№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тейлериоз ауруымен күресу жолдары

Тейлериоз ауруымен күресу жолдары


Тейлериоз (сары безгек) – жіті және жітілеу түрде өтетін, қанда тіршілік ететін қарапайым паразиттерден болатын ауру.

Мүйізді ірі қара тейлериозы еліміздің оңтүстік өңірінде мал ауруларының арасындағы кең таралған инвазиялық аурулардың бірі. Бұл ауру тек қана кең таралғанымен белгілі болмай, ауырған малдардың өлім-жітімге ұшырауының көптігімен, буаз сиырлардың түсік тастауымен, емдеуге және бағып күтуге кететін шығындардың көптігімен, малдардың аурудан жазылғанының өзінде оңалуының қиындылығымен, яғни жалпы мал шаруашылығына өте үлкен зияндылығымен сипатталады.

Қоздырғыш кененің сілекейі арқылы мал денесіне еніп сөл бездерінде, бауыр және талақта тез көбейіп, эритроциттерді зақымдайды. Жас және сырттан әкелінген малдар өте қатты ауырады. Аурудың жасырын кезеңі 11-15 күн. Алғашқы күндері ауырған малдың желініндегі, шабындағы, жауырын алдындағы бездері қабынып шошып, 2-3 есеге іседі. Оларды сипап көргенде қатты екендігі және ауырсынатыны байқалады. Сонан соң, дене қызуы 40-41,8ºС-қа дейін көтеріліп, малдың тәбеті төмендеп, сүті азайады, қатты күйзеледі, қан тамырының соғуы және тыныс алуы жиілеп, ас қорыту қызметі бұзылады, қиы сұйықтанып оған шырыш кейде қан қосылады. Зәрдің шығуы қиындайды. Дер кезінде емделмеген малдың ауруы өршіп, мал жем-шөптен бас тартады, суды сүйсінбей ішеді, күйіс қайыру және сүттің шығуы мүлдем тоқтайды. 6-8 күннен соң дене қызуы төмендеп, мал тез арада шығынға ұшырайды.

Емдеу жолы: Ағзадағы ауру қоздырғыштарын жою үшін телемакс препараттарын бұлшық етке 1 мл/20 кг тірі салмағына егеді. Егер малдың дене қызуы төмендемесе 48 сағаттан соң қайталау керек. Зақымданған жүйелерді қалпына келтіру үшін кофеин, С, В12, А витаминдерін, чемерица тұнбасын, окситетрациклин, тилозин пайдаланады. Малды оқшаулап жеңіл қортылатын азықтармен (жас шөп, айран, сүт, кебек быламығы) және салқын сумен қамтамасыз етеді.

Алдын алу шаралары: Ауру орын алған аймақта ірі қара малдары вакцинацияланады. Кенелерден қорғану мақсатында 4-5 күн сайын хлорофос, диазинон, неоцидол, т.с.с. препараттарының судағы ерітінділерінің 0.5-2 литрін, әр бас малдың дене салмағына сәйкес, шашып жуындырылады. Қоражайларды жылына 3-4 рет кенеге қарсы дезакаризациялау (дезинсекцияның түрі) қажет.

Ірі қара малға тейлериоз ауруы кене арқылы жұғатынын ескеріп, көктем және жаз мезгілінің айларында дезинсекция жүргізуді ұмытпаңыздар. Бұл шаралар мал иесі есебінен жүргізіледі.

С.Төлегенов, ҚР АШМ ВБжҚК-нің Жаңақорған
аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы
13 қазан 2022 ж. 1 011 0