№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАС ӨНЕРПАЗДАРҒА ТОҒЫЗ ҮЙІРМЕ АШЫЛДЫ

ЖАС ӨНЕРПАЗДАРҒА ТОҒЫЗ ҮЙІРМЕ АШЫЛДЫ

Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында айрықша рөл атқаратын бай тарихы бар Ұлы Дала елінің бір пұшпағы саналатын Сыр өңірі ұлт мәдениетінің ұлы көшін жасаған өлке. «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұраның көмбесі Қызылорда жайлы Елбасының берген бағасы. Расында, өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік. Ал, өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Мәдениеттің мәйегі сол өнер арқылы дәріптеліп, халықтың ықыласына бөленіп жатады. Әсіресе, ауыл мәдениеті – ұлттық құндылықтардың алтын өзегі.

Осы тұста, аудандық мәдениет үйі жанынан «Жастар жылына» аясында 9 үйірме ашылды. Ақысыз негізде жаңақорғандық жеткіншектер мен жастарды өзі қалаған өнерге баулитын болады. Оның ішінде, жас ақындардың асыға күткен «Ақындар мектебін» мәдениет майталманы Уали Ибрагимов ағамыз жүргізеді. Сыр сүлейлерінің соңғы тұяғы Манап Көкеновтың ізбасарларын тәрбиелейді. Ал, термеші Мұхтар Дәрібаев термешілер үйірмесіне жетекшілік етеді. Одан бөлек, көркемсөз оқу, домбыра, бейнелеу өнері, әзіл-ысқақ, эстрада вокал сынды жанрларда жеткіншектерді жан-жақты дамытатын болады. Бұл жас буынның уақытты ұтымды пайдаланып, бос уақытын тиімді өткізуде мұндай үйірмелердің алар орны ерекше. Атаулы жыл аясындағы мүмкіндікті пайдаланып, жергілікті өнерге қызығушылығы бар талантты жастардың талабын ұштау – біздің борыш. Өздеріңізге белгілі, өлең-жырдың, қазақы өнердің қарашаңырағы саналатын Манап Көкенов атындағы мәдениет үйі – талай таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі. Әрі түрлі мәдени-рухани шаралардың шымылдығын түрген қасиетті шаңырақ. Бұл мәдениет ошағы мектеп оқушылары мен аудан жастарының талантын шыңдап отырған киелі мекен. Жалпы, жеткіншек бойындағы жылт еткен ынтаны дамытуға үйірме ұстаздары қашанда аянған емес. Биыл да «Жастар жылы» аясында мәдени-көпшілік шараларды одан әрі жандандыруға бел буып отырмыз. Нағыз елге қызмет ететін жастамыз. Концерттік бағдарлама мен сахналық қойылымдар арқылы көрерменнің көзайымы болуға жұмыс жасаймыз. Менің ойымша, ұлттың болашағы – ұлт рухында. Рухы мықты халықты ешкім басынбайды. Ал, рухани азықты ұлттық өнерден алатынымыз түсінікті. Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын санаға сіңіріп, ел арасында насихаттауда мәдениеттің орны ерекше. Сондықтанда өнер иелері үшін елдің құрметі қашанда мәртебе. Көптің қошеметі біздерге жігер сыйлайды. Бір сөзбен айтқанда, «бірлескен істе береке бар» демекші, жастар қауымы жұдырықтай жұмылып, ауданның кемел келешегі бағытында жемісті жұмыс атқарса, алынбайтын асу жоқ.


Тохтар ӘЖІМҰРАТОВ, «Жаңаша» халықтық әзіл-ысқақ
отауының жетекшісі.
30 қаңтар 2019 ж. 1 183 0