Әлеуметтік зерттеудің әлеуеті зор
Қазақстандықтардың 75,9%-ы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды қолдауға дайын. Бұл туралы Amanat партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты «Әлеумет» жобасы аясында жүргізген Referendum: Halyq üni зерттеуінің қорытындысында белгілі болды.
– Бүгінгі әлемде ашық деректер идеологиясы деген бағыт қалыптасқан. Бұл ашық деректер деген не? Мәселен, БҰҰ-ның, Еуроодақтың, не болмаса, ЕҚЫҰ-ның, Дүниежүзілік банктің, өзге де ірі халықаралық ұйымдардың әлеуметтік зерттеулері ашық ақпарат ретінде ұсынылады. Сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Малайзия, Франция, Аустрия сынды жаһанның 23 мемлекетінде ашық деректерді жариялау арқылы азаматтардың көңіл-күйін, саяси ой-тұжырымын көпшілікке білдіріп отырады. Ал «Әлеумет» жобасының негізгі мақсаты жүйелі қоғамдық социологияны қалыптастыру болып саналады. Осы арқылы азаматтардың жеке ойын ғана емес, жалпы қоғамның көңіл-күйін біліп отыруға жағдай жасалады. Біз ай сайын, тоқсан сайын әлеуметтік зерттеулерімізді жариялап отырамыз. Осы арқылы халыққа ашықтық пен жақындық идеологиясын ұстануға өз үлесімізді қосамыз. Мұндай зерттеулер арқылы партия өз жұмысында қоғамдық пікірді ескере отырып, оның тиімділігін бағалап, скринингтер жүргізеді. Бұл жұмыстың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді, – деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.
Әлеуметтік зерттеу кезінде деректерді жинау әдісі сауалдама арқылы қолға алынды. Бұл жұмыс биылғы 19-22 мамыр аралығында өтті. Соның нәтижесінде халықтың басым бөлігі (87,3%-ы) алдағы референдумнан хабардар. Отандастарымыз бұл ауқымды науқан туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден (58,9%), телеарналардан (45,1%) естіп-білген екен. Бұған қоса, өзара байланыс, әңгіме арасында ақпарат алмасып жатқандар да бар (40%).
Жалпы отандастарымыздың 67,9%-ы конституциялық реформа ел дамуына оң әсер етеді деп есептейді. Сонымен әлеуметтік деректерге сәйкес, азаматтардың көпшілігі қолданыстағы Конституцияны өзгерту бойынша референдум өткізуге оң көзқарас танытып отыр. Атап айтқанда, қазақстандықтар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді (80,1%), халықтың елді басқару ісіне араласуын кеңейтуді (76,7%), суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді (73,5%), билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді (72,3%), Парламенттің рөлін күшейтуді және мәртебесін арттыруды (64,4%) қолдауға әзір. 5 маусымда сайлау учаскелеріне азаматтардың үштен екісі келуді көздеп отыр.
Айта кету қажет, жүйелі әлеуметтануды қалыптастыру мақсатында «Әлеумет» жобасы аясында тұрақты негізде зерттеулер жүргізіледі. Ал олардың нәтижелері институттың @SocioExpert telegram арнасында жарияланады.
Ал Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиеваның айтуынша, халықтың өзгерістерге деген сұранысы тұрақты түрде туындап отыр.
– Соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі қазіргі қоғамдық-саяси үдерістердің оң бағаланатынын көрсетеді. Азаматтардың 87,5%-ы белгілі бір дәрежеде ел өміріндегі өзгерістерді қалайды. Сұралғандардың 55,4%-ы белсенді азаматтық ұстанымға ие. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 1 700-ден астам респондент қатысты, – деді М.Нұрғалиева.
Өз кезегінде Amanat партиясының атынан сайланған депутат Саясат Нұрбек партияның үгіт науқаны туралы айтты. Бүгінде депутаттар аймақ тұрғындарымен мыңға жуық кездесу өткізді. Ал іс-шараларға барлығы 220 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар үгіт науқаны аясында партиялықтар қазақстандықтардың ұсыныстарын жинауға бағытталған республикалық акцияны бастады. Үгіт науқаны басталғаннан бері 4,5 мыңнан астам талап-тілек келіп түсті. Олардың арасында әлеуметтік және саяси сипаттағы ұсыныстар мен өтініштер басым. Басқосу барысында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова референдум өткізудің халықаралық тәжірибесімен бөлісті.