№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жиханкездің жан сыры

Жиханкездің жан сыры


Бүкіл Қазақстанды аралауға шыққандағы басты миссиясы ұлттық қолөнерін дәріптеу, насихаттауды мұрат тұтқан жетпіс екі жастағы Сәрсенбай Қотырашовпен Қызылорда қаласында ұйымдастырылған шара туралы төл газетіміздің өткен санында танысқан болатынбыз.

Осы кісі апта басында аудан территориясына аман-есен жетіп,  өзімен жүзбе-жүз кездестік. Кентке кіре беріс қақпада қонағымызды күтіп алушылар қатарында айтыс ақыны, аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Әбілқайыр Сыздықов,  аудандық «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы  Арман Мажитов, Наурызбай Орынбасар бастаған аудандық жастар бірлестігінің мүшелері, қолөнерші Пахриддин Садықов, және тағы басқалар болды. Жергілікті сазгер Әбсұлтан Байкенжеев өз әкесінің «Гүлденген Жаңақорған» әнін шырқап, барлығымыз қосылғанда сайын дала жаңғырды. Содан соң қонағымызды біздің шаңырағымызға әкеп, қонақ еттік. Ол кісіні қатты таңқалдырғаны, дастарханға қойылған дәмнің барлығы қолдан шыққан, ұлттың жеңсік асы екендігі. Осыған ризалығын білдірді. Дәмнің үстінде отырып, туған жердің тарихынан біраз мәліметтерге қанықты.
Бұл кісімен қонаға өзім оңаша қалған кезімде жан-жақты сырласып, көп құпия мінездеріне қанық болғандаймын. Соның бірді-екісіне тоқталайын. Өзі темір ұстасы екен. Ұста болғанда крандарды көтеретін тростарды тоқитын өнері бар екен. Сваркілеп істеген тросс жоғары салмақтағы жүк көтеретін крандарға шыдас бермейді, ал мынадай тәсілді меңгерген ұсталар сирек, яғни темірді топтастырып түйінін қолдан істеп, бір-біріне ұрып кіргізіп істейді екен. Жалпы, өте қарулы кісі екен. Бар-жоғы 52 келі салмақтағы азаматтың осынша қасиетке ие болуы таң қалдырды. Өзі бұл туралы айтып та берді. Бір туысқаны жас уағында жұмысқа қабылдаған екен, қасындағы жүкшілер тұрқына көңілдері толмай, бізге салмақ болды ғой деп ұнатпаса керек. Бұл кісі қанар қаптарды қос-қостап көтеріп, қасындағыларды қатты таңырқатыпты.
Ол менің қолымнан шыққан қолөнер бұйымдарына қатты қызығушылық танытты. Өзі бұған дейін жақсы білетін Пахриддиннің өнеріне де тәнті екенін айтты. Пахриддин менің шәкіртім деп масаттанып қалдым. Қонағыма өз ұлым Ғазиздің төлтумаларын таныстырдым. Ғазиздің қолынан шыққан туындылары бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі. Ол бұл тақырыпқа құштарлана ден қойып, көп сұрақ жаудырды.
Ғазиздің жас күнінен осы өнерге бейім болып, ақыры осы жолда ізденіп, 4 сыныптан бастап Алматы қаласындағы көркем сурет мектебінде оқығанын, одан соң көркемсурет колледжінде, ақырында мен армандаған Т.Жүргенов атындағы көркемөнер Академиясын бітірген жоғары білімді скульптор екенін естіп, байланыс телефонын алды. Немерелерім – Асқар мен Қарақат жөнінде де мақтана жеткіздім. Асқар архитектуралық институтында архитектор мамандығында оқыса, Қарақат Алматы мемлекеттік университетінде дизайнер-сән факультетінің 1 курс студенті.
Ол Жаңақорған жастарына, өзін күтіп алған өнер тобына, Бексұлтанның «Жаңақорған» әніне қатты ризашылығын білдірді.
Төсекке жатпас бұрын алдағы сапардың дайындығына кіріскен қария маған картон тауып беруімді өтінді. Оның қатты еиес, жұмсақ болуын ескертті. Екеуміз отырып қағаз картоннан бірнеше жұп ұлтарақ жасадық. Ол мұны табанына аяқ киімге салуға пайдаланады екен. Жол бойында дымқыл болғанда ауыстырып отырады екен.
Ол саяхатқа осыдан алты жыл бұрын дайындалған. ЮНЕСКО рұқсат етпепті. Ережесінде, жетпіс жасты толтырмайынша ол мүмкін емес екен. Жетпіс жасқа толғанында зайыбы қайтыс болып, жылын бергенге дейін қозғала алмаған. Жары алдындағы парызын өтемей, үлкен сапарға бел бууға жүрексінген тәрізді. Көңіліндегі барлық шаруаны тиянақтап, бала-шағамен қоштасып, осы сапарға ниет еткен тәрізді.
Бұл кісінің күні-түні ұзақ сапарда қажымай-талмай, қиындықты еңсеруінің сырын түсіндім. Оған мына жағдай себеп болды. Түн ортасы ауып бара жатқан соң «жатып дем алсаңызшы» деп едім «жоқ, таза ауада жүре тұрайық, мен шаршап, қалжырағанда болмаса жата алмаймын» деп түнгі 2-3-ке дейін демалуға асықпады. Кісі бойында осындай да энергияның мол қуаты болады екен, күні бойы жол жүріп келген кісіге ұқсамайды. Яғни менің қонағым – Құдай бойына ерекше қуат дарытып қойған ғажайып жан болды ғой. Өзім солай ойладым.
Үмбет ӘБИБУЛЛАЕВ
24 сәуір 2022 ж. 339 0