№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР ТӨРТІНШІ МӘРТЕ ЖАЛАУЫН КӨТЕРДІ

ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР ТӨРТІНШІ МӘРТЕ ЖАЛАУЫН КӨТЕРДІ


Астана қаласының 20 жылдығы мен «Жаңақорған тынысы» газетінің 85 жылдығы аясында жұртына етене жақын  аудан жаршысы ұтымды шараға ұйытқы болды. Редакция ұжымы ақылдаса келе қарымды қаламгер Құдайберген Ертасов пен Оразалы Мұсабековты еске алуға арналған «Қанаттандырған қалам» атты дойбыдан журналистер арасында турнир өткізді. Төртінші мәрте жалауын көтерген турнирдің биылғы өзгешілігі бір төбе. Жыл сайын аудандық деңгейде арадагерлер арасында ұйымдастырылып келген ашық біріншілік биыл форматын өзгертіп, қалам ұстаған қауымның басын қосты. Аудандықтан аймақтық деңгейге ойысып, Шиелі ауданынан әріптестер келді. «Бірлескен істе береке бар» демекші, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі қолдау көрсеткен турнир командалық бағытта өрбіді.

Дәстүрлі шараның шымылдығын түрген аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Нұрлат Байгенже:
– Сыр топырағы қашанда тума таланттарға кенде болмаған. Әсіресе қаламы қуатты қаламгерлердің орны айрықша. Оларға құрмет – бүгінгі буынға міндет. Міне, осы орайда, аудандық газеттің қазанында қайнаған қос журналист Құдайберген Ертасов пен Оразалы Мұсабековты еске алуға арналған турнир. Яғни, шежірелі 85 жылдық тарихы бар сонау 1933 жылдан бастау алатын «Қызылмақташы», «Екпінді», «Коммунизм жолы», «Жаңақорған тынысы» газеті үшін өткенді еске алу күні. Олай болса, дәстүрлі бәсекенің қатысушыларына сәттілік серік болсын – деді.
Ал, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов «Аға буынды ардақтап, өткеннің өнегесін өшірмеу, қос әріптес атындағы еске алу турнирінің мақсаты – олардың еселі еңбектерін елге таныту деп білеміз. Аға буын мен жастар өкілі арасында ұрпақ сабақтастығын жаңғырту бұл үлкен тағылым» деген ақжарма лебізін білдірді.
Астанадан арнайы келген қарымды қаламгер Құдайберген Ертасовтың қызы Гүлжазира Құдайбергенқызы әке жайлы естеліктері мен өзінің ең алғаш журналистика саласындағы тұңғыш туындылары «Жаңақорған тынысы» газетіне жарық көргенін мақтаныш тұтатынын жеткізді. Өз кезегінде Гүлжазираның алғашқы мақалаларын өңдеп, түзеп, жол сілтеген  төл басылымның бас редакторының орынбасары Баян Үсейінова қос қаламгер жайлы тартымды естелік өрбітті.
– Қаратау етегінде орналасқан Жаңақорған топырағы әрқашан ұлы тұлғаларды өмірге алып келген киелі құт-мекен. Солардың бірі бүгінгі шараның өтуіне себеп болып отырған, маржанды сөзбен өрілетін журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ойы ұшқыр, қаламы шыңдалған, Құдайберген және Оразалы ағамыз.
Саналы ғұмырын журналистика саласымен байланыстырған Қ.Ертасов пен О.Мұсабеков отыз жылдан астам газет өндірісінің өркендеуіне өздіндік қолтаңбасын қалдырды. Бірі – құқық тақырыбында  қалам тербеп, фельетон жанрында кеңінен танылса, енді бірінің сатира, публицистикалық еңбегі ел есінде. Әрине, қаламгерлер өмірден өтсе де тасқа басылған туындылары оқырман жадынан өшпек емес, – деп есті естелігімен бөлісті Баян Алаудинқызы.
Осылайша, аудандық спорт клубынан төрешілік еткен Нариман Қалдыбаев ойын ережесін түсіндіріп болғаннан кейін дәстүрлі турнир салтанатты түрде ашық деп жарияланып, дойбының шаршы төрінде қалам ұстаған қауым тартысты ойын өрнегін бастап кетті. Таңнан түске дейін созылған спорттық шараның нәтижесінде қос бірдей көршілес шиелілік әріптестер озық шықты. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің командасы жүлделі І-орынға ие болса, «Шарайна-Сейхун» облыстық газеті командасы күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал үшінші орынды жаңақорғандық қос блогер Серік Бақытұлы мен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров иемденді. Жарыс жеңімпаздарына Нұрболат Аширов басшылық ететін «Ақ жол» сауда орталығының демеушілігімен дайындалған бағалы тұрмыстық техника мен «Диплом» табысталды. Оған қоса, үздік командаларға Астана төрінде абыройлы қызмет жасап жүрген Гүлжазира Ертасова арнайы сый-сияпат жасады. Бұл да болса әке рухына деген перзенттік парызы деп білеміз.
Иә, осылайша дәстүрге айналған төртінші турнир өз жалауын түсірді. Жалпы жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – аға буын мен жастар арасындағы ұрпақ сабақтастығын арттыру болатын. Ниет орындалды. Өйткені, екі буынның байыпты байламын көрген турнир қатысушылары ұжымның ұйымшылдығына алғысын жеткізіп тарқасты.
                                                    Әбдісамат ӘБДІШ.
05 шілде 2018 ж. 1 319 0