфуға апай», – деп ойладым мен де іштей. Жуас болмасаңыз жарты жылдан аса еңбектенген ағайдың не жазып жатқанын білмеу деген...
«Момынның ақысын Құдай жемейді» деген тап рас. Апайдың қайнысы Таңатарды Тәңір айдап жеткізді. Оның кітаптан хабары бар екен, кітаптың аты «Мырзан би және оның шәкірттері» деп аталады деді ол. Қожамбердінің ұрпағы – Мырзан би өмірден ұрпақсыз өткен. Бірақ ол шәкірттерім барда, менің сөздерім ұрпақтан-ұрпаққа жетсе менің атым өшпейді» деп кеткен екен. Міне, Айдекең осы Мырзан бидің ел аузында жүрген бүкіл мұрасын жинақтап, хатқа түсіріпті.
Бұдан бұрын Айдекең Бала би, Досбол, Қалкөз, Бұқарбай, Жанқожа, Сасықбай батыр, Құлан, Шәймен, Нартай, Манап ақындар жөнінде қалам тартқан. Бірде бүкіл Арқаға аты мәшһүр аға сұлтан Ерденнің жалғыз ұлы өліп, басын көтермей жатқанда бір ауыз сөзбен тұрғызған Шоқай мен Досбол туралы жазғанын оқыған едік.
– Әй, Ерден,
Кеткенің бе кердең?
Әруаққа шет болма,
Басыңды көтер жерден.
Сен түгіл әкең,
Сандыбай да өлген
Оны мына Шоқай көзімен көрген.
Уай, Ерден,
Көкті бу көтереді
Жүйрікті ду көтереді
Ауырды нар көтереді
Өлімді ер көтереді, – десе
Досбол:
Ерден, шырағым,
Еліңді жылатпа.
Беліңді бу, мін атқа,
Тумақ бар да, өлмек бар.
Мың күн сынбас,
Бір күн сынар шөлмек бар.
Алмаса қайда кетті
Бұрынғының кәрісі
Қара жердің талысы
Өлім деген ұзақ жолдың алысы
Өлмей адам қалмаған,
Не жүйрік өткен самғаған
Пұлсыз берді, құнсыз алды
Барлығы да Алладан
Тіріге тірлік керек,
Еліңе бірлік керек,– деп басу айтқанда Ерден билердің сөзі өлмесін деп белін буған екен.
Айдекеңнің жаңа кітабында осындай жауһар қазыналарымыздың қаншасымен қауышады екенбіз, шіркін.
Қолжазбаны Айдекеңнің Алматыдағы ұлы Әлімжан алып кетті деген соң ол кісімен ұялы телефонмен хабарласып едік. Жақында жарық көреді деп уәде берді.
Біз өстіп отырғанда буы бұрқыраған тәтті тамағын алдымызға тартты Марфуха апай. Келген адам ішісін, жесін деп алып ұшқан ананың ұлы миссиясы осы. Мүмкін Айдекеңнің маңдайынан құс ұшырмай желеп-жебеп келген адал жардың осы бір періштедей пейілі шығар. Аға шаңырағына ие болып, аман-есен отыра беріңізші, Әз – ана! Деп іштей тілек айтып, жазушы рухына дұғамызды бағыштадық.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
30 маусым 2018 ж. 2 476 0