№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ана жүрек – достыққа тірек

Ана жүрек – достыққа тірек

Елімізде  сан түрлі этнос өкілдері бір арнаға ұйысып, татулықта тіршілік кешуде. Әрине, мұндай бейбітшіліктің бастауында ұлттар мен ұлыстардың өзара рухани келісімі тұр. Иә, исі қазақ жаратылысынан татулықты сүйгендіктен бе, жүректің қалауы тыныштық болғандықтан ба, Елбасы Жарлығымен қабылданған 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні  жыл сайын жоғары  деңгейде тойланып, халықтар арасындағы татулықты нығайтып келеді. Бұл – тек татулық қана емес, жас ұрпақ үшін тарих туралы сыр шертетін тағылымға толы мереке.
Осы орайда, ынтымағы ұйысқан, жазиралы Жаңақорған ауданында да сан түрлі ұлттың өкілі береке-бірлікте ғұмыр кешуде. Арасында қыз алысып, құдандалы болып жатқандары да жетерлік. Осындай екі ұлттың өкілдері бас қосып, бір шаңырақ астында өркен жайып отырған отбасының бірі Каунаевтар әулеті. Отанасы Рамзалия Төреханова татар, ал, отағасы Исламбек Каунаев шешен ұлтының өкілі. Шаңырақ көтергендеріне отыз үш жылдың  жүзі болған  отбасы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Өздерінен өрбіген жеті ұл-қызға тәлімді тәрбие беріп, қазақи салтты ұстануға баулыған Рамзалия әжейдің ел еңсесін тіктеуде еңбегі еселі. Саналы ғұмырында аудан орталығындағы «ПМК-70» мекемесінде 20 жыл еңбек етіп, өзінің еңбексүйгіштігімен, бауырмалдығымен жемісті жұмыс жасаған. Ол бүгінгідей бейбіт заманға шүкіршілік етеді.
– Біздің отбасымызда бірлік пен ынтымақты берік ұстау бірінші қағида. Өзге ұлт өкілі болсақ та жанымыз, жүрегіміз қазақ халқымен бірге. Қазақи салт-дәстүрді берік ұстанып, басымнан ақ жаулығымды тастаған емеспін. Жұма сайын бауырсақ пен жеті шелпек пісіріп, жиі ет асамын. Келген қонақтарға әрдайым есігім айқара ашық – дейді ақжаулықты ана ағынан жарыла.
Иә, ақиқатында қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналғаны айқын. Бұл жөнінде Рамзалия Төреханова жұртшылыққа мерекелік лебізін былай жеткізеді.
– Қазақ халқы данышпан, қонақжай әрі өнерлі халық. Біздің Жаңақорған жерінде ел бастаған батырлар да, өздерінің әділ сөздерімен ел қамын мойнына артқан ақын-жыраулар да, Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын әлем көгінде желбіретіп, ел мерейін тасытып жүрген спортшылар мен өнер иелері де көп. Міне, мен де бақыт, қызықты ғұмыр, көптеген дос сыйлаған осындай Отаным – Қазақстанмен қай кезде де мақтанамын. 1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні елімізге құт, береке әкелсін, бейбіт аспанымыздың күні жарқырай берсін, Қазақстан халқы жасасын! – дейді Рамзалия Рафхатқызы.
Сәті түскен салиқалы сұхбат соңында  Рамзалия апамыз бізбен жылы қоштасты. Жүзінен мейірбандықтың шуағы төгілген, кең пішілген тұла бойы мен дархан жүрегінен шаттықтың лебі ескен асыл ана немерелерінің қызығына кенелуден артық бақыт жоқ деп есептейді. Барша анаға тән ақ тілегі – бейбітшілігіміз баянды болса екен дейді.
Жұпар ШАЙМЕРДЕНОВА.
01 мамыр 2018 ж. 1 211 0