№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «БАБЫН ТАПСА, ЖОМАРТ ЖЕР НЕСІБЕСІН АЯМАЙДЫ»

«БАБЫН ТАПСА, ЖОМАРТ ЖЕР НЕСІБЕСІН АЯМАЙДЫ»


Адам үшін ең бастысы, бейнеттің зейнетін көріп, ақсақалдық беделімен ағайынға басу, төрт көзі түгел топқа төрелік айту. Өйткені заманына жақсаң, адамына жағасын. Уақыттың талабы сондай.
 Осы тұста, «Ауылына қарап азаматын таны» деген дана қазақтың бұл нақылы бүгінде өз өміршеңдігін көрсетуде. Оның айқын дәлелі – Аққорған ауылында ардагерлердің төбе биі болып, қашанда ағайынды ауызбіршілікке шақырып отырған ел ағасы бар. Ол – үнемі қоғамдық ортада өзіндік пікірін білдіріп, өмірлік тәжірибесін кейінгіге үйретуден жалыққан емес. Біз бүгін сенбілік төріне түгіскендік даңғайыр диқан, аптал азамат Молдахмет Ибрагимовты шақырдық. Әрине, қонағымыз байырғы күрішші болғандықтан әңігіме ауанын аграрлы саладан бастауды жөн көрдік. Кезінде төгілген маңдай тер мен тынымсыз тірлікті еске түсіріп, жігіт Молдахметтің қандай болғанын сұрадық.
         – Жаратқанға шүкір, бір кездері жіптіктей жігіт едік, міне, қазір қарияға айналдық. Өміріме өкінбеймін, Тәңірдің тартуы да аз емес. Жігіттік шақтан бұрын, сегіз сыныпты бітіріп, үш жыл бойы қой бақтым. Көмекші шопан болдым. Атадан қалған ала таяқты қолыма ұстап, атакәсіпті талғажау еткеніме еш өкінбейін. Қазіргі Манап ауылында балалық шағымның бал дәурені өтсе, есейіп, ер жеткеннен кейінгі еңбек өтілім Түгіскеннен бастау алды. «Дарақ бір жерде көгереді» демекші, Аққорғанның ен даласын игеріп, күріш бригадирі ретінде бір кісідей еңбек еттік. Жалпы, еңбек адамды ширатады ғой. Жиырма жылға жуық күріш бригадирі ретінде елдің еңсесін тіктеуге күндіз-түні жұмыс жасадық. Алғашқылардың бірі болып, «Тыңның 30 жылдығы» атындағы комсомол жастары бригадасын құрып, жетекшілік еттім. Жігіттік жалынның жігерімен 17 дүркін ауданның ауыл шаруашылығы саласында чемпионы, 9 мәрте облыстың жеңімпазы атандық. Әрине, мұның еткен еңбек пен төккен тердің жемісі. Кейіннен Түгіскеннің мемлекеттік шаруашылық мекеме болып тұрған кезінде 10 жылға жуық директордың орынбасары болдым. 
         – Молдахмет аға, ауданға жаңа басшы келгелі аграрлы салаға, оның ішінде күріш шаруашылығының тынысын кеңейтуге күш салуда. Яғни, инвестиция тартып, элиталық сорттарды егуге жұмыс жасауда. Осы саланың саңлағы ретінде әкімнің бастамасына сіздің пікіріңізді білсек? 
         – Жаңашыл бастаманы толық қолдаймын. Тұқымда қартаяды. Күріш ескірген сайын майдаланып, аз өнім береді. Мұндайда дана қазақ: «Тұқымын алда жеріне бар» дейді. Яғни, жақсы сапалы тұқым алып, құнарлы жерге барсаң өнімің де еселене түседі. Бір сөзбен айтқанда, нарық заманына бейімделе білу керек. Бұған әрбір шаруа білек сыбана кірісуі керек. Және де ең бастысы–күрішпен тілдесе білуі тиіс. Бұл дегеніміз – бабын тапса – жер ана несібесін аямайды. Бригадир не шаруашылықтың иесі жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді. Айта кететіні, 1981 жылдың мамырында Ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың қолынан кетпен алдым. Сонда ол кісі барлық күрішшіге кетпен табыстап тұрып: «Шырағым, жерді алдама» деді. Міне, бұл сөз өзім үшін өмірлік ұстанымға айналды. Расында, жерді алдауға болмайды. Егер алқапқа тұқымын шашып, тек  суғаруға келетін болсаң ойыңдағы өнімді алмайсың. Бұл өзіңді өзің алдау. Жоғарыда айтқандай, барынша бап керек. Өз басым бір тал аппақ күріш қурап тұрса, соны түбінен қопарып алып зерттейтінмін. Су жетпеді ме, ауа жетпеді ма деген сауалға жауап іздеп, кішігірім «ота» жасайтынмын. Ертеректе Олешин деген ғалымның жеке қабылдауында болдым. Ол дүние жүзіне күріштен лекция оқыған адам. Қабылдау барысында маған үш – төрт сұрақ берді. Соның бірі «Күрішіңнің судан қиналып өліп бара жатқанын қалай білесің»,– деді. Мен ойланбастан: «Күрішті түбінен кесіп алып, суға шайып-шайып жіберем, сонымен тамыры қараяды» дедім. Мұны естіген ғалым:«Саған бұл тәсілді кім үйретті?» деп, таң қалды. Әрине, оның түсінігінде бұл ғылыми жұмыс. Жиырма жыл күрішпен айналысып келе жатқанымды айттым. Сегіз жылдық білімім бар екенін біліп, ол маған: «Оқымаған дала академигі екенсің» деп бағасын беріп, авторлық кітабын сыйға тартты. 
         – Аға, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы екенсіз. Жалпы, бүгінгі таңда елге сөзі өтетін аузы дуалы ақсақалдарды сирек кездестіреміз. Сіздің пікіріңізші ел ағалары не зиялы қауым өкілінің сөзі тұздай салмақты болуы, қандай қасиет қажет?
         – Біріншіден оқығанның бәрі зиялы емес. Яғни, ғалым бола тұрып, арғы жағы залымдықты көксесе бұл болмайды. Елмен етене араласып, елдік мүдде жолында халықты ауызбіршілікке ұйытатын қасиетімен қастерлі болуы тиіс. Екіншіден тек шағын ортаның сөзін сөйлеп емес, барша алты алаштың бірлігінің бекем болуын ұстаным еткен тұлға – зиялы. Ұлттық зиялылар қатарына тек халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтықсыз қызмет ете алатын ортақ мүдде жолындағы адам ғана кіре алады. Өйткені, зиялы қауым–қоғамның, ұлттың ақыл-ойы, айнасы. Кейде қоғамда өзінің шаңырағындағы шағын мемлекетке ие бола алмай, елге әңгіме айтқысы келетін қариялар болады. Осы тұста, біреуге ақыл айтатын адам, алдымен өзінің мінін білуі тиіс. «Өзін кінәлі санай білген адам, екі адамға ақыл айта алады» деген бұрынғылар. Мәселен, мен білетін, кезінде бірге қызметтес болған Амангелді Абдуллаев нағыз ел ағасы. Қазақта пейілі дархан даладай кең, қайырымды, жомарт, өзгеде асыл қасиеттерді бойына жиған адамды «үлкен жүректі» дейді. Міне, Амангелді ағамыз осы теңеуге лайықты азамат. 
         – Атасақалды қария ретінде мынаны айтыңызшы. Бүгінгі таңдағы ата-ана бала тәрбиесінде нені ескергені жөн. Ата-әже институтының қайта жандануы үшін қайтпек керек?
         – Шынында қоғамда өзекті мәселенің бірі осы. «Ұяда не көрсең–ұшқанда соны ілесің». Мән-маңызы мәңгі жойылмайтын бұл мәтел өз өміршеңдігін көрсетуде. Тәлім-тәрбиенің түп-төркіні – үлкендерде екені айтпасада айқын. Ертеректе қырық жыл қырғын болса да қазақ ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие беруді ұмытпаған. Дұрысы ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ал, бүгінгінің баласы бесік жырының орнына хит әндерді тыңдайды. Яғни, даңғаза әуенге тыныштанады. Мойындау керек, балғынға адами болмыс пен асыл қасиет отбасында қалыптасады. Ал, сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші – ата-әже екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын ата – әжесінің тәрбиесіне беріп, «шалдың баласы» деп бауырына басқызатын біздің халық қана. Өмірден көргені мен түйгені мол қария қолында тәрбиеленген бала көпшіл, рухани дүниесі бай, намысты болып өседі. Ұл-қызға тән ибалылық пен имандылық та сол ортадан дариды. Бір сөзбен айтқанда, ата-әже институтының орны айрықша. 
Жақында немерем балабақшадан  қалтасына салып, бір ойыншық әкеліпті. «Ата мынаны садиктен алдым» дегенде өне бойым дір ете қалды. Тезарада шешесін шақырып, апайының көзінше ойыншықты қайта орнына апарып қоюуын бұйырдым. Әрине, былай қарап отырсаң, ол ойыншық тиын тұрады. Алайда бұл жақсылықтың нышаны емес. Бір әкелген бала, келесі де тағы әкеледі. 
– Дұрыс айтасыз аға, «тәрбие – тал бесіктен» деген бар ғой. Соңғы сауал болсын. Немереге бай шығарсыз...
– Құдайға шүкір, Алланың берген 20-ға жуық немересі бар. Ұл – қыздарымның барлығы да аяқтанып, бір-бір үй болды. Сан салада қызмет жасауда. Сөзімді қорыта айтқанда, бүгінде біздер дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Жастар қауымы қолынан келетін кәсіпке бейімделуі қажет. Бір түйір нан, бір тамшы термен келетінін ұғынуы тиіс. Мемлекет барлық жағдайды жасап қойды. Қандай кәсіппен айналысамын десе де өз еркі. Енді тек, ерінбей еңбек етсек игі. 
  • Рахмет аға, салихалы сұхбатыңызға.
Тілдескен   Әбдісамат ӘБДІШ
20 сәуір 2018 ж. 1 396 0