Соңғы жаңалықтар

№93 (8907) 6

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » 4 “Алтын медаль” иесінің анасы

4 “Алтын медаль” иесінің анасы


Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы – ең алдымен оның жүрегіндегі мейірім мен адалдығына байланысты. Өмір өткелінде атақ та, байлық та уақытша, ал шынайы абырой – ізгілік пен адал еңбектен туындайды. Бұл – ата-бабадан жалғасып келе жатқан өмірлік қағида. Өйткені кісінің байлығы да, атағы да уақытша, ал шынайы абырой – оның жүрегіндегі ізгілік пен бойындағы адалдықтан өріледі. Егер адам айналасындағыларға қайырымды, адал болып, олармен қарым-қатынасын ізгілік пен парасат негізінде құра білсе, ол нағыз абыройлы азаматқа айналады. Осындай қасиеттерді бойына тоғыстырған жандардың бірі – ел ішінде сыйлы, сөзі мен ісі үйлескен, ұрпақ тәрбиесіне адал қызмет етіп келе жатқан абзал жан – Ғазиза Жұмабекқызы.

Ол – тек бір әулеттің ғана емес, бүтін бір өңірдің мақтанышы, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген шынайы тұлға. Жақсылық – адамның ойы, ниеті мен іс-әрекетінде көрініс табады. Біреуге жылы сөз айту, қол ұшын беру, жанашырлық таныту – адамдық борыштың ең асылы. Ғазиза апай дәл осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Ол әрдайым жанашырлық пейілді биік ұстап, айналасындағыларға демеу болуға, қолдау көрсетуге дайын тұрады. Ғазиза апайдың өмірлік ұстанымы – «адамға жақсылық жасау – парыз». Бұл оның әр ісінде, әр қадамын­да көрініс табады. Біреудің қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасу, қажет кезде қолдау көрсету – ол үшін қалыпты жағдай.
Оның мінезінде бір жылылық бар. Қай ортада жүрсе де, айналасына нұр сыйлап, көңілге сенім ұялатады. Ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын мейірімділігі көптің жүрегінен орын тапқан.
Жақсылықты міндет қылып емес, жүрек қалауымен жасаған жан ғана шынайы бақытқа бөленеді. Ғазиза апай дәл сондай бақытты жан.
Ғазиза Жұмабекқызы еңбек жолын баспа саласында бастап, көп жылдар аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде есепші болып еңбек етіп келеді. Есеп-қисаптың қателікті көтермейтінін білетін ол жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарады. Ұжымда сенім артып, барлығы арқа сүйейтін маманға айналды. Қосымша мамандық алып, мектеп қабырғасында ұстаздық жолға қадам басты. «Ұстаз болу – өз өміріңді ұрпақ болашағына арнау» деп түсінетін оның әр сабағы тәрбиелік мәнге де бай. Шәкірттерінің бойына адалдықты, ізденімпаздықты, еңбексүйгіштікті дарытуға тырысты.
Ғазиза апайдың жолдасы Ерік Орынбасарұлы – ұстаздықты өмірінің мәні санаған жан. Екеуі де бір-біріне деген сыйластығы, түсіністігі арқасында отбасының берік іргетасын қалаған жандар. Бұл отбасында бос сөз бен жалқаулыққа орын жоқ. Тәртіп, еңбексүйгіштік, өзара қолдау – олардың басты ұстанымы.
Міне, сол тәрбие мен талаптың нәтижесінде отбасының төрт бірдей перзенті мектепті алтын медальмен аяқтады. Үлкен ұлы Наурызбай Орынбасаров 2011 жылы мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «мемлекеттік жергілікті басқару» мамандығын меңгеріп, бүгінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры қызметінде. Екінші ұлдары Самат Орынбасар 2013 жылы мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «заңгер» мамандығын меңгеріп, бүгінде Қызылорда қаласы прокуратурасында бөлім бастығы. Қыздары Толғанай мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы қаласында «Тұран» университетін, «Ағылшын тілі» мамандығын алып, барлығы да магистратураны қызыл дипломмен бітірді. Ал, кенжетайы Нұрқұйар Орынбасар биыл мектепті алтын белгімен бітіріп, Астана қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқу грантын жеңіп алды.
Бұл – тек бір отбасының жетістігі ғана емес, бүкіл елге үлгі боларлық өнеге.
Білімқұмар, ізденгіш, өз алдына мақсат қоя білетін әрбірі – ата-аналарының адал еңбегін, ұстанымын бойына сіңіріп өскен деп толық айта аламыз.
Ғазиза апай үшін бұл – ең үлкен марапат. Өйткені өмірдегі ең қымбат байлық – ұрпақтың парасатты, білімді болып өсуі.
Ғазиза Жұмабекқызы – тек өз перзентінің ғана емес, ауылдағы жастардың ақылшысы. Оларға үйінің есігі әрдайым ашық, дастарқаны мол, жылы сөзі дайын. Көрші-қолаң, әріптес, шәкірт – бәрі де оның жанашырлығын сезінген.
«Ана – отбасының ғана емес, елдің де алтын қазығы» деген сөздің мәнін Ғазиза апайдың өмір жолынан айқын көруге болады. Ғазиза Жұмабекқызының өмірі – жас ұрпаққа тағылым.
Қай салада жүрсе де адалдықпен қызмет ету, жақсылықтан бас тартпау, оның басты өмірлік қағидасы.
Мұндай адамдар – қоғамның тынысы, ұлттың ұстыны. Өйткені бір отбасының тәрбиесі бүтін бір ұрпақтың болашағына әсер етеді. Біздің Ғазиза Жұмабекқызы осының жарқын дәлелі.

Әсел РЗАЕВА

12 тамыз 2025 ж. 763 0