№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғандық ағайын ғаламторды қаншалықты тиімді пайдаланып отыр?

Жаңақорғандық ағайын ғаламторды қаншалықты тиімді пайдаланып отыр?

Тоқсаныншы жылдардың аяқ тұсы болатын. Тоғызыншы сыныпта оқимыз. Әрбір сенбі, жексенбі бөлем Нұрболаттың үйінен табыламыз. Оған себеп те жоқ емес. Тапжылмай көз қызарғанша видеодан кино көреміз. Сол Голливудтың шытырман шатпағы. Ол да бітпейді. Біз де көруден шаршамаймыз. Айтайын дегенім, есте қалған бір сәт бар. Құрама штат тұрғындары үйде отырып ғаламтордан тапсырыс арқылы қалаған затын алады. Фильмнің осы тұсына келгенде ой бір армандаймыз. Әсіресе, әлгі тебетін роликті ғаламтор арқылы алдыртсаң иә, деп, үйге келгенше айтудан танбаймыз. Әрине, ол жай бала қиял. Таңсық дүние болғасын таңырқай қарағанымыз рас. Міне, бұл күндерге де он бес жылдан астам уақыт өтіпті. Бұрнағы бала қиялы бүгінде ақиқатқа айналды. Елде «интернет индустриясы» кеңінен құлаш жайып, қарқынды даму үстінде. Біздің тақырып ауаны электронды сауда-саттық. Түсінікті тілмен айтқанда «интернет-дүкен». Жалпы, жұрт жаппай онлайн-сауда жасап жатпаса да, қызметтің бұл түрін қолданатын жерлестер саны артуда.

«Интернетті» игілігіңе икемде
Ресми дерекке сүйенсек, еліміз бойынша ғаламтор пайдаланушылар саны 12 млн. жетіпті. Бірақ, мұның бәрі ғаламтор ғаламатын толық меңгерді деген сөз емес. Басым көпшілігі әлеуметтік желіге тіркелуден ары аса-алмай жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 1000-нан астам интернет дүкен бар. Ал, электронды сауда-саттықты игілігіне пайдаланушылар арасында Алматы қаласы алғашқы орында болса, екінші Елорда. Үштікті Қарағанды халқы түйіндеп тұр. «Интернетті» игілігіне икемдеген тұтынушылар уақытын үнемдеп, үйден шықпай сауда жасауда. Қазақстанда хат заттарды интернет дүкен арқылы шетелден тапсырыс арқылы алдыртатындар саны күн санап артуда. Businessnews.kz сайтының хабарлауынша, биыл онлайн сатылым елдегі бөлшек сауданың 4 пайызын құрауы мүмкін. Оған себеп, жеке кәсіпкерлердің сырттан өз бетінше тауар тасымалдауы салық жағынан тиімсіз болуда екен. Сондай-ақ электронды сауда жасайтын клиенттер саны артуы бек мүмкін. Өйткені, «интернет дүкендер» тұтынушылар санын көбейту мақсатында әрбір жұма акция ұйымдастыруды қолға алған. Ендігі жеңілдетілген тауардан қапы қалмайын деген отандастар онлайн жүйеге бауыр басары анық.

Жергілікті тұрғындардың белсенділігі
Ақпараттық технология қарқынды дамыған кезеңде жаңақорғандық ағайын ғалам-торды қаншалықты тиімді пайдаланып отыр? Осы сауалға жауап іздедік. Алайда көңіл қуантарлық деңгейде емес. Жастар қауымының жауабынан әлеуметтік желінің әлегінен шыға алмай жүргенін анық байқадық. Яғни, «Не керегі бар? Базарда қалаған зат толып тұр ғой», «Интернет дүкеннің көбі орысша, сосын кірмейміз», «Банкоматтан ақша алуды үйрене алмай жүргенімде оның керегі не?» деген секілді керітартпа пікір естідік. Десе де, бұл «интернет-дүкенді» қоланушылар ауданда мүлдем жоқ деген сөз емес. Байланыс саласы маманы мен тұрақты ғаламтор тұтынушылары аудан да белсенділік бар екенін аңғартты.

Раушан Кауханова, ау-дандық почта байланысы торабының, жылжымалы почта байланысы бөлімшесінің басшысы:
– Жалпы, тұрғындардың «ин-тернет-дүкенді» игеру көрсеткіші күннен күнге артып келеді. Интернет арқылы сатып алған заттары почта торабына түскен уақытта тапсырыс берушінің телефонына тауарын алу жөнінде «СМС» хабарлама жіберіледі. Бізге келіп түскен заттардың басым бөлігі парфюмерия. Алғашқы орында «Avon» компаниясының заттары айына 400 каропкаға дейін келеді. Одан кейін «Мary kay»–40, «Оriflame» –7-8 қорапқа дейін келеді. Сонымен қатар, «Lamoda» сауда желісінен киім-кешек алушылар саны көп. Ал, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техниканы үлкендер қауымы алып жатады. Өзім де күні кеше «Аbdi» компаниясына кеңсе заттарына тапсырыс бердім.

Айдана Ахметова, жас маман:
– Өзім «Инстаграм» әлеуметтік желісіне тіркелгенмін. Сонда сәнді киім сататын сауда желілерінің жеке парақшасын тұрақты қарап отырамын. Осыған дейін 3 мәрте киімге тапсырыс бердім. Бағасы да арзан. Ұнады. Алматыдан «Казпошта» қызметі арқылы 4-5 күнде қолыма тиді.

Мұхаммед Мамуов, студент:
– Бүгінгі таңда ұялы телефонда ғаламтор қолжетімді. Өзім үнемі Алматыдан ауылға келерімде еш сабылмаймын. Пәтерде отырып, «Қазақстан темір жолы» мекемесінің сайтына кіріп, онлайн жүйеде билет сатып аламын. Барлығы да алақандағыдай көрініп тұр. Қай вагонда қанша орын бос. Бағасы қанша, бәрі де қолжетімді. Алматыдағы көлік кептелісімен кемі 2 сағатта вокзалға барып, одан кезекке тұру үлкен мәселе. Сондықтан да интернет арқылы билетке қол жеткізу тиімді әрі уақыт үнемделеді.

ТҮЙІН. Қорыта айтқанда «интернет-дүкенде» қара базар-дағы секілді ала жаздай күн ыстықта, не қытымыр қыста бүрсең қағып далада тұрмайсыз. Тек жеке-жеке суретке түсіріп, тауарыңызды сипаттап, тұтынушы назарына ұсынасыз. Жарнамаңыз желдей есіп, сайтқа айналсаңыз күніне 10-20 мыңдап клиент кіреді. Болмағанда оның 10-15- тапсырыс береді. Ал, базарда сенбі, жексенбі сауда қызғанымен алушы саны аз. Сондықтан да жаһандану үдерісінде ғаламтор игілігін пайдаланып, бизнесті бәсекеге бейімдесек әлемдік нарыққа шығатында мүмкіндік туады. Бұл бағытта Қытайдағы қандастардың қызметі көпке үлгі. Яғни, ондағы қандас бауырларымыз тауарларына әлем бойынша тапсырыс қабылдап, кең жолақты «интернетті» істеріне икемдеген. Алдағы уақытта отандық кәсіпкер қауымы өз өнімдерін ғаламтор бетіне шығарып, бәсекеге қабілетті елдер қатарына енеді деген сенімдеміз. Электронды сауда-саттық – бүгінгі күннің белесі. Бағындыра білсеңіз, бұл кең жолақты интернет сіздің де кәсібіңізге жарап қалады.

Самат Оңғар
07 маусым 2021 ж. 639 0