Ұстазыма хат
Мектепті 2016 жылы бітіргелі тұрған түлектердің ұстазына сүйіспеншілігі хатқа осылай өрнектеліп еді.
Сізді біз тұратын «Жаңақорған» кентіне әкім болып кетеді екен дегенді естігенде біз онша сенбедік. Өз баласынан артық көріп жаны ашып жүретін ағайымыз бізді қиып кете қоймас деп едік. Дақпырт расқа айналып, сіз әкім болып тағайындалдыңыз. «Қазір үлкен үзілісте директор ағайымыз келіп, бізбен қоштасып кететін болды» деп мұғалімдеріміз бізді мектеп залына қаз-қатар сапқа тізді. Бір кезде сіз көріндіңіз, ұзына бойы дәлізде жүріп келе жаттыңыз. Сізді оқушылар емес, олардың жымиған жүздері қарсы алды. Жамырап қол соғып жібердік. Бір-біріне сарт-сұрт соғылған балғын алақандардың жаңғырығы ешбір боямасыз балалық сүйіспеншілігіміздің сарынын алып ұшып, кең дәліздің қабырғаларында қалықтап ұзақ тұрып алды.
Сіз ойыңызды жұптай алмай толқып тосылып қалдыңыз. Сосын әдеттегідей жүзіңізді біз жаққа, мектеп бітіруші түлектер жаққа бұрдыңыз.
Сізге шәкірт біткеннің барлығы да бірдей шығар, бірақ жоғары сыныптағыларға алабөтен қадағалау жасайтынсыз. Бір күнде сыныбымызға 3-4 рет еніп, сабаққа қатысуымыз, үлгерім, тәртібіміз назарыңыздан түспейтін.
Мектепке бізден бұрын келіп таңертең есіктің алдында «Доброе утро» деп күтіп алатын дағдыңызбен бізді де тәртіпке, ережеге баулыдыңыз. Ал сабақтан қалуды ойлаудың өзі артық, ондай жағдайда жалқауланған оқушының үйіне өзіңіз барып, көлігіңізге салып алып келетініңізді бес саусақтай біліп алғанбыз, сосын кімнің жүрегі дауалап сабақтан қалсын.
Сіз біздің мектепке басшы болып келген күннен бастап ең бірінші тазалықты жолға қойдыңыз. Бұрын аткөпір шаңдатып жататын мектеп ішінде ана бұрыштан да, мына бұрыштан да тазалықшы, тәлімгерлер желкемізден қарап, әр жүрісімізді қадағалап тұрса тәртіпті бұзып көр.
Ең ауыр жұмысты ең ақылды адамға жүктеу керек. Бұл сіздің принципіңіз екен. Қолынан іс келетін кадрларды өз орнына қойып, еден жуушыға дейін ісін тиянақты атқаратын, кәсібіне құрметпен қарайтын тұлғаларды таңдап алдыңыз. Олар да жұмыстарынан бір мін жібермеуге тырысатын. Өйткені таза адамның талабы да тегеурінді болады екен. Олардың сізге бір тиыны да өткен жоқ. Сіз бүгінгі күні барлық саланы дендеп бара жатқан тамыр-таныстық пыйғылды білім ордасының маңайына да жолатпай, қарауыңыздағылардан бір-ақ нәрсені талап еттіңіз. Ол – сапа мәселесі. Бәсекеге қабілеттілік. Тілді үйренуге, ғылымға, техникаға құмарлықты қоштадыңыз. Сіздің қатаң талабыңыздың арқасында жиырма жылдан бері алтын дегенді ұмытқан білім ордасы бірнеше рет «Алтын белгі» иегерлерін шығарды. Нашар оқиды деген баланың өзі тестке қатысып, грантты иеленді. Бұл жерде Сіздің қаншама еңбегіңіз жатыр. Әрқайсымыздың үйімізге барып, жағдайымызбен танысып, күн тәртібін жүйелі жолға қойып бердіңіз.
Мектепті кері тартатын «екілік» алатын оқушылар ғой. Былтыр сондай екі оқушыны өз қолыңызбен кәсіптік мектепке апарып жаздырдыңыз. Ата-ана қарауынсыз кеткен балаларды ол жақ та қабылдағысы келмепті. Сонда оларды ақылы бөлімге өз қалтаңыздан ақша төлеп Сіз оқыттыңыз ғой. Олар да бір күні маман болып, өз қотырын өзі қаситын жағдайға жетер, отау құрып бір-бір үйлі де болып кетер. Бүтін бір отанның бастауында Сіздің жасаған жақсылығыңыздың шарапаты жатыр ғой. Олар осы үшін де Сізді ешқашан ұмытпайтын болар.
Сіз бізбен қоштасып кеткен күннің ертесінде мектепке қарай тым құлықсыз, енжар күйде барғанымды жасырмаймын. Басшысы жоқ ел басы жоқ адам секілді болып қалады екен. Оқу ошағы күнделікті күйінен жаңылысып ойран топыр сапырылысып жатыр. Тазалықшылар күнделікті әдетін ұмытып жағалары жайлауға кетіпті. Тіпті мектептің даярлық тобындағылар өздеріне арнайылап мектептің артқы жағынан ашып қойған есіктен кірмей, әдеттерінен тарс жаңылып сөмкелерін арқасына қыстырып, құйтақандай боп негізгі қақпадан, ересектердің қолтығының астынан өтіп жатыр.
Есік аузында барлық оқушыдан бұрын кеп күтіп тұратын өзіңіз жоқсыз, жетім баладай жабығып сыныпқа ендік. Бұл біздің ес білгелі табу мен жоғалтудың не екенін алғаш рет түйсініп, өз басымыздан өткеруіміз еді. Енді аз күнде директор ағайымызбен ғана емес бізге тілеулес таяныш болған ұстаздарымыздың барлығымен қош айтысып, жеке-жеке өмір даңғылымен өз соқпағымызды өзіміз іздеп кетеміз-ау деген көңілсіз ой жан-жүрегімізді баурап алды.
Осылай екі-үш күн есеңгіреп жүріп, тез етек-жеңімізді жиып, сіз салған сүрлеумен ертеңге қадам түзедік. Сізге де бізді қиып кету аса оңайға түспеді. Оны бізбен қоштасу сәтінде байқадық. Сіз бізге екі-ақ ауыз сөз айтыңыз: «Айналайындар, сендер періштесіңдер ғой...періштесіңдер». Сіз одан әрі сөйлей алмадыңыз. Жанарыңызда дөңгеленген жасты байқадық. Бірақ сіздің не айтатыныңызды, біз туралы не ойлайтыныңызды жақсы біліп алып едік. Ол сөздерді күніне он рет, жүз рет қайталап жүрсіз ғой. Бірақ соның барлығының астарында шәкірттеріңді «адам болса екен» деген асқақ арманыңыз жатқан жоқ па?
Біз сіздің сол үмітіңізді ақтай алар ма екенбіз? Сіз ше? Сіздің ендігі жай-күйіңіз не болар екен? Сіздің әр күніңіз өзіңіз айтқандай бүгінге дейін періштелердің арасында өтті, желеп-жебеген де солар шығар. Шәкірттеріңіздің бірі марқайтса, бірі шаршатқан болармыз. Бірақ сізге деген көңілімізде қылау жоқ. Сол ықыласымыздан күш-қуат алып, алғы күнге арман жалғауыңыздың астарында осынау шәкірттік махаббатымыздың тылсым тілеуі жатқан болар.
Біз сізді әлі де қимай жүрміз. Жүрегіңіз жұмсақ еді. Бәзбіреу жара салып жүрмесе екен. Өйткені, адамның бәрі періште емес қой. Ақылы қысқа болғанымен құрығы ұзын, амалы аз болғанымен айласы көп, біліп тұрып бүлдіріп, күліп тұрып күйдіріп жүретін мінезден, зәуіде кездеспей қоймайтын асқақ мұраттының аяғына тұсау болар іштарлық, көреалмаушылық деген күйкі көріністен көңіліңіз жасып жүрген жоқ па? Абылай хан өсиетінде: «Мен өз өмірімде адамдардың арасында өзара көреалмаушылықтың көп туатынын көрдім. Парасатты кісі бәрін өзінен іздейді. Көркеуде өзгеден көреді. Егер сен айыптыға әділдіктің бұзылғанын көрсең таң қалма, өйткені жоғарыдағыны жоғарғылар, ал оларды одан да жоғарыдағылар бақылайды» дегеніндей, ұштығы жоқ ұсқынсыз қағиданы қай жолмен, қандай әдіспен қапы қалдырып, қайырлы қадамнан қанағат табуға болады?...
...Сағат таңғы алтының тілін соққанда жарқ етіп көше шамдары жанды. Әр жарықтың, жақсылықтың да өз ғұмыры болады.
Айналаны ақ ұлпа қар көміп қалыпты. Аппақ. Нақ біздің өзіңізге деген аппақ көңіліміз тәрізді. Дүниеде кіршіксіз көңілді кір басқаннан асқан қасірет жоқ. Қайда жүрсеңіз де сізді айнадай тазалықтың шыңынан көргіміз келеді, ағай! Біз сізге жер бетіндегі ең үлкен жақсылықты тілейміз...
Сәлеммен өзіңіздің сүйікті шәкірттеріңіз.
Баян ҮСЕЙІНОВА