ҚАРАУСЫЗ МАЛ – ТЕМІРЖОЛҒА ТОСҚАУЫЛ

Теміржол – аса қауіпті аймақ екенін білсек те пойызбен соқтығысу оқиғалары орын алуда. Әсіресе, қараңғыда нашар көрінетін аумақтарда үй жануарлары мен егде адамдардың бейәрекеті орны толмас қазаға ұшыратуда. Теміржол торабының өзекті мәселесін тарқату үшін Жаңақорған станциясының желілік полиция бөлімшесінің бастығы Дархан Әбдікәрімовтің пікірін білген едік.
Теміржол торабының 125 шақырымнан астамы біздің ауданға тиесілі. Оның ауыл-аймақтағы тұсы сым қоршаумен қоршалған. Мал иелерінің теміржол қатынасы қауіпсіздігіне жіті мән бермейтіндігі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қараусыз жүрген малдың пойыз қатынасына тигізіп отырған зардабы қандай? Ең бірінші қалыптасқан жол регламенті бұзылады. Екіншіден, тепловоздарға зақым келеді. Оны жөндеу жұмыстарына халықтың ортақ қазандығынан қаржы жұмсалады. Таңқалатын несі бар, оқыс оқиға орын алған жағдайда, сырғалары жоқ сиырларды ешкім «менікі» деп мойындамайды. Себебі, жауапкершілік жүгін көтеруден бас тартады. Үшіншіден, жүгенсіз кеткен малды басып кетпеу үшін тепловоздардың «Стоп» тежегіші оқыс жағдайда басылатындықтан, жарамсыз жағдайға түседі.
«Бірдің кесірі мыңға тиеді» дегендей теміржол қозғалысында сәл кідіріс орын алса, ол тұтас аймақтағы қозғалысты бұзады. Алыс сапарға шыққан жолаушының жолын бөгеп, жүк тасымалын кешіктіреді. Бұл мәселе жөнінде біздің, яғни, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Жаңақорған магистральдық желісінің жол бөлімшесі тарапынан ескертпелер берілді. Жыл басынан бері теміржол бойында мал жайғаны үшін екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы Жаңақорған желілік полиция бөлімшесінің қызмет ету аумағында шұғыл тежеудің 36 фактісі тіркелді. Оның 13-і адамдардың қатысуымен болса, 23 рет үй жануарларын басып кетпеуі үшін кідіріс жасалды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын осы аумақта адам өлімімен аяқталған оқиға болғаны әлі есімізде. Сол кезде «Неліктен машинист тежегішті басып, пойызды тоқтатпайды?» деген тұрғындардың уәжін тыңдағанбыз. Біз мынаны жақсы түсініп алуымыз керек, мыңдаған тонна жүкті үлкен жылдамдықпен әкеле жатқан темір құрсаулы ауыр құрылым қара жердегі көліктер сияқты кілт тоқтай алмайды. Анығында, физика әліміндегі «инерция», яғни, «қозғаушы күш екпіні» кіл тоқтауға мүмкіндік бермейді. Міне, соның салдарынан жүйткіп келе жатқан пойыз кем дегенде 500-600 метр жерден кейін тоқтайды.
Жаңақорған желілік полиция бөлімшесінің бастығы Дархан Әбдікәрімов аудан төңірегіндегі теміржол қауіпсіздігінде тұрғындардың елей бермейтін мәселелерін тізбектеді.
– Біздің бөлімшедегі әрбір қызметкер өз жауапкершілігі мен қызметін адал атқарып келеді. Шаруашылық иелерімен ұдайы түсіндірме жұмысын жүргізіп, жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау шараларын тұрақты өткіземіз. Жоспарға сай түрлі тақырыпта рейд жұмыстары, профилақтикалық іс-шаралар жүргізсек те тұрғындар тарапынан әлі де құқық бұзушылық іс-әрекеті тыйылмай тұр. Бір ғана үй жануарымен болған пойыз соқтығысы мемлекеттік шығындармен қоса, жеке шаруашылықтың шығынын көбейтетінін насихаттап келеміз. Қадірлі тұрғындар! Мал-жандарыңызға ие болып, елдің қауіпсіздігіне сақ болыңыздар, – деді бөлімше бастығы.
Пойызбен соқтығысуды болдырмаудың жалғыз жолы бар. Жеке мал иелері қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, төрт түлікті қараусыз қалдырмаса ешқандай мәселе болмас еді. Айналып келгенде, өз иеліктерімізге немқұрайлы қарайтын болсақ, шығынға ұшырататынын білгеніміз жөн. Ал сіздің жеке шығыныңыз үшін мемлекет те, теміржол мекемелері де өтемақы төлемейтіні анық. Мұндайда «көршіңді ұры тұтпа, өзіңе бекем бол» демей ме?
Мақпал МАРҚАБАЙ