№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ауыл клубтарының жұмысы ақсамауы тиіс

Ауыл клубтарының жұмысы ақсамауы тиіс

Жаңақорған халық театрының бүгінге дейін қалыптасқан жартығасырлық шежіресін өнердің өз өкілдері мінберінде нық ұстап,  замана тынысымен бірге жаңарып, бірге өсіп, ал бүгінгі күндері рухани жаңғыруымыздың киелі бесігіндей халықтық қазыналарымызға қайта өң беріп, қалғыған саналарға сәулесін себезгілеуде бойда бар қарым-қабілетке қуат дарытып келеді. Өйткені ұлттың өнері –  әр халықтың жаратылысындағы өзіндік құндылығын, қадір-қасиетін, бет ажарын айқындап тұратын тұғырлы төлқұжаты сынды. «Театрсыз ел тобырға айналады» деген тәмсілдің сыры осында. Осы тұрғыдан келгенде  ел мәдениеті мен өнерінің мәртебесін арттыру бағытында іске асырылып жатқан реформалар мен заңдық негіздердің мән-маңызы өз алдына бөлек әңгіме. Біз бүгін Қаратау қойнауындағы қалың елдің қаймағындай көз алдымызда жүрген өнер адамдарының  бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде сөз қозғайтын боламыз. Ауыл ажары қай кезде болмасын өлмес рухты жүректерге дарытатын өнер мен мәдениетсаңлақтарының арқасында өркениетке қауышып, замана көшінен қалмасына көз жетіп келеді. Осы орайда ауылдық клубтар жұмысының барысы жөнінде білмекке бел будық.
Ақпарат саласының өкілдері жаңа­лықтың жаршысы ретінде ел ішінде бармаған жер, баспаған тауы қалмай, жақсыға еріп, жаманнан жеріп, құндылық атаулыны теріп жүретін әдеті бар емес пе, осындайда байқағанымыз кенттегі «Арман» мәдениет үйі өнер ұжымының құнды мұраларымызға жана­шырлықпен қарап, қайткенде соны жас ұрпақтың бойына дарыта алар екенбіз деген ынталы талаппен шы­райлы шаралар ұйымдастырып, ұтымды идеяларға түрен салып, тыңнан тақырып тауып  жүретініне куә болып келеміз. Жалпы өнер ұясының жұмысын ұшпаққа шығаратын басты тұлға – оның жетекшілері десек, тұтас ауыл мәдениет саласының жұмысының бағын жандырып келе жатқан Түгіс­кендегі Тасқожаеваны, Келінтөбедегі Бидашевтарды, Талаптағы Айсыновтарды  бөле-жара айтуымызға әбден болар еді.
Ауыл клубтарының жұмысы жөнінде, ел ішіндегі жеке-дара таланттардың жетістіктері туралы әңгіме өрбіткен аудандық Мәдениет үйі директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орын­басары Мұсахметова Құралай ханыммен сұхбатымызда біраз мәліметтерге қанық­тық.
– Мәдениетті ілгері дамытуда ауыл мен қала арасындағы алшақтық жойылды десе де болғандай, – дейді ол. Елді мекендегі клубтарымыз жаңа үлгідегі аппараттармен қамтамасыз етілген, жылы, сахналық киімдер шешілген, қажетті маман кадрлар бар. Тек осы қолдағы барды үйлестіре отырып, көрермен талғамын қанағаттандырарлық көңілдегідей жұмыс қажет. Аудан көр­кемөнерінің жетістігін таразыға сала­тын түрлі байқауларда атымыз озса жұ­мысымыздың нәтижесі содан көрінеді. Осы бағытта  ширек ғасырдан астам уақыт шылбырдың тізгінін бермей келе жатқан көпке белгілі Айсыновтар ансамблі өнерге адалдықтың озық үлгісіндей. Сол сияқты бүкіл өмірін осы салаға арнап, өлке мәдениетіне өзіндік өрнегін қалдырған, бүгінде аға ұстаздар санатында Құлахмет Нәлтаевтың есімін бөле-жара атау орынды.
– Ауыл клубтарын қара құлып күзетіп тұрады деген сын жиі айтылатын еді. Олардың жұмысына не кедергі?
– Барлық ауылға тапсырма бірдей беріледі. Бәрінің де күнібұрын әзірленген жылдық жоспары бар. Бір өкініштісі, шеткергі ауылдардың шабандау қимыл-әрекеті қарын аштырады. Егерде зор қызығушылықпен әсерлі бағдарламаларға әр бере алса клуб жұмысының жанданып кете барарына бәс тігуге болады. Бұл ауылдарда үлгілі, үздіксіз ингернет желісі шешілмеген, халықтың бос уақытын тиімді өткізу өнер өкілдеріне үлкен міндет арқалатып отыр.
– Ал кент орталығындағы Мәде­ниет үйлеріне көрермен жинау қиын. Неге?
– Бұл да сайып келгенде, ой-өріс, таным-деңгей, рухани өреге келіп тіре­летін мәселе. Күні кеше жергілікті драмматург Дінмұхамед Әбжаппаровтың «Мәшһүр Жүсіп» қойылымы сахналанды. Ат төбеліндей ғана жиналғанкөрер­мендер арасында өнерге деген өреміз таяз деуге келе ме, қайдам, залда телефон қоңыраулары, бөгде қыбыр-қимылдың бой көрсетуі әртістеріміздің көңілін алаң қылды. Сөзден жаңылдырды. Куәгер ретінде айтайын, пьеса мұның алдында Успен ауданында (Павлодар облысы) алғаш сахналанған мазмұнымен қауыша алмады. Екеуі бір сценарий, бір кейіпкер, бірақ аура басқа, өнер иесінің шабытын шыңдайтын, тіпті құдіретке айналдырып жіберетін көрерменнің шын ықыласы ғой. Керекуліктер бұл қойылымды солай қабылдады. Дана бабалары қайта тіріліп келгендей тым-тырс тынып, жанарлар түйіскенде жан да ұғысып, бір арман, бір мұратқа айналып кетеді екен. Бізді олармен бірге туғандай жақындатып жіберген де осы өнерге деген сүйіс­пеншілік, болашаққа біраз ортақ жоспар түзіп отырмыз.
– Ауыл көрерменін тәрбиелейтін  мәдениет саласының өкілдері. Олай болса ауыл клубтарының жұмысы  маман кадрларға  байланысты де­генге келісесіз ғой?
– Келісемін. Жұмысын қашанда жаңаша мазмұнға құрып, ізденуден жалықпайтын Бесарық ауылдық клубы меңгерушісі Жәнібек Сыздықовты, Жаманбай батыр ауылдық клубы меңгерушісі Рашид Нәлтаевты, Машбек ауылдық клубы меңгерушісі Мира Таубаеваны осы қатарға жатқызуға болады. Екеуі бас қосса бүкіл ауылдың айнасындай жарқырап шыға келер қожакенттік Талғат пен Фархадтың өнері облыс халқына танымал. Осы өнерде жүріп әкімдікке таңдалған Әлмахан Ақтаевтың да салған дара сүрлеуін жоққа шығаруға болмайды.
– Ауыл клубы жұмысының жан­дануы әкімдерге де байланысты. Өткен жылы Сунақата ауылында «Рухани жаңғыруды» өнер тілімен насихаттаған бір жылдық шара өтті. Ауылдағы он екі мекеме он екі айға белгіленіп, түрлі жанрда ауыл халқына өнер көрсетті. Сол шараға әділқазы ретінде атсалысып ауылға он екі мәрте келгенімде де кешкі сағат сегізде залға лық толған халыққа ішіміз жылыды. Ауыл мәдениеті ақсамауын алдымен әкімі бастан-аяқ бастандырып, қос­шы­ларымен қоса қолдап тұрса ха­лықтың да санасы сергек, ойы ояу, істің маңызын сезініп, маңайына топталады екен. Осы дәстүрді өзге ауылдар да қолға алса түрлі күрмеулі мәселелердің кілті табылар еді. Тіпті елде жағымды ахуалдың орнығуы, жастар арасында қылмыстың орын алмауы да ынтымаққа, ауыз­біршілікке келіп тірелмей ме? Өнер халықты осыған тәрбиелейді.
– Дұрыс айтасыз. Бірақ қазірде ауыл клубтары ауыл әкімдері қарамағына берілгенімен оның жұмысына жаны ауырмайтын жандар жоқ емес. Өзі өнерді түсінбеген оны қалай қадірлесін, бірақ адам мен өнердің тағдыры егіз ғой, ондай адам елдің жағдайын  қалай оңдырсын деген ой келеді. Бастысы, ауылдық клуб меңгерушілері өзін елді мекеннің бір тұғырымын деп сезінбейінше ісінде ілгерілеу болмасы анық.
– Осы өнер иелерінің шәкірт тәр­биелеу жағы қалай?
– Бойындағы дара талантымен таныл­ған әріптестеріміз аз емес, бірақ ізбасар шәкірт тәрбиелеу жағына салғырт қарайтыны өкінішті. Мәселен, Кеңес ауылдық клубын басқарып келген Олжас Ормахан, өзі классикалық әнші, шәкірт жағынан ақсап тұр. Сол секілді Мұхтар Дәрібаев, Оразғали Бидаешевтар халықтық әндер мен вокалда белгілі әншілер қалдырса дейсің. Бізде дәс­турлі әнші тәрбиелеу, айтыс ақынын шыңдау, көркемсөз оқу шеберлігі мекте­бі дегендер жоқ. Басқа аудандарда бұл мектептер арнайы шттапен жұмыс жасап тұр. Белгілі штаты, төленетін ақысы болмаған соң келген жас мамандарымыз тұрақтамай қалаға, үлкен орталықтарға кетіп қалып жатыр. Соның салдарынан жап-жақсы ақын Азамат Тәуекел өзге салада жұмыс жасап, Тұрар Тілеулі сынды айтыскер ақынымыз өз ауданымыздан қолдау таппай өзге облыстың намысын жыртып,жүргені өзімсіздің енжарлығымыздан емес пе? Өңіріміздегі өнер мектептерінде бірнеше шәкірттер тәрбиеленіп үлкен өмірге жолдама алуда. Осы түлектерді көрсету жағы кемшін. Әнші болсын, күйші болсын байқауда сыналады. Соларды баптап, бәйгеге қосу маңызды. Бұл орайда Әлшекей втындағы өнер мектебінің ұстаздары Айгүл Өтегенова апамыздың шәкірттерінің аты танымал. Шәрбану Жиенбаеваның  40 оқушыдан хор шығаруы тың бастама болды. Бұл­дырықова Гүлсара апайымыздың «Жас толқын» домбырашылар құрамы Лаки Кесоглу, Алишер Каримов, Толқын Забирова қазылық еткен Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылық бай­қауында 3 орынды жеңіп алып, аудан мерейін асырып оралды.
Жақында облыста өткен кәңілді тап­қыштар сайысында Кейден ауылдық клубы меңгерушісі Балмұхаммед Әбжап­паровтың «Тәтті қыздар» командасы бас жүлдені алып, ел астанасына жолдама алды.
Аудан мәдениет ұжымы құрамы жас таланттармен толығып келеді. Біздің ор­тамыз Айжарқын сынды аймаңдай жас­тармен толықты, Түгіскеннен шабытын қанат етіп келген Шәкәрім шырайымызды кіргіз­ді. Өнер сұлулығына тұтастық сақталмаған жерде сына түседі. Қанша жерден мазмұнды дүниені мәнерімен бере ал­дыңыз дейік, ол техникалық жағынан дұрыс түсіріліп, сауатты әрленбесе құнын кемітеді. Бұл орайда заманауи стильдегі оператор-қоюшы мамандарымыз Асыл Палахмет, Али Бақытжан сынды жас­тардан күтер үмітіміз мол.
– Ауданда қандай шара болмасын алдыңғы қатарда мәдениет сала­сының қызметкерлері жүреді. Осы­ған қарап өңір мәдениетінің жұмысы тек осы бөлімге ғана тиесіілі деген түсінік қалыптасқан. Бірақ мәде­ниеттің мәртебесін көтеру елдің ортақ міндеті емес пе?
– Алдыңғы толқын аға буынның дәстүр сабақтастығы да осы үлгіні үкілеп тұр. Кезінде мәдениеттің жұмысын түрлі мекемелерде жұмыс жасайтын, бірақ қоғам қызметіне жанын беретін жанашыр азаматтар ақысыз-пұлсыз атқарып келген жоқ па? Сөйтіп еңбектеніп жүріп елдің атын алысқа танытты, тіпті екі бірдей халықтық театрдың негізін қалап берген де солар. Бірақ қазір көзқарас басқа, әркім өз саласының жұмысын жүргізсе болды, мәдениетте шаруам қанша деген қасаң ұстанымда екенін байқайсыз. Анығына келгенде, өнер де тәрбиенің аса ықпалды түрі. Шәкіртінің өмірін өнермен ұштастырғанда ұстаз ұтылмайды, қайта жас ұрпақ тағылымында салмақты сана-сезім, ұшқыр қиял, эстетикалық құндылық қалыптастырарын тереңінен ұғына білгені жөн дер едім.
– Мазмұнды сұхбат үшін рахмет Шығар­ма­шы­лық өмірде жеміс тілейміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА
07 қараша 2021 ж. 560 0