Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Берекені ұрлаған несие

Берекені ұрлаған несие


Бүгінде қымбатшылық қыспаққа алып, жалақы мен зейнетақы бағаның алдында қауқарсыз қалған уақыт. Экономикалық қиындық, бағаның күн санап өсуі, жалақының сатып алу қабілетінің төмендеуі – бәрі бір нәрсені анық көрсетіп отыр: қарызсыз өмір сүру қазір қиялға айналды. Біреу тұрмыстық техника үшін, біреу той жасауға, енді бірі күнделікті азық-түлікке дейін несие рәсімдейді. Осылай халықтың күнделікті тұрмысы несиеге тәуелді болып барады. Біреу той жасауға, біреу үй алуға, енді бірі азық-түлікке дейін қарыз рәсімдейді. Ал банктер мен микроқаржы ұйымдары мұны оңтайлы пайдаланып, жоғары пайызбен ақша беріп, елдің соңғы тиынына дейін сорып отыр.

Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы дерегінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді 9,3 млн адамның шамамен 7,4 миллионы, яғни 79 пайызы банктер мен қаржы ұйымдарына қарыздар. Оның ішінде 1,4 млн-ы төлемін 90 күннен аса кешіктірсе, 900 мыңнан астам азамат бір жылдан бері қарызын жаппаған. Тағы бір алаңдатар дерек: 2024 жылдың соңында елдегі тұтынушылық несие көлемі 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 5 триллион теңгеден асып кетті. Бұл – әрбір отбасының орта есеппен 2-3 несиеге тәуелді екенін білдіреді.
Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары несиені есепсіз беріп, қарапайым халықтың несібесінен айырды десек қателеспеспіз. Керек десеңіз, бір адамның басында бір емес, бірнеше несиеден қордаланған көп қарыздан басы қатып, өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының да жиі қылаң беруі алаңдатарлық жай.
Қаржылай несие өз алдына, ұялы телефоннан бастап тұрмыстық техниканың барлық түрі, үй жиһаздары да несиеге рәсімделуде. Оны да тегін бергендей алып, банк алдындағы берешегін төлей алмай, дүние-мүлкінен айрылып жатқандар қаншама. Байқағанымыздай, бізде халықтың қаржылық сауаты төмен екені аңғарылады. Осыны банктер уақытында пайдаланып, ашықтан-ашық алдауға көшкен. Соның биссмилласы, несие рәсімдеген клиенттің қолына ұзын-сонар келісімшарт қағазын ұстатып, қол қойдырта салады. Бас-аяғы 7-8 беттен тұратын келісім-шартты оқығанның өзінде түсінетіндер аз. Оған ешкім қарамайды да, оқымайды да, қол қоя салады. Бір ғана мысал келтірейікші, келісімшарт ішінде «аннуитет» деген бар. Оған несие алғандар ай сайын 100 мың теңге төлесе, соның үш пайызы, яғни 3 мың теңгесі ғана негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы – банктің пайдасына шешіледі. Одан бөлек, алған несиеңізді жапқанша сақтандыру компаниясына төлейтініңіз бар. Несиені жауып біткенде, ол ақшаны қайтарып алуыңызға болады. Бірақ көпшілігі оны білмейді.
Осы тұста, оқырмандарға айтарымыз, егер несие алған болсаңыз, несиені уақытынан бұрын толық жапқан жағдайда сақтандыру компаниясына өтініш жазып, ақшаңызды кері қайтарып алуыңызға болады.
Ақпараттарға көз жүгіртсек, Ұлттық банк тізімінде 100 шақты шағын қаржылық ұйымдар бар екен. Екінші деңгейлі банктер мен шағын несиелік ұйымдармен интернет желісі арқылы несиелендіру бағдарламаларының да көпшілік арасында кең қолданыс тауып жатқанын анық байқауға болады. Яғни, «айлыққа дейін» азаматтарға берілетін орташа құны 30-50 мың теңге шамасындағы несие беретін ұйымдардың жұмысы қызып тұр. Мұндай ұйымдар ұсынатын қаржының тиімділігі уақыт пен құжат жинауды талап етпейтін ұтқырлығы. Ал, тиімсіз тұстары шаш-етектен. Солардың біршамасын санамалап көрейік. Ең бірінші тиімсіз тұсы – пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылығы. Алынған несиенің пайызы күн санап артып отырады. Төлем кешіккен әр күн үшін 1 пайыз өсім қосылып тұрады. Сол үшін де ондай ұйымдар қарыз алушыны несиесін тезірек төлеуге асықтырмайды. Себебін түсініп отырсыз. Мұндай өлшеммен несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 365 пайызға бір-ақ жетеді. Мысалы, 30 мың теңге несие рәсімдеген болсаңыз, небәрі бір айдың ішінде 40-45 мың теңгенің көлемінде өтемақы қосып төлейсіз. Әйтпесе, сіздің шотыңызға шектеу қойып, есепшотыңызға түскен қаржыны шектейді. Тағы бір кемшілігі, мұндай ұйымдардан несие алып, оны уақытылы қайтара алмасаңыз, оның барлығы сіздің несие тарихыңызға жазылады. Одан кейін әдеттегі банктерге маңайлаудан қаласыз. Мұндай ұйымдар, сондай-ақ, беретін несиесі үшін (мейлі ол аса ірі мөлшерде болмаса да) кепілдік талап етеді. Ол кепілдік басқа емес – құжат. Жеке бас куәлігі немесе төлқұжаттың өзі. Елімізде жеке басты куәландыратын құжатты кепілдікке қою заңмен тыйым салынғанын және оның арты ірі алаяқтыққа апаруы мүмкін екенін ескеру керек. Бірақ бұл талаппен таныс болса да олар мән беріп отырған жоқ. Шағын несиелік ұйымдардың қызмет көрсету сапасының төмендігін де айта кеткен жөн. Несие алушыға жеңілдік ұсыну деген дүниелер оларға мүлдем жат. Сіздің жасаған өтініш, сұраныстарыңызды елемей қою олар үшін түк емес.
Мұндай мекемелер қызметінің тағы бір күмәнді тұсы – қарызын қайтармаған клиенттерден несие өндіру тетіктерінде жатыр. Қарызыңызды қайтармай қойсаңыз, олар сізді ешқашан тікелей сотқа бермейді. Оның орнына борышкерлермен жұмыс істеу жөніндегі қызметтердің көмегіне жүгінеді. Сотқа да солар береді. Неге дейсіз бе? Шағын қаржы ұйымдарының дені қызметтерінің заң аясында және таза екеніне кепілдік бере алмайды.
Несиені дер кезінде төлей алмаған қазақстандықтарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде. Тіпті қарызын кешіктірген күндерге еселеп қайтаруға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.
Міне, осындай келеңсіздікті көре тұрып, халық тапқан-таянғанын тұтастай банкке беруді әдетке айналдырған. Ол төлемнің басым бөлігі банк еншісіндегі үстемеақылар. Екінші деңгейлі кейбір банктер шекараның арғы бетінен 2-3 пайызбен алған қаржыларын халыққа 25-45 пайызбен беріп жатқанын ескерсек, болашақты бағдарлау қиын. Әлбетте, таяқтың екі ұшы бар. Қалай десек те, халық қарызға өмір сүруге құмар-ақ. Несие алып той жасап, несиемен үйін дүниеге толтыру қалыпты жағдайға айналғандай. Тіпті, азық-түліктің өзін несиеге рәсімдейтіндер де бар. Бес жыл бойы жүргізілген ауқымды зерттеудің нәтижесінде Гарвард университетінің ғалымдары жұрттың лаңкестіктен емес, қаржы мекемелерінен көбірек зардап шегетінін дәлелдеп шықты. Олардың мәліметінше, осы мерзім ішінде 40 мыңға жуық адам қаржылық қиындықтар салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған көрінеді.
Осы тұста, аудандағы қаржы саласының ардагері Жамур Мүсілімнің өз айтары бар:
– Қазір сананы тұрмыс билеген уақытта, “несие алмаңдар” деп айта алмайсың. Жұрт жейтін тамағының емес, несиенің жайымен шапқылап жүр. Осыны банктер оңтайлы пайдаланып отыр. Бұрын несие алатын болсақ, айлық табысты есептеп, жұмыс орнынан арнайы анықтама алдыратын. Ал қазір үйде отырып-ақ, телефон арқылы ала беруге болады. Жүз мың айлық алатын болсаң да, екі жүз мың кредит бере береді. Банктердің пайыздық үстемақысы өте көп. Шын мәнісінде, елімізде халықтың 90 пайызы несиенің нәубетін арқалап жүр. Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан деген азамат өте жақсы бастаманы қолға алып, оңтайлы ұсыныстар айтып келеді. Мен толықтай келісемін. Сол несиенің зардабын біздің балаларымыз да көріп жүр. Несие алмайын десе, қарекет ету үшін әжептеуір қаражат керек. Амалдың жоғынан банктердің есігін қағуға тура келеді. Дей тұрғанымен, несиені ақылмен алмағандар, үлкен пайыздары бар қарыздардың шырмауында қалып жатады. Нәтижесінде кепілдікке қойылған баспанасына дейін иелігінен кетіп, сан соғып жататын жағдайлар да көп. Өйткені біздегі банктердің үстемақысы өте көп. Бұл мәселе де өз шешімін табар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын уақыт та келер. Халық шыдамдылық танытса. бұл ауыр кезеңдерден де өтіп кетерміз, – дейді қаржы саласының ардагері.
Күліп келетін қарыздың жылатып қайтатыны енді түсінікті болар. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, несие пайыздарымен дұрыс жұмыс істеуді үйрету бағытында елімізде ешқандай жүйелі жұмыстың жүргізілмей жатқаны жанға батады. Егерде осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілетін болса, «қатықсыз қара су ішсе де» бойына сіңіп, ұйқы тыныш, көңілге кірбің түспей қарызсыз өмір сүруге әдеттенер ме едік...

Ә.ИСАБЕКОВА

06 қазан 2025 ж. 1 284 0