№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Шаңырақтың киесі


Шаңырағың биік болсын! Қазақ ұлты үшін ең қастерлі сөздің бірі. Себебі «Үлкен атаның ұрпағы пәленше шаңыраққа жетiптi» деп, бiр ауылдың, не бiр рудың әл-ауқатын жобалап отырғаны бар. Бұл дегеніміз, елдің әлеуметтік-экономикалық қуаты шаңырақ санымен есептеліп отырғанын көрсетеді. Тіпті «Қара шаңырақ» сөзінің мәні тым терең, ол киелі, қадірлі, қымбат деген ұғым беретіні анық. Өйткені Ұлы Даланы мекен еткен ата-бабаларымыз ғасырлар бойы «қара шаңырақтың» туын жықпауға бар күш-жігерін салды.


– ...Әкемнің қызметіне байланысты бала кезімізде көп көшіп-қондық. Әрине қазір еске алғанда үй жығып, үй тігу, көшу, жаңа қонысқа орналасу, әкемнің жерошақ қазып, анамның қазан орнатуы – кинодағыдай болып көрінгенімен, ол кезде романтикасынан гөрі қиындықтары көп болғанын түсінемін. Үй тігу, кереге керу, шаңырақ көтеру, уық шаншу, туырлық жабу, белдеу тарту сияқты жұмыстарды көзбен көріп, шамамыз келгенше қолғабыс жасайтынбыз. Сонда әжем, біз біліп жүрсін деді ме екен, шаңырақты көтергенде бақанның екiншi ұшы тиген жерге, яғни, үйдiң дәл ортасына ошақ орналасуы керектігін айтатын. Келе-келе үлкен үйдің қасына жапсарлас етіп кішкене үй тігіліп, ошақ сонда орналастырылатын болды. Бүгінгінің тілімен айтсақ, қонақ бөлме мен ас бөлме сияқты. Ошақтың бос тұрмауы керектігін де сол кезде естіген едім. Анам да ошақты қойған соң, бірден қазанды орнатып, ішіне сүт құйып, пісіретін. Кейде су құятын. Жалпы ырымшыл халық болғандықтан, қазанның бос тұруы жаман ырымға саналатынын мен кейіннен білдім. Қазан «құт» деген түсiнiктi беретін символ. Көшпенділер өмірінде қазанның орны бөлек. Қазансыз отбасы жоқ, ошақ та жоқ, үй де жоқ. Қазақтың қазанды қатын-баламен бiрге атайтыны, Махамбеттің «қара қазан, сары бала қамы» үшін «егеулі найза қолға» алғаны соны көрсетеді. Қазан қыз жасауының міндетті бұйымы болғаны да көп жайды аңғартады. Қайда көшсе де қазанын тастамайтын ғұрып та бүгiнге дейiн жалғасып келедi, – дейді Камал Әлпейісова өзінің еңбегінде.
Мынадай оқиғаны естігенмін. Гүлжамал апа соғыстан қайтпаған отағасының шаңырағын сөндірмей жалғыз ұлына аманаттаған. Өзі қартайып бұл өмірден өткен соң, ұлы ауылдағы үйін сатып, қалаға қоныс аударады. Балалы бола алмай неше жыл жүрген оның түсіне ауылдағы шаңырағы кіреді. Құран оқытып, ас береді. Бірақ сол түс қайта-қайта еніп, беймаза күйге түскен соң, ауылға уақытша көшіп келуге бел буады. Қара шаңырақта перзент сүйіп, әке болу бақытын сезінеді. Үйді кие тұтып, ауылда біржола қалуға шешім қабылдайды. Солай өсіп-өніп бүгінде үлкен әулетке айналған Ерназар атаның айтқан әңгімесі бұл. Иә, бұл дәстүр жалғастығы қара шаңырақпен тікелей байланысты болғанының бір көрінісі.
«Қара шаңырық» – құрмет тұтар тағзым етерi үлкен үй. Қара шаңырақ иесi көп жағдайда аты аталып, марапатталып жатады. Шетте жүрген, қонысы басқа сол қара шаңырақ ұрпақтары мен жекжаттары қара шаңыраққа сәлем бере келiп, арнайы сыбағалар әкеледi. Жасы үлкендерi еншiлерiн алып бөлек үй болып кеткенде әкенiң кенжесi (сүткенжесi) әке қолында қарашаңырақ иесi боп қалған. Алтынкөкірек атасын, ақ жаулықты анасын тастап қалаға кетіп жатқан кейінгі буын жастарға жоғарыдағы мысал үлкен сабақ болатындай.
Шаңырақтың қасиетін Мемлекеттік елтаңбадан да көруге болады. Бұл жайында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков:
– Киiз үй осыдан 2500 жыл бұрын пайда болыпты. Сол заманнан қазақ даласында өмір кешкен түркі халықтары (қазақтың байырғы ата-бабалары) өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыстыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан. Терең дүниетанымдық көрсеткiш. Оның iшкi құрылысы, сыртқы көрiнiсi, пропорциясы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi... – бәрi де, расында, терең философияның жемiсi. Бұл тұрғысында киiз үй – шын мәнiнде әлi де зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәйкестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын айқындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Демек, киiз үй – расында да, әншейiн баспана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi, – дейді.
Елтаңбадағы шаңырақ күннің шуағын шашып тұрғанын аңғаруға болады. Шаңырақ шаттығы – ұлт бірлігімен астасып, елдің берекесінің көрінісін айқындайдайтындай.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
11 тамыз 2020 ж. 1 521 0