№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауру қоздырғыштарынан абай болайық!

Ауру қоздырғыштарынан абай болайық!

Күннің жылынуы мен жердің көктеуіне байланысты табиғат аясына шығып, сейілдеушілер таза ауада зиянды жәндіктерден абай болғаны жөн. Көктеммен бірге барлық жәндіктер оянады. Солардың қатарында кенелердің қауіптілігі жөнінде аудандық санитарлық эпидемиялогиялық бақылау басқармасының бас маманы Нысанкүл Қауленова былай дейді. 
– Аш кенелер күннің көзі жылынысы­мен, жылы қанды жануарларға, адамдарға шабуыл жасайды. Кененің шағуын үнемі байқау мүмкін емес. Өйткені кененің өз денесінен арнайы ферменттер бөлініп, шаққан орнын білдірмейді. Тұмсығын тері қабатына енгізген кене, майда қан тамырларынан көректене бастайды. Сол жерден тойған мезетте бірнеше мың жұмыртқаларын тері астына тастап, сол мезеттен бастап ауру белгілерін шақыра бастайды. Осы белгілер пайда болған жағдайда, кешікпей дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Есте ұстайтын мәселе, денеге жабысқан жерге сұйық май тамызып, пинцетпен абайлап кенені тұмсық тұсынан қысып шайқай отырып, ырғап алу керек. Бір мезетте жұлып алған жағдайда кененің тұмсығы тері астында қалып қояды. Соның салдарынан іріңдеп қабыну белгілері пайда болып қолайсыз жағдайлар туғызады. Кененің шаққан орнын міндетті түрде йодпен залалсыздандыру және тез арада дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Аш кенелер қауіпті. Тіпті адамның өлу қаупі болатыны жасырын емес. Осы жылдың 4 айында көршілес жатқан Шиелі елді мекенінде аса қауіпті жұқпалы Қырым қанды геморрагиялық қызбасы ауруының ықтималды  2 жағдайы есепке алынып, эпидемиологиялық ахуалы алаңдатып отыр. Осындай асқынуларға жол бермес үшін табиғат аясында, саяжайда дем алғанда дененің киімнен жалаңаш жерлерін азайту керек. Далалық жерлерде немесе мал шаруашылығында жұмыс істеген адамдар аса сақ болуы керек. Жабық ұзын жеңді киімдер, шалбардың балағын етіктің қонышына салып қою керек не арнайы кенеден сақтану киімдерін кию керек. Кез-келген кене қауіпті болуы мүмкін.
– Жануарлардан жұғуы мүмкін құтырма ауруының да қауіптілігі басым. Бұл жөнінде неден сақтану керек?
– Бұл ауру адам баласына өте ерте заманнан таныс болғанымен әлі күнге  дейін ауруды тудыратын қоздырғышқа тікелей әсер ететін емі жоқ қауіпті аурулардың қатарына жатады. Құтырманың вирусы қарым-қатынас арқылы,яғни ауру жануар тістеген, сілекейленген кезде беріледі. Құтырма ауруы адамнан адамға өте сирек беріледі. Адамдар тез арада арнайы ем қабылдамаса, құтырмамен ауру жағдайлары 100% қайғылы жағдайға әкеліп соқтырады. Неғұрлым ерте жасалған ем соғұрлым нәтижелі болмақ.Құтырма белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез-келген уақытында кездеседі. Құтырмамен ауырған адамдарда аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 1 жылға дейін созылады.
– Құтырма ауруының негізгі белгілері қандай?
– Тістеген жер ауырып ысиды. Алқы­нып демалады, түрі жаңа ғана жылаған адам сияқты болады. Ауырсынып және қиналып жұтынады,аузының сілекейі қоюланып,желімдесе береді. Адамдарда  ауру басталғанда алғашқы белгілері тістелген жердің қышуы,жазылған жарақаттар мен тыртықтар қайтадан қабынуы болып табылады. Құтырмамен ауырған адам тұйық  болады, адамдармен араласудан қашады,ұйқысы бұзылып,әлсіздік пайда болады. Аурудың бастапқы кезеңі өткеннен кейін дене қызуы көтеріледі, суды көргенде немесе есіне түсіргенде жұтынудың бұзылуы мүмкін. Көп ұзамай аэрофобия, яғни ауаның кез-келген қозғалысы, науқаста қылғынумен жалғасатын ұстамаға әкеліп соғады, ондай жағдай жарық түскенде, қатты дыбыстан да болуы мүмкін. Ұстаманың соңында ауыздан көп мөлшерде сілекей бөлінеді. Адамды үрей билейді, ашуланшақ келеді, құтырынып аласұрады, дене құрысып сал болып қалады.
Өкінішке орай, құтырмамен ауырған адамның 100% жағдайда өлім жағдайымен аяқталады. Қауіп төндірген жануарды құтырған болуы мүмкін деген ой келсе жедел түрде хирург дәрігеріне қаралу керек. Жарақаттаған жануардың иесінің аты-жөні, мекен жайын білу керек. Қандай жағдайда да жануарды өлтіруге болмайды, себебі жарақаттаған жануарды мал дәрігеріне көрсетіп 10 тәулік бойы бақылау керек. Мал дәрігері сол жануардың денсаулығы жайлы анықтама беруі шарт.
Тістеген жерді кір сабынның судағы ерітіндісімен, ағынды судың көп мөлшерімен, сутегі асқын тотығымен жақсылап тазартып, жарақатты жаппай ашық қалдырыңыз. Зардап шеккен адамды ауруханаға апарыңыз, сол жерде оған құтырмаға қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Егу жұмыстарын өз бетімен тоқтатуға немесе медицина қызметкерлері белгілеген тәртіпті ( арақ ішіп,ащы тағамдарды жеуге) бұзуға болмайды, мұндай жағдай орын алса  жүргізілген емдік шаралардың тиімділігі төмендейді.
Осы жайттарды алға қоя отырып халық иттің, басқа да жануарлардың тістеуінен,жабайы аңдардың оғаш әрекетінен сақтанып жүруі керек. 
– Малдан адамға жұғатын аурудың бірі – бруцеллез. Осы ауру түріне тоқталсаңыз...
– Бруцеллез ауруын қоздыратын бруцелла бацилласы мүйізді ірі қара, қой-ешкі, шошқа, т.б. жануар, жәндіктерде бруцеллез ауруын қоздыратын болып бірнеше түрге бөлінеді. Бұлардың ішінде аса қауіптісі қой-ешкі және мүйізді ірі қара малдарының бруцеллезін қоздыратын бруцелла бациллалары.
Бруцелла бацилласы табиға ортаға өте төзімді, топырақта, қида, жемде, суда 4 айға дейін өмір сүріп өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толықтай сақтай алады, тек қана жоғары температураға төзімсіз, 90-100 градусқа қайнатқанда сол бойда өледі. Адамдарға бруцеллез ауру малдарды күткенде, жемдегенде, олардың қораларын тазалағанда шаң-тозаң арқылы тыныс жолдарымен, тері арқылы әсіресе, қолдағы уақ жарықтармен ерін, көз кілегей қабық-тарына түскен бациллалар ауруды шапшаң қоздыра алады.
Ауру малдардың өнімдерін дұрыс қайнатпай тамаққа пайдаланғанда адамға жұғады. Бруцелла бацилласы ауру малдың сүті, дәреті, сілекейімен, терімен бөлініп сыртқы қоршаған ортаны ластайды, сондықтан малдың жүнін қырыққан уақытта да немесе оны жинап басқа да әртүрлі өңдеу жұмыстарын жүргізген уақытта да ауру жұқтырады.
Жыл ішінде әсіресе, наурыз, сәуір айларында мал төлдейтін уақытта ауру малдар іш тастайды және әлсіз ауру малдар өздігінен төлдей алмай адамның көмегін қажет етуі, мал мен адамның тікелей қатынасы ауруды жұқтыруға қолайлы жағдайды туындатады.
Бруцеллезден іш тастаған төлдің кеудесінде, ішінде сұйық көп болады, жүні жетіспеген, кілегей қабықтары қанталаған болады.
Бруцелла бацилласы организмге түскесін 6-10 күн ішінде қан ағзасы арқылы лимфа түйіндеріне кіріп 10-15 күнде көбейеді, 20-30 күннен кейін қанға тарап, нерв жүйесін, буындар, бұлшық еттерді, эндокриндік жыныс бездерін зақымдайды.
Бір айдан кейін дене қызуы көтеріліп, кешке қарай безгек пайда болады. Бұл кезде науқаста қалтырау, көп терлеу, қажып-шаршау, әлсіздену, сүйек-буын және бұлшық еттер ауырлығы байқалады.
Ауруды дер кезінде емдесе одан жазылып кетуге болады. Аурудың алғашқы белгілері байқалғасын уақыт өткізбей дәрігерге қаралып арнаулы емін алған жөн, кешігіп қалған жағдайда организмнің көптеген органдары зақымданып, емдеуді қиындатып мүгедектікке апаруы мүмкін.
Бруцеллез адамнан адамға жұқпай тек малдан жұғатын болғандықтан жеке бас гигиенасын сақтаумен қатар мал шаруашылығына арналған санитарлық-ветеринарлық профилактикалық ком­п­лексті шараларды қатаң сақтап ветеринарлық қызметтің белгілеген профилактикалық шараларын уақы­тында орындалуына көмектесіп отыру міндетіміз.
Әрбір қожалығында малы бар тұлғалар өз малдарының есебін дұрыс беріп, ветеринарлық қызметтің белгілеген кестесіне сай малдарын ектіріп отыруы қажет.
Сатылып алынған, саттыққа шығарылыған мал, еттің сүттің саудасы өнімі алынған малдың денсаулығы туралы мал дәрігерінің анықтамасы бойынша жүргізілуі тиіс.
Төл алу науқаны, төлдеп жатқан малға көмек көрсеткен уақытта қолда резинка қолғап, кленкадан жеңқап, фартук, аяқта етік болғаны жөн. Төлдеп жатқан малға шама келсе балаларды араластырмаған жөн, олар үлкен адамдарға қарағанда ауруды өте тез қабылдайды.
Отардағы малдың жаппай іш тастауы байқалса дереу мал дәрігерлеріне хабарлау қажет. Бақташылар, мал төлдетуге қатысқандар науқанды жұмыс біткесін бір айдан кейін міндетті түрде медициналық бақылаудан өтуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
30 мамыр 2021 ж. 566 0