№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абайсыздық ажалға соқтырады

Абайсыздық ажалға соқтырады

Тілсіз жау жыл басынан бері елімізде 112 азаматты ажал қаптырды. Оның 55-і жасөспірім. Ал, облыс аумағында 19 тұрғын суға кетіп, бақилық болды. Өкініштісі, олардың 13-і бала, соның екеуі біздің ауданнан. Суға түсу маусымы бастала салысымен көл мен канал жағалағанды былай қойып дарияға жүрегі дауалайтындар көп. Әкімдік, төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полициядан ескерту мен түсіндірме жұмысы жиі жүргізілгенімен, жүре тыңдап ескертулерді елемейтіндер етек алып барады. Дабыл қағып, брифинг, дөңгелек үстел өткізіліп, күнделікті рейд жүргізілуде, енді айыппұл салу басталады.

Апта басында аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов, кент әкімі аппаратының бас маманы Алма Мамирова және төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Елжан Шегебаев редакцияға арнайы келіп, дөңгелек үстел өткізген еді. Алдымен сала мамандары өз уәжін жеткізді. Бөлім басшысы Шерхан Ашимов бұл жағдайға ауылдық округ тұрғындары көбірек мән берсе дейді. Өйткені, биылғы екі қайғылы жағдай да елді мекендерде орын алды.
– Бүгінгі күнге қауіпсіздік тақтайшаларын қойған Аққорған, Байгенже, Жаманбай батыр, Жаңарық, Көктөбе, Қандөз, Манап, Талап, Төменарық және Қаратөбе ауылдық округі. Сондай-ақ, аудан орталығы аумағында ескертпелер бар, ал, Сунақата, Ақүйік, Қыраш, Қожакент және Келінтөбе су айдындарында тиісті ескертпе тақтайшалары әлі ілінбеген.
Жалпы айтқанда, су айдындарына ата-аналар балаларын ертіп алып баруды әдетке айналдырды. Міне, қадағаламаудың салдарынан екі жағдай орын алды. Одан бөлек, әсіресе, дария жағасына ішімдік ішуге, балық аулауға жиі баратындар тәртіп сақтамайды. Осындай қаперсіздік салдарынан 2019 жылы 8 жағдай тіркелді. Сыр өзенінде 2 жағдай, көлдер мен каналдарда 6 жағдай орын алды. Былтыр шүкір дедік, биыл қайта басталды. Осы оқиғалар сабақ болса дейміз, – деді бөлім басшысы.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Тоғызбаев та жиі мәлімдеме жасап, сақтық шараларын насихаттаудан танбай келеді.
– Аймақта суға түсуге қауіпті 64 учаске анықталған. Рұқсат етілген 2 жағажай бар. Жыл басынан бері облыс аумағындағы 19 адам суға кетті. Адамдардың суға кетуі осы қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзудан. Қазіргі таңда 17 адамға ескерту шарасы көрілді, – деді ол.
Дейтұрғанымен, көл-тоған, каналдар, дария жағасында жеткіншегін жетектеп жайбарақат жүргендерді көріп шын таңырқайтынымызды жасыра алмаймыз.
– Кейінгі үш жылды сараптап көрсек, қайғылы жағдайлардың басым көбі күндізгі уақытта болған. Таң атқаннан кешке дейін мәре-сәре суға шомылып, аяғы апатты оқиғаға ұрынып, соңындағыларды қайғыға қалдырудың қасыреті қандай ауыр. Соңғы үш жылда орын алған 11 жағдайдың 7-еуі 12 жасқа дейінгі балғындар арасында орын алды. Апат айтып келмейді, дегенмен де әр нәрсеге сақтықпен қараған дұрыс. Айыппұл салу біздің құзырымызда емес. Алдағы уақытта кәмелетке толмағандардың ата-аналарына әкімшілік іс бойынша шара көрілетін болады. Бізді бір қынжылтатыны, сана мәдениетінің төмендігі, біз қойған тақтайшалар мен билбордтарды тұрғындар жыртып, сындырып тастайды. Дария суында қаза тапқандардың көбі ішімдік ішіп, шомылатындар. Жағажайда табиғатты ластап, шыны ыдыстар мен қағаз, пакеттерді лақтырып, ыбырсытып кету адамгершілікке лайық көрініс деп айта алмаймыз, – деді Е.Шегебаев.
Шіліңгір шілде келе жатыр, қазірдің өзінде күн аптап ыстық. Таңнан басталған қапырық ауа еріксіз суға түсуге итермелейді. Бірақ босаңсып, сақтықты ұмыт қалдыруға болмайды. Әсіресе, Борықты көлінің Қорғантоғай көшесінен жалғасатын бөлігінде, Алтынсарин аумағындағы канал басында балалар кешқұрым өріп жүреді. Төтенше жағдай жұмыс жасап жатқанымен, ата-аналар тарапынан да қатаң бақылау болуы керек дейді тиісті мамандар.
Әли ТЕМІРБЕК
19 маусым 2021 ж. 528 0