Конго Қырым геморогиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайы
Аудан бойынша Конго Қырым геморогиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайы
Құрметті Жаңақорғандықтар!
Аудан бойынша маусым айында Конго қырым геморогиялық қызбасының 3 жағдайы тіркеліп, эпидемиологиялық жағдай тұрақсыздануда.
25.06.2022ж – 1 жағдай (Жаңарық ауылы),
26.06.2022ж -1 жағдай (Келінтөбе ауылы),
28.06.2022ж - 1 жағдай (Талап ауылы).
Эпидемиологиялық тексеру кезінде науқаспен қарым - қатынаста болған 24 адам анықталды, оның ішінде 1 адам - медициналық қызметкер, олардың 22-і амбулаториялық медициналық бақылауға алынса, 2 қарым – қатынастағы адамдар стационарлық бақылауға жатқызылды.
Ошақта эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, тіркелген 3 ошақтан 64 дана кене жиналып, зертханалық тексеруге жолданды.
КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында Жаңақорған ауданының санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен тұрғындар арасында тұрақты түрде санитариялық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері: инкубациялық кезең (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан аурудың алғашқы белгілерінің пайда болуына дейінгі мерзім) 1-14 күнге дейін созылады, бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады.
Аурудың алғашқы белгілері: дене қызуының кенеттен 39-40ᵒС-қа дейін көтерілуі, қатты бас ауыруы, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қызарып, ісінуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі, ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілері болады, ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қалай жұғады?
Негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасымалдаушы кене болып табылады. Адамның ауруды жұқтыруы жұқпаланған кенемен қатынаста немесе кене шаққан жағдайларда, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруымен ауырып жатқан науқас адамға күтім жасау кезінде науқастың қаны және ағза бөлінділері, сұйықтықтары арқылы және КҚГҚ қоздырғышымен залалданған медициналық құралдармен жанама байланыс арқылы жұғуы мүмкін. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жануарлары, жабайы сүтқоректілер де (қояндар, кеміргіштер, кірпілер және т.б.) табиғи резервуар және қоздырғыш көзі болып табылады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын-алу:
- табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы залалсыздандыру.
- табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда, қырқым кезінде кенелердің шабуылынан сақтану және кене қанымен жанасуды болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию қажет (қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, жақсы қорғалған аяқ және бас киім, резіңке қолғап);
- табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті, жақсы қорғалған, резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, бастың шаш бөлігі, дененің арқа жағы, т.б.), бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет. Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын немесе оны өлтіретін арнайы репеленттер құралдарын қолдану қажет;
- кене шаққанда немесе кенемен жанасуда болу арқылы аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болғандықтан, өзіңізді және өз жанұяңызды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз!
Кене шаққан немесе кенемен жанасу болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.
Қадірлі жерлестер!
Жоғарыда көрсетілген барлық алдын - алу шараларымен мұқият танысып шықсаңыздар. Адам денсаулығы - ең басты құндылық.