№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Газдан қауіп көп

Газдан қауіп көп


Газ құрылғылары қауіпсіздігі тақырыбында осы салаға қатысты мамандардың қатысуымен өткен дөңгелек стол біраз мәселелердің түйінін тарқатқандай. Соның ішінде Түркістан қаласы мен Қармақшы кентінде орын алған төтенше жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Бірінде табиғи газдан, екіншісінде, газ баллоннан өрт пайда болған қайғылы жағдай ортақ тақырыптың өзектілігін арттырып, тиісті тараптарды газет редакциясында түйістірді. Төменде сол азаматтардың пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Расул ҚАРАҚОЖАЕВ,
аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолаушылар бөлімінің бас маманы:
– Былтыр салынған, көтеріліп қойған үйлердің жоба сметасы енді жасалуда. Ал былтыр газ кірген үйлердің жобасы 2017 жылы жасалған. Газ жүрмеген кейбір көшелерге, тұйықта орналасқан үйлердің жобалық сметалық құжаттарын жасап жатырмыз. Оған бес ай уақыт кетеді. Ол сараптамадан өтіп, шешілуі үшін тағы 2 ай уақыт керек болады. Жалпы бір жылдай уақыт кететінін тұрғындар ескерсе деймін. Өйткені түсініспеушіліктер туындап жатады.

Әбдісамат ӘБДІШ,
блогер:
– Заң бұрыннан бар. Газ құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллонына пропан газын құюға жол берілсе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай, 75 АЕК-тен 700 АЕК-ге дейін айыппұл төлейді екен. Бұл дегеніміз 218 мың теңгеден 2 миллионға дейін айыппұл арқалайды деген сөз. Статистиканы сөйлететін болсақ жыл басынан бері, Сыр өңірінде газ баллонының жарылуы салдарынан сегіз адам бақилық болған. Бұл үш айдың қорытындысы. Сондықтан заң жұмыс жасауы керек.
Тұрғындарды толғандыратын бір-ақ сұрақ, газ баллондарын қайдан алуға болады? Қайдан құйдырады? Елді мекендерге газ тасымалдау жағы қарастырылған ба? Және халық­қа ақпараттың дұрыс жетуі үшін видео­роликтер жасалса.

Данияр ӘБЕНҰЛЫ,
«Тұран газ» ЖШС-нің директоры:
– Кент тұрғындары газды кез-келген уақытта біздің орталықтан келіп құюына болады. Тұрғынның бізге әкелген газ баллонын алып қаламыз да құйылып дайын тұрғанын беріп жібереміз. Газ Қызылорда қаласынан және кенттегі орталықтан құйылады.
Айта кететіні, газ баллонына құйылатын сұйытылған газ өте қауіпті. Жертөлесі бар бөлмелерге газ баллонын қоймаған дұрыс. Өйткені ол ауадан салмағы екі есе төмен болғандықтан төменге қарай тартады. Абайсызда ашық қалған жағдайлар болса, кез-келген синтетикалық киімнен, телефоннан да өрт шығу қаупі бар. Ал табиғи газ ауадан жоғары болғандықтан жоғарыға қарай тартады. Сол үшін де тұрғындар жоғарыдан арнайы тесік қалдыруы қажет.
Біздің «Тұран газ» газ құю орта­лығында газ баллондарын жеткізу мәселелері де шешімін тапқан. Кент ішіне, ауылдық округтерге шақырумен де барамыз. Елді мекен тұрғындары өкінішке орай, газды өздері құйдырып алып жүр. Біздің орталықтағы газ талапқа сай. Жөндеуге тиістілерін арнайы мамандар қалыпқа келтіріп береді. Негізі кіші баллонға 17 литр, үлкен баллонға 34 литр газ құйылады. Литрі 60 теңгеден. Кіші баллонға 1020 теңгеге құяды. Біз үшін тұрғындардың амандығы маңызды.


Елжан Шегебаев,
Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:
– Бүгінде көгілдір отыннан келе­тін қауіп артып отыр. Түркістан қаласындағы, Қармақшы ауданындағы болған қайғылы жағдайлар бәрімізге де оңай болған жоқ. Мысалы, Түркістан қаласындағы болған жағдай газ пештен туындаған. Ол орталықтандырылған газ емес, камин пешті пайдаланған. Камин пештің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Ол жерде пеш аяқ асты өшіп қалған, бірақ газ келіп тұра берген. Орталықтандырылған газ бір жағдай болса автоматты түрде өшіп қалатын болса, камин пештер өшпейді. Оны үй иелері байқамаған. Өйткені, түңгі мезгілде болғандықтан, газдың иісін сезбеген. Сол себепті де тұрғындар барынша сақтық шараларын сақтағаны абзал. Биылдың өзінде ауданда рейдке шығып, қаншама камин пештерді өшірдік. Біз өз тарапымыздан барынша оның қауіпті екенін түсіндіріп әлек болып жатамыз. Ал, үй иелері қыс аяқталғанша қоса тұрайық деп өтініп тұрады, қорықпайды. Мұны тұтынатындар көбіне үйді жалға алып тұрып жатқан жандар, оларға ескерту жасап жүрміз.

Алмасхан Нұғматұллаұлы,
аудандық газ шаруашы­лығының газ желілерін пайдалану және жөндеу бөлімінің инженері:
– Күнделікті тәжірибеге сүйенсек, адамдардың барлығы бірдей сақтық шараларын сақтай бермейтіндігін көруге болады. Табиғи газды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Өйткені, биылғы жылдың өзінде облыс бойынша 3 жағдай орын алып, 8 адам қаза тапса, 4 адам жарақаттанған. Оның екеуі бүлдіршіндер. Бұның барлығын мамандар зерттей келе газ баллонды май құю бекеттерінен құйғаны анықталған. Сондықтан да, газ балонды арнайы газ мекемесінен құйып, әр толтырған сайын бұрандаларын тек­серіп, тазалап отыру қажет. Еліміздің әр аймағында тұтынушылардың газқон­дырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі оқыс оқиғалар болып жатқандығын, күнделікті баспасөз құралдарынан көріп, хабардар болып жүрміз. Ел арасында камин пеш атанып кеткен ирандық каминдердің еркін айналымда сатылып жатқаны жасырын емес. Біз де өз тарапымыздан кентте рейдке шығып, 24 үйден камин пешін анықтап, оның төртеуін рұқсат етілген пешке ауыстырып, жиырмасын өшірдік. Тұрғындарға қыркүйек айына дейін уақыт беріп отырмыз. Осы тұста айта кетейін, газдың негізгі қасиеті тұншықтырғыш болып табылады. Егер дұрыс қолданбаса, адам өміріне қауіп төнеді. Мысалы, күнделікті қолданыстағы газ пештерді қарасаңыздар паровойдағы суды жылытады да, газ жанып болғаннан кейінгі қалдықтары мұржа арқылы шығады. Ал, камин пеште олай емес. Ашық ауа арқылы газ қалдықтары шығады, шықпағаны сол күйі қалып қояды. Газ жанғаннан кейінгі ең қауіпті қалдығы иісті газ болып есептеледі. Мысалы, бір бөлмеде 3%-ға дейін улы газдың қалдығы болса, 5-10 минуттың ішінде сол бөлмедегі адамға көмек көрсетілмесе, уланып қалуы әбден мүмкін.
Тұрғындар иран, қытай пештерін қолданса, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Бірақ, ирандық пештердің құрылымында мұржа қарастырылмаған. Ал «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай тұрғын үйде мұржа болмаса, ол үйдің газ жүйесін өшіруге жауапты мамандардың құқығы бар.

Роза Спатаева,
«ГазРемМонтаж» ЖШС Жаңақорған филиалының директоры:

– Улы газдан улану жағдайы көбінесе УГОП-16 пешін пайдалану кезінде орын алып жатады. Бұл тұтынушылардың пештін жарамдылық жағдайына аса мән бермеуінен, түтіндіктің тартымдылығын уақтылы тексеріп тұрмағандығынан болады. Біз яғни «ГазРемМонтаж» ЖШС тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Аудан халқы біздің қызметімізге қанықты, жиі хабарласып, өз өтініштерін білдіріп жатады. Газ құбырларын, газ пешті және төрт көзін тазалау, газ жабдықтарын жөндеу сынды мәселелер туындаса бізге хабарласады. Осы уақытқа дейін 2987 абонентпен келісім шартқа отырып, 2400 үймен толық жұмыс жасадық. Біздің қызметімізге жылына бір рет 3240 теңге төлейді. Қазір әр үйді аралап, қай нүктеде ақау барын тексеріп, қадағалап жатырмыз. Осы тексеру барысында 41 үйдің мұржасы ескіріп, шіріген, оларды ауыстыруды ескертіп отырмыз. Күнделікті тәжірибеге сүйенсек, адамдардың барлығы бір­дей сақтық шараларын сақтай бер­мейтіндігін көруге болады. Табиғи газды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Сондықтан да, барынша сақтық шараларын сақтауға тиіспіз.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА,
Әсел РЗАЕВА

26 мамыр 2021 ж. 491 0