Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Мейіріммен өрілген мамандық

Мейіріммен өрілген мамандық


Адам өмірінен қымбат не бар?! Жарық өмірді сақтап қалу үшін уақытпен санаспай, әр минутын, әр күшін аямаған, адам жанының қиналысын да, қуанышын да өз жүрегінен өткізетін, науқаспен бірге күресіп, бірге жеңетін жандар бар. Олар – ақ халатты абзал жандар. Дәрігер – тек маман ғана емес, ол – сенім, үміт, мейірім иесі. Шыр етіп дүниеге келген нәрестеден бастап, санаулы сағаты қалған қарияға дейін дәрігердің көмегіне зәру. Қандай жағдай болсын науқастың қасына бірінші болып жететін де, қолынан келген көмегін көрсететін де – осы мамандық иелері. Бүгін біз сондай азаматтың бірі – Байкенже ауылындағы емхана қызметкері Тоқан Жайық Алдабергенұлы жөнінде айрықша тоқталмақпыз.


Өз ісінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жан талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті алдына келетін ауыл тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетуде. Ол қашанғыдай жайдары мінезінен жаңылған емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен дәрігерді «адам жанының инженері» десек жаңылмаймыз. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген дәрігер «адам денсаулығының сақшысы» қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ол бала кезінен еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, айна­ласына жанашыр болып өсті. Үлкендердің алдынан кесе өтпей, батасын алып, елге пайдасы тиетін азамат болуды армандады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ол медицина қызметкері болсам екен деп армандады. Ауылдағы №193 мектепті 9 сыныпқа дейін оқып бітірген соң 2013 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі.
– Ата-анам дәрігерлікке икемімнің бар екенін айтып, маған сенім артты. Мектеп қабырғасынан соң медицина мамандығы бойынша білімімді жалғадым. Қазірде осы салада әлі де оқып-тоқумен үнемі ізденісте келемін. Адам өміріне деген жауапкершілікті жүктейтін саланы таңдаған соң қате жібермеуге тырысу керек. Медицина саласы сонымен қатар мінезге де сын. Кішіпейілділікті, сабырлылықты, адалдықты талап ететін мамандық деп түсінемін. Әсіресе бүгінгі қоғамда адамдардың психологиясы өзгерген. Көпшілікпен түсінісіп жұмыс жасау да өнер. Кейінгі кездері психологиялық ахуал да күрделі. Бұл жұмыссыздықтан, әлеуметтік жағдайлардың төмендігінен де болса керек. Дей тұрғанымен «Адам өмірі – ең қымбат қазына» екені, сол бағытта жауапкершілікті төмендетуге болмайтынын жақсы түсінеміз, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің сөзінше, еңбек жолында кездескен бар қиындықты жеңген адам ғана өз саласының үздігі болмақ. Ол 2017 жылы Жаңақорған аудандық ауруханасының емханасында еңбек жолын бастады. Қызметке келген алғашқы күндерден-ақ өзінің жауапкершілігі мен тиянақтылығымен ерекшеленді.
2018 жылдан бастап туған ауылы – Байкенже емханасында тұрақты қызмет атқарып келеді. Дәрігердің еңбегі тек жұмыс уақытымен шектелмейді. Кез келген уақытта ол дәрігерлік уақытта көмекке дайын, ауылдағы ақ жаулықты аналардың, ақсақалдардың жағдайын сұрап, қан қысымын өлшеп, алғашқы медициналық көмек көрсетуді күнделікті әдетке айналдырған.
Ауыл тұрғындары да оның бұл жанашырлығын ерекше бағалайды. «Тоқан келсе көңіліміз орнына түседі» дейтін ауыл қариялары оның адамдық қасиетін жоғары қояды.
Тоқан Жайықтың өмірлік мақсаты айқын:
– Менің ең басты мақсатым – халықтың алғысына бөлену, аурулардың алдын алып, тұрғындардың денсаулығын жақсарту. Әсіресе қарттарымыздың ұзақ, сапалы өмір сүруіне өз үлесімді қосқым келеді. Өйткені үлкен кісілер – ұлттың қазынасы. Олардың дендері сау болып, ұрпағының қызығын көріп жүргенін қалаймын. Бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Денсаулық – ең қымбат байлық. Саулығының кінаратына селсоқ қараған дәрігердің қателігін ешқандай адам кешірмейді. Ауа райының кез-келген қолайсыз жағдайларына қарамастан ақ халаттылар науқасқа дер кезінде ем жасап, жанына шипа болуына тура келеді. Күнделікті қабылдауда қаншама жұқпалы және қатерлі аурулармен тікелей қатынаста болады. Қауіпті тұсы осы болса да таңдаған мамандығыма еш өкінбеймін, – дейді ол.
Бұл сөздер оның жан дүниесіндегі мейірім мен елге деген адалдықтың айғағы іспетті. Ауыл өмірінде әрбір маманның еңбегі көзге бірден түседі, әсіресе денсаулық сақтау саласында. Тоқан Жайық – білімін, тәжірибесін және жүрек жылуын туған жеріне арнаған азамат. Ол тек медициналық қызмет көрсетіп қана қоймай, ауылдағы руханият өрісінің де тереңдеуіне үлесін қосып келеді.
Оның мейірім мен жауапкершілікке негізделген еңбегі жас буынға үлгі, ал үлкендер үшін – сенім мен тірек. Оның әрбір ісінде адамға деген құрмет, өмірге деген сүйіспеншілік байқалады.
Жас маманның кәсібіне деген адалдық пен елге деген сүйіспеншілігі келешек бедел биігін қалыптастырары анық. Осындай азаматтар көбейсе, ауылдың да, елдің де мерейі үстем болары сөзсіз.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ

05 қазан 2025 ж. 1 440 0