БАЛАБАҚШАЛАР: ЦИФР МЕН САПА СӘЙКЕС ПЕ?

Өткен аптадағы Үкімет отырысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мәселесі көтерілген еді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың келтірген дерегінде біздің ауданда да бірнеше балабақшаның талапқа сай жұмыс істеп тұрмағандығы айтылды. Біз осы тұста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мән-жайын талдап таразылағанды жөн көрдік.
ТАЛАБЫ БӨЛЕК, ТАЛҒАМЫ БАСҚА
Ауданымызда балалар жүз пайыз балабақшамен қамтылған деп кеуде қақсақ та, түйіні тарқатылмаған түйіткілдер жетерлік. Атап айтқанда, балабақша ашуға мүмкіндік берген «Балапан» бағдарламасының басталғанына тура 15 жыл өтсе де, бірізділікке түсіп, кәсібін дөңгелете алмай келе жатқан кәсіпкерлер көп-ақ. Толыққанды балабақшаның 14 түрлі талабына сай келетіндері саусақпен санарлық. Жасыратыны несі бар, кәсіпкерлердің көбі қымбат көлік пен зәулім үй салуға аянбаса да, аядай ауладағы бизнесіне келгенде аузын құрғақ шөппен сүртуге дағдыланған. Ауданда 22 жеке балабақшаның құжаттары сәйкес емес болса, 4 балабақшаның нысаналы мақсаты өзгертілмеген деген сын айтылды.
Жалпы, «Балапан» және «Даму» өңірлік бағдарламасы аясында бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйыммен қамтуды жүз пайыз орындадық. Сонау 2012 жылы көше сайын 2-3 балабақшадан ашылып, балабақша саны 127-ге дейін жеткен еді. Қазір олардың 114-і ғана жұмыс істейді. Балабақшаға 5520 бала барып жүрсе, оның 3740-ы жеке балабақшада. Сондай-ақ, шағын орталықта 120 бала ғана қалған. Расында балабақша санымен мақтанамыз. Алайда сапалық деңгейі қалай?
Балабақшамен қамтылу жоспарға сай болғанымен, педагог-кадрлардың біліктілік деңгейіне мән беретін кез келді. Аудан балабақшаларында тәлім беретін 791 педагогтің 466-ы жоғары білімді, 106-ы арнаулы орта білімді. Олардың 93-і ғана балабақша мамандығына сәйкес келеді. Ең қызығы, балабақша кадрларының тек екеуі ғана жоғары санатты болса, бірінші санатты – 44, екінші санатты – 95 педагог қызмет етуде. Ал, 503-і санатқа кірмейді. Шындығында, мұндай сапалық деңгеймен балаларды мектепке қай дәрежеде даярлап жүрміз?
Енді тақырыпты аша түсу үшін, балабақша өмірін тереңірек талдасақ. Дереккөздерге сүйенсек, бастапқы жылдары ай сайын әрбір балаға мемлекеттік және жергілікті бюджеттен – 21 760 теңге бөлінсе, ағымдағы жылдан бастап көлемі артты. Бір балаға 9 сағаттық топта 67 607 теңге, 10,5 сғаттық топта 73,958 теңге түзету үлгісіндегі балабақшада 113 207 теңге, туберкулез аллергия ауруымен ауыратын, т.б. әлжуаз бала үшін 137 309 теңге бөлінеді. Бұл қаражат тәрбиеленушінің бір айда пайдаланатын жылу, ауыз су, төсек-орындық және т.б. қажеттілікке жұмсалуы тиіс. Бәріне топырақ шашуға болмайды, оқу ғимаратын жаңартып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге талпыныс жасап жүргендер де бар. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 12 балабақша жаңа ғимаратқа көшті. Әрине, мұны қос қолдап құптаймыз.
Ауданда жеке балабақша саны 82. Оның ішінде көпшілігі екі топтан ғана құралған. Яғни, әр мекемеде 50 бала тіркелген болса, ай сайын қанша қаржы түсіп тұрғанын екшей беріңіз. Осындай қаржының көлемі кімнің болсын әлеуетін жақсартатыны анық. Бұлай деуімізге бірнеше себеп бар. Біріншіден, екі топтағы 50 балаға 18 қызметкер жұмыс жасауы тиіс. Яғни, бір топқа екі тәрбиеші, екі бала күтуші, психолог, логопед, медбике, дене тәрбиесі мен мемлекеттік және шет тілдері мұғалімі секілді кадр қаралуы керек. Анығына келгенде, көп ұйымдарда ары кетсе төрт-бес қызметкердің жүргенін байқайсыз. Айтпағымыз, қарапайым қызметкердің орташа айлық табысы 100-150 000 теңге болса, «көлеңкелі кадрлардың» айлық табысы қандай мақсатта жұмсалады екен? Екіншіден, балабақшалар бала санына қарай тиісті қаржысын алып отырғанымен, барлық балабақшада бала саны толық дей алмаймыз. Айталық, өткен жылы облыс әкімі балабақшаларға фейс-бақылау жүйесін енгізгелі бері бірнеше кәсіп иелерінен маза қашты. Осы күнге дейін 3-топта 75 бала бар деп келгендердің өтірігі айнаның бетіне шығып, 15-20 баланың ғана фейс бақылаудан өткені бар. Ал, бұған не дерміз? Үшіншіден, тәрбиешісі тұрақтамайтын балабақшалар да бар. Бір жылда 2-4 тәрбиеші ауысуы қалыпты жағдай ма? Бұл жерде зардап шегетін бала жағдайын кім ойлайды? Бұл жөнінде ұлттық білім беру дерекқоры жүргізген мәліметтерде тәрбиешінің айлығы уақтылы берілмейтінін алға тартады. Төртіншіден, жеке балабақша отбасылық кәсіптің түріне айналғандай.
Бірнеше балабақша меңгерушілер өзінің баласы немесе келінінің білімі бар ма, жоқ па бәрібір, реті келсе, онлайн курс оқытып, психолог, болмаса дене тәрбиесінің тәлімгері ретінде жұмысқа алады. Тіпті болмаса, қарауылдың орны дайын. Бесіншіден, ата-аналар ай сайын тамақ ақысына – 3000-8000 теңге аралығында төлейді. Демек, бір жылда ата-ана қалтасынан 150 000-400 000 теңге көлемінде ақша шығындайды. Ең қызығы, бүгінде тұрақты табыс көзі болған балабақшаға құрылтайшылар бала тарту мақсатында түрлі тәсілдер жасап бағуда. Ашығын айтқанда, кейбір жеке балабақшалар бүлдіршінді 1000 теңгеге қабылдаса, екіншілері тегін қабылдауға дайын. «Неге сонша арзан немесе тегін?» деп жүрсеңіз, жоғарыдағы мәліметтерден көп жайды аңғара аласыз.
МАМАНДАР ТАЛАПҚА САЙ МА?
Жергілікті жерді өзін-өзі басқаруға байланысты білім бөліміне қарайтын балабақшалар кент пен ауылдық округтері әкімдігі құзіретіне берілді. Яғни, кадрды қабылдайтын жергілікті билік, ал, білім стандартына жауапты білім бөлімі. Осы жерде шикілік бар екені даусыз. Яғни, осы тетікті жетілдіру қажеттілігі туындайды. Осыдан барып балабақшаларда біркелкі білім, тәрбие беру жүйесі әлі қалыптаспаған. Олай дейтініміз, қағазбастылықтың көкесі осында. Білім беру стандартына сай күнтізбе жасай алмайтын топтың тәрбиешілері бар. Жоғарыда айтқандай, 714 педагогтың 503-і мүлдем санатсыз мамандар. Осыдан барып жылдық жоспарды дұрыс жүргізе алмайтын жағдайлар кездеседі. Бұл көбіне мамандығы сайкес емес тәрбиешілер. Олардың «Зерек бала», «Тәй-тәй», «Алғашқы қадам» секілді толып жатқан бағдарламаның қайсысымен жүру керектігін білмей жүруі де мүмкін. Сосын кәсіби білігі төмен кадр не істейді? Әрине, уақыт ұттыру қажет. Бұл мақсатта түрлі мультфильмдер мен сериалдар баланы алдауға таптырмайтын құрал. Бір досымның баласы: «Бүгін Моананы тағы көрдік», – деп келген болатын. Мұндай үрдіс барлық балабақшада бар деп айта алмаймыз. Бірақ, оны жоққа да шығара алмаймыз.
ТҮЙІН. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған мектепке дейінгі мекемелердің табысын есептеу біздің мақсатымыз емес. Тек, «бала – болашағым», дейтін ұлттың өкілі ретінде бүлдіршіннің сапалы тәрбие, саналы ілім алғанын қалаймыз. Ендеше, бұған жауапты мамандар балабақшаларға мемлекеттен бөлінетін мол қаржыға материалдық-техникалық базаны уақыт талабына сай етсе, білімі сәйкес білікті кадрларды жұмысқа тартса нұр үстіне нұр емес пе?!
Жәнель Жүсіп
Пікір 2