Өз балаңды өзекке теппе
Әсіресе, жастардың осы қатардан жиі көрінуі алаңдатарлық жайт. Уақыт өте келе қателігін түсініп, тура жолға түсуге ниетті жастарды қоғам қайта қабылдап, өзегінен теппей, олармен арнайы жұмыс жасауды қатаң бақылауға алды. Оның айқын көрінісі жұмысқа орналастыру, спорт саласына жұмылдыру мен мемлекеттен берілетін грантты үлестіріп, шағын бизнесін бастауға ықпал етуінен көруге болады. Осындай қызметтің басы-қасында ең бірінші пробация қызметкерлері мен жастар жөніндегі мамандар жүреді.
Пробация қызметі қандай сала?
Алдымен осы саланың міндеті мен жауапкершілігін түсініп алайық. Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге оралуға, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу пробация қызметкерлерінің бір міндеті. Бұл адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру болып табылады. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын бұлжытпай орындауы қажет. Міне, осылайша, байқаусызда сүрінген жазаланушыны түзеу мекемесінен жеңіл түріне ауыстырып, қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды.
Сонымен қатар темір торға отыру жазасына кесілгендерді түзелу жолына түсіру, жалпыға ортақ әлеуметтік, моральдық, құқықтық нормаларды сақтауды қадағалайды. Себебі, қылмыс жасап сотты болып, өзін қоғамға қажетсіз сезініп, болашақтан үміт үзген жандар жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, пробация қызметі сотталғандарды айыптаушы емес, керісінше, оларды тәрбиелеуші.
Аудандағы ахуал
Жақында Ордакент ардагерлер, жастар ресурстық орталығы ғимаратында Жаңақорған аудандық прокуратурасының бастамасымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ, аудандық пробация қызметінің ұйытқы болуымен пробациялық есепте тұрған жастармен кездесу ұйымдастырылды. Діни экстремизмнің алдын алу, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, зорлық зомбылықтың алдын алу, қайта қылмыс пен әкімшілік құқықбұзушылық жасамау керектігі турасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Темір тордың әр жағынан шыққан адамға дайын тұрған жұмыс жоқ екені белгілі. Қазір кәдімгі мамандардың өзі жұмыс таппай сенделіп жүр. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Кездесу соңында азаматтардан әлеуметтік, тұрмыстық, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға қайтарымсыз грант алу, жұмысқа орналасу және өзге де мәселелерге байланысты сауалдар түсіп, қосымша зерделеуді қажет етпейтін сауалдарға түсіндірмелер берілді.
– Былтыр қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түріне сотталғандармен жұмыс жүйелі жүргізілді. Осындай санаттағы жастарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, денешынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе отырып, жарыстар ұйымдастырылды. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламасы аясында тегін медициналық, психологиялық, заң кеңесі мен құжат жасату бойынша қолдау болды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы азаматтар жұмысқа қабылданып, қызыл санаттағы сотталғандарды аудан прокуроры Дарын Әбіш жеке қабылдап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді, – деді аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Анарбек Искаков.
Жоғарыда айтқандай, есепте тұрған жастарды бизнеске бағыттау жобасына тың серпін беріліп келеді. Былтырдың өзінде «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 8 азамат 583 400 теңге грант ұтып алып, шағын кәсібін ашқан. Биыл да бұл көрсеткіш ұлғаяды деген сенімдеміз. Бізге мәлім болғандай, биылғы жылдың 3 айында 155 жас пробация тізіміне ілігіпті. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 63-бабымен шартты түрде сотталғандардың саны 13-ті құраған. Бір қуанарлығы, жұмыспен қамту орталығына тіркелген 8 азаматтың барлығы қызметке орналасыпты. 4-уі квотамен, бір жас жәрмеңке арқылы, қалғаны жеке шаруашылықтарға орналасқан.
– Пробация қызметкерлерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу және қайырымдылық жасау, жастарды отансүйгіштікке баулу мақсатында іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мүмкіндік болса, басқа да шараларға, кездесулер мен арнайы басқосуларға есепте тұрған азаматтарды шақырып тұруға тырысамыз. Өйткені біз оларды бөлектемей, қатарластарымен бір деңгейде болуына, қалыпты өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. Айналып келгенде, елдің ертеңі, болашағы жастардың қолында. Ал, осылай жастарды қоғамнан оқшаулап тастасақ не болмақ, сондықтан мүмкіндігінше осы санаттағы жастардың санын азайтудың алғышарттын жасауға тырысып келеміз, – дейді жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров.
Өмірде шалыс басып, сол әрекетінен опық жеген азаматтың бірі – Мағжан. Ол қателігін түсініп, түзелуге болатынын біліп, жаңа қадам бастауға бекінді. Енді қоғамға зиянын емес, пайдасын тигізуге шешім қабылдады. Кәсіпкерлік бағытта білімін жетілдірді. Жобасын қорғап, қайтарымсыз грант иеленді. Құрылыс заттарын шығаратын шағын цех ашты. Өндіріске қажетті шикізатты жергілікті кәсіпкерлерден алады. Қазір шаруасы оңалып, тапсырыс артқан. Оның қызметіне сұраныс жоғары. Ол тұтынушының талғамынан шығу үшін әрбір тапсырысты жауапкершілікпен орындайды.
– Кәсіп болған соң кем-кетік тұстары болады. Дегенмен, бүгінгі заман талабы ізденуді, әрекет етуді талап етеді. Шүкір, кәсібім жаман емес. Мүмкіндік болса, бизнесімді кеңейтіп, қосымша жұмыс қолын алуға ниеттімін. Барлығы уақыттың еншісінде, ең бастысы, мемлекет мүмкіндік беріп тұрғанда тұрмысты түзеп, болашаққа бағдар құруға тиістімін, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, толғауы тоқсан тіршілікте қателеспейтін адам болмас, сірә. Қателікке ұрынған жандарды кеудеден итермей, қоғамға бейімдеуде пробациялық қызметке үлкен жауапкершілік жүктелді. Тек сол сала ғана емес, адами тұрғыдан қарағанда бұл қоғамға ортақ жауапкершілік.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ