Шаңырақтың киесін білесіз бе?
«Қара шаңырақ! Сенен асқан кие жоқ. Атам кетіп, әкем қалған ие боп», – деп жырға қосқан елге белгілі ақын Серік Сейітманның сөзі ойға оралады. Шаңырақ – отбасының нышаны. Шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкім сөйлемейді деген тәмсіл сөздің астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Тіпті, «Жеті уық шаншылғанша жетесіз ғана сөйлейді» – деген осының дәлелі болса керек. Мұның қадір-қасиетін «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында дәріптеу өте орынды іс.
Белгілі жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова: «Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған», – деген сөзі көп нәрсені аңғартады.
Сондай-ақ, шаңырақтың киесін Елтаңбадан да көруге болады. Мемлекеттің түп негізі отбасы екенін, шаңырақ шаттығы екенін ұғынған ұлтымыз Елтаңба бейнесінің негізін шаңырақтан бастаған. Елтаңбаның басты құраушы бөлшегінің бірі саналатын Шаңырақ – киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі. Көшпенділер киіз үйдің ішінде жатып, түндікті түріп қойып, Шаңырақ арқылы аспандағы жұлдыздарды тамашалаған. Бұл тақырып аясында әңгіме қозғалса, үлкен кісілер сөздің тізгінін ағытып, ерекше ықыласпен әдемі естеліктерді сөз етеді. Елге елеулі ана Әзия Қыстаубаеваның өз айтары бар.
– Бүгінде Жаңақорған топырағында жастарға өнеге болатын, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылар аз емес. Отбасының киесі оның қара шаңырағында. Кешегі тоқырау жылдарында қиындық бүйірден қысса да, ауыртпалықты бірге көріп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ата-әжелер қасиетті қара шаңырақты қадір тұтып, барынша таза ұстаған. Қарашаңырақ – ұрпақтар өрбіген қуатты ұя саналады. Кең мағынада бүкіл ұлт тұтас ірге жайған жер де қарашаңырақ. Сондықтан қазақ баласы атасы көтерген қарашаңырақты аялай қастерлеп, оның қасиетін өзінің ар-намысындай сезінген. Менің өзім де қара шаңырақта өсіп-өніп отырмын. Үлкен ата-енемнен қалған аманат болғандықтан, әлі күнге дейін орамалымды шешіп жүре алмаймын, – дейді ұлағатты ана.
Шаңырақ, қазақтардың түсінігінде үлкен символикалық мағынаға ие. «Шаңырағың биік болсын!» деп тілек айтқанда, барлық халықтың, елдердің амандығын тілейді. Бәлкім, киіз үйдің басқа бөліктері ескіруіне байланысты немесе басқа себептермен ауыстырылғанымен, шаңырақ ешқашан ауыстырылмайды. Шаруамен келген адам міндетті түрде, шаңырақты сыйлап тізе бүгуі тиіс. Осындай құнды ақпаратты аудандық музейдің директоры Нәбихан Шалапов тілге тиек етті.
– Әр отбасының өз қара шаңырағы болады. Ол киелі саналады. Егер де қара шаңырақ екенін біліп барған адам болса, әсіресе сол отбасынан өсіп, өнген ұрпақ бұрын иіліп кіріп, көстеңдемей именіп отыратын болған. Тіпті, ұзақ сапарға шықса да, не бір қиналған тұста, қысылған сәтте қара шаңыраққа кіріп тәу етуді парыз санаған. Атадан жалғасқан әкенің қара шаңырағын ұстап қалған ұл мен келінге басқалардың ілтипаты ерекше болған. Әлі күнге дейін бұл үрдіс жалғасын тауып келе жатыр. Қара шаңырақта отырған бала мен келінге ерекше сыйластық танытып жатамыз – дейді.
Сонымен қатар қара шаңырақтың қасиеті туралы қазақтың дала заңын, ұлттық дәстүрін көп зерттеген заңгер Талғат Омар ақсақал былай деді: «Бұл тақырып өте маңызды. Себебі бұл – біздің ұлттық идеологиямыздың тамыры. Ағашты кессең де, тамыры сау болса, қайта көктейді. Қазір сол тамыр қиылып барады. Қара шаңырақ – бір отбасының құты, әулеттің өсіп-өнген тамыры. Осы тамырдан айырылған соң, әке-шешесін құрметтемейтін, ұлтын, Отанын ойламайтындар көбейді. Қазір азаматтық қоғам құрамыз деп ентігіп жүр. Меніңше, қазақ сол азаматтық қоғамды баяғыда құрып, оны қара шаңырақ ұғымы арқылы бүгінге жеткізді. Қазақтың ұлттық тәрбиесінің түп тамыры болған қара шаңырақ қашанда қастерлеуге лайық. Мәселен, мен он ағайындымын. Үйдің екінші баласы едім. Қара шаңырақты мен бастым. Шешем ерте қайтыс болды, ал әкемді 33 жыл бағып, өз босағамнан шығардым. Қазір өзім де ұл мен келіннің қолында, немеремнің қызығына тоймай отырмын. Қарттардың өз қара басын күйттеп, балалардан бөлек, немереден алыс отырғанын да құп санамаймын. Ата-әженің тәрбиесін көрген немере салиқалы болып ержетпей ме?! Оның үстіне, қара шаңырақ құт ретінде түркі қағанатынан бері жалғасып келеді. Бұл – арадағы құт-ырыс, байлық емес, ол ұрпаққа күш беретін тылсым энергия. Былайша айтқанда, қара шаңырақта бабалар рухын бізге жеткізетін тылсым күш бар. Жігітке қуат беретін екі күштің бірі – кіндік қаны тамған туған жерінен алатын энергиясы болса, енді бірі – осы қара шаңырақтан алатын қасиет. Бұған әсте немқұрайды қарауға болмайды, – дейді.
Расында, «шаңырақ» құрмет тұтар, қадір-қасиеті жоғары – үлкен үй. Қара шаңырақ иесi көп жағдайда аты аталып, марапатталып жатады. Шетте жүрген, қонысы басқа сол қара шаңырақ ұрпақтары мен жекжаттары қара шаңыраққа сәлем бере келiп, арнайы сыбағалар әкеледi. Тіпті, жаугершілік заманда киіз үйлерін, басқа заттарын тастап қашса да, шаңырағын өзімен бірге ала кеткен. Көшіп қонған кезде шаңырақты тиеген нар көш бастайтын болған. Бұның барлығы шаңырақтың мәнін арттыра түсетіні сөзсіз.
Әсел РЗАЕВА