Қазақ халқы өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын аса жоғары бағалаған және оны сақтап ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап жеткізуге тырысты. Алайда әлеуметтік желілерде қаптаған бейәдеп сөздер мен ерсі қылыққа толы бейнежазбалар қазақтың сан ғасырдан қалыптасқан өз дәстүріне ұлкен соққы болып тиюде. Әсіресе әр ата-ананың ұлын ұяға, қызын қияға қондыруда жасалатын қызықшылық тойынан ұлттық құндылықтар, ар-ұят пен кісілік қасиеттер де кете бастағандай. Ал біздің тойшыл қауым мен асабалар той жиынның салтанат пен қуаныш, үлгі-өнегенің, салт-дәстүрдің белгісі көрінуі тиіс айрықша тәрбиелік орын екенін ұмытқан секілді. Сондықтан бүгінгі әңгімеміз ұлттық тәрбиенің бесігі саналатын, ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан той мәдениеті төңірегіндегі түйткілдер жайында болмақ.
Бүгінгі әңгімемізде той айналасындағы қазақи болмысымызды тілге тиек етуді жөн көрдім. Бір көңілге түйер мәселе, еліктеу ме, әлде білместік пе, әйтеуір тойларымызда қазаққа мүлдем жат, келеңсіздікке ұрындырар «жаңаша» дәстүрлер дендеп еніп барады. Сол себепті тойды өткізетін, жүргізетін, оның сәнін келтіретін асабаны дұрыс таңдай білу керек. Қазір тілге шешен, өнерге жүйрік, сегіз қырлы, бір сырлы небір асабалар жетерлік. Бірақ олар жергілікті жердің салт-дәстүрі мен әдетғұрпын жете білмейді. Тіпті кейбірі оғаш қылыққа салынады. Оған дәлел ретінде өзім куә болған бір-екі тойдан ой қозғай кетейін.
Жақында танысымның тойында болдым. Сонда салт-дәстүрімізден гөрі қуаныштың қызығын аста-төк асқа тіреп, түсініксіз салттарға куә болдым. Бұрынғы қазақ тойының сәні өнерлі қыз, әнші жігіт, дәулескер күйшілердің қатысуымен болатын. Қазір музыка барынша қатты қойылып, құлақ сарсытады, ештеңе естімейсің. Жақсы әндер де, өлеңдер де айтылады. Бірақ құлаққа сіңбейтін әрсізнәрсіз «өлеңсымақтар» тіпті көп. Оған той басқарушының жастар жағын ортаға шығарып ерсі қылықпен биден жарыс ұйымдастыратынын тағы қосыңыз.
Тойда отырған адамдардың жас ерекшеліктері де мүлде ескерілмеген. Арасында естір құлаққа түрпідей тиетін әзіл-қалжыңдар да айтылып жатты. Оған ескерту жасап жатқан жан жоқ, керісінше дарақы күлкілермен қошемет көрсетілді. Тойда келушілер тарапынан тойда көп жақсы тілектер айтылды, сый-сияпат көрсетілді. Міне, осы сәтті ұтымды пайдалануда асаба шеберлігі мен той иесінің талғамы қажет еді. Алайда тойларымыз бос әңгіме мен ұзаққа созылған тілек соңы жиналысқа айналып кеткендей. Бітпейтін бірсарынды жаттанды тілек. Меніңше тойда сөзді ақсақалдар мен азаматтар, ел аналары мен сөйлей білетін адамдарға шектеп берген дұрыс деп ойлаймын. Бұрын тойларда әкесі, анасы сөйлесе бала-келіндері мен қызкүйеулеріне сөз бермейтін. Қазір бәрі қатарласа тұрып сөйлеп, тіпті немережиендеріне ән, тақпақ айтқызып, би билетеді. Осы тұста «жас сәбиге көптің назары түседі» деген қағиданы ұмытуға айналдық. Оларға таласа ақша шашып, балаларды жаман әдетке, дарақылыққа тәрбиелеп жатқанымызды мүлдем сезінбейміз.
«Жүре берсең, көре бересің» дегендей тағы бір тойды әлеуметті желіден байқап қалдым. Бейнебаянда той басқарушы асаба әжептеуір танымал адам. Ол ұзатылып бара жатқан қыздың қолын ұстау үшін ортаға 70-тен асқан әжесін шақырып, немересінің қолын күйеу баласына «қол ұстау» жасатты. Неғылған салт? Қай қазақта анасы, әжесі қызының қолын ұстатқан, біздер тарихтан бұл дәстүрді жеңгелерінің міндеті деп оқыдық емес пе? Әрине, кейбір аймақта түрлі салт-дәстүрлердің өзгешелігі болар, бірақ ол қазақтың тәлім-тәрбиесінен асып кетпеген.
Сондықтан бәріміз бір атаның баласы, «бар қазақ – бір қазақ», «Әр қазақ – жалғызым» деген қағидалы ойдан алыстамағанымызды ұмытпауымыз тиіс. Бүгінгі қазақ тойындағы бәсекелестік пен дарақылық та әдетке айналған. Көргеннен көзақы алу немесе бірінің жасағанын бірі қайталау. Мәселен, түнде келіннің бетін аштырып, ұзатылатын қызды сыңсытып, үстел жағалатып сәлем салдырады. Бұл қазақтың қай дәстүрінде бар еді? Мен мұны қазіргі заманның шоумендерінің ақша табу жолында ойлап тапқан тірлігі деген болар едім. Бұл да ойланарлық жайт. Әр ата-ана туған қызының төркініне сәлем салмайтынын білсе екен.
Осы тақырыпта жастар жағына сауалнама жүргізген едім. Солардың бірі кент тұрғыны Азат Ермекұлы: « Қазір әлеуметтік желіде жарияланып санмыңдаған көрсетілім жинап рейтінгісін көтеріп алатын парақшалар саны көбейді. Тіпті онда енгізілген тойдағы бейнелерді көруге ұяласың. Тәлім-тәрбиесі жоқ адамдар ма дейін десең тілің жазықты болады. Кімді кіналарыңды білмейсің. Олар тек «Ұят – беттің пердесі» дегенді естен шығарғандай» дейді.
Ал өзінің аты-жөнін жазбауды сұраған ауданның белгілі азаматы «Қоғамды тезге салатын жүйені атап бере алмаймын. Дін десең – діншіл, дәстүр десең – ұлтшыл, тіл десең – оппозиция болып кетесің. Менің ойымша, мемлекет о бастан ұлттық құндылықтарды мемлекеттік құндылық қатарына қойып, бірге дамытуы керек. Сонда халық санасында, ұлттың ішінде өзіндік бір құндылықтар қалыптасып, қоғамдық сананың бұзылуына жол бермейтін күш пайда болады. Ал көргенін саналы түрде сараптай алмайтындардың бұл тірлігі ақылсыздықпен істеген арсыздық» деп пікірін білдірді.
Қазіргі қазақ тойды қалай жасарын білмей, тойдағы жол-жоралғыны орынсыз қолданып, бұрмалап алып кетіп жатыр. Ата-бабаларымыздың тойдағы дәстүрлерін қарап отырсаңыз, көп қиындығы жоқ, қалтаға салмақ болмайтын халықтық негізде жасалған. Тіптен қазіргі заманға, қоғамға бейімделе кететін, жасампаз әдет-ғұрыптарымыз да бар. Біз неге соны қолданбаймыз? Міне, осындай жалпы халықтық дәстүрлеріміз назардан тыс қалуда.
Айта берсек сөз түбіне жетпеспіз. Бұл ойлар кейінге сабақ болса деген ниет еді. Біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен әдетғұрпымыз ең жоғары деңгейге қоюға әбден лайық. Оны бұрмаламай, орынорнымен пайдалану кезек күттірмейді. Барлық қазаққа ортақ нәрсе – салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырың екенін естен шығармаған жөн. Бүгін салт-дәстүрімізге көз жұма қарасақ, ертең ұл мен қыздан қандай қазақы қайыр күтеміз? Тойды жақсы көретін қазағымыздың салтына кінәрат неден түсті? Осы сауалдарға бірлесе жауап іздесек деймін. Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?
P.S. Біраз жыл бұрын қазақ халқының салт-дәстүрін қорлаған, ар-ұятын келемеждеген «Борат» фильмі шыққан еді. Ол тұста қоғам белсенділері қатты наразылық танытып, ұлттың намысын қорғап, мінберден сөз сөйледі. Бірақ ұлттық дәстүрді сақтауға бағытталған нақты шаралар істелмегені айқын. Әдетғұрып ұлттың болмысын сақтайтын өлшем қағидасы. Ал бұның сипаттамасы қарапайым болғанымен, жаһанданудың үрдісіне тап келген қазақ ұлты үшін маңызы мен рөлі айрықша.
Лаура Бибасарова