№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қыс таяу, оған дайындық қалай?

Қыс таяу, оған дайындық қалай?


Әні-міне дегенше қыс қаһарына мініп келері анық. Расында, қыр астында тұр. Оған дайындықты үдетпесек, опық жеуіміз әбден мүмкін. Сондықтан, қысқа дайындық қалай екенін саралап көрдік. Біз алдымен Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бардық.
Ауданда жылыту кезеңіне дайындықты қажет ететін 141 нысан бар. Оның 70-і білім саласы мекемелері болса, 31-і мәдениет саласының, 36-сы денсаулық және төртеуі спорттық нысан. Аталмыш әлеуметтік нысандардың 102-сі қатты отынмен, 28-і сұйық отынмен, ал, 11-і газбен жылытылады.
– Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік нысандардың 2018-2019 жылдардағы жылу маусымына жоспар бойынша 5716 тонна қатты отын, 1394 тонна сұйық отын қажет, – дейді бөлім басшысы Есдәулет Сейлов.
Оның сөзінше, ауданға теміржол тасымалымен келетін көмір тасымалдаушы мекемелер жылу маусымының соңына дейін 25 мың 100 тонна қатты отынды жеткізуді жоспарлаған. Ауданда тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды қатты отынмен қамтамасыз ететін («Жаңақорған Техсервис» ЖШС, «Ныш-Ер» ЖШС, «Тұрғанбаев Ф.» ЖК) үш отын қоймасы бар. Осы қоймаларға бүгінгі күні 4410 тонна көмір жеткізіліп, тұтыну көлемінің 19 пайызын құрап отыр. Қазір онда мекемелерге көмірдің тоннасы 14500-15000 теңгеден сатылуда.
Біз сала басшысының сөзінен кейін ауданға көмір алып келуші жеке кәіпкер Фахриддин Тұрғанбаевқа жолықтық.
– Биыл 2100 тонна көмір алып, оның 700 тоннасы мектептерге жеткізілді. Қазір қоймада 1400 тонна көмір бар. Жеке азаматтарға көмірдің тоннасы 16 мың теңгеден сатылуда. Алдағы уақытта «Жалын-Көмір» ЖШС-нен тағы да 3 мың 500 тонна көмір жеткізіледі. Жалпы, аудан халқын көмірмен қамтамасыз ету үшін алдын ала дайарлық жұмыстарын жасап жатырмыз, – деді жеке кәсіпкер.
Жалпы, Жаңақорған кентінде 5410 тұрғын үй бар.
Оның 4244 көгілдір отынға қосылған. Бұл көрсеткіш – кенттегі жалпы тұрғын үй санының 79 пайызын құрайды. Әрине, газға қосылған үйлерде қысты күні де жаз болып тұратыны анық. Десе де, кенттің кейбір көшелерінде газ құбыры жүрмегендері де бар.
– Кенттегі газ құбыры жүрмей қалып кеткен кейбір көшелердің қиылыстары мен жаңадан түсіп жатқан жалпы ұзындығы 18 шақырым көшенің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамалық қорытындысын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Есдәулет Мырзадәулетұлы.
Мәліметтерге қарағанда, білім саласы бойынша жылу маусымына қажетті 44447,8 тонна қатты отынға 73389 млн. теңге қаржы қаралған. 2018 жылдың қазан, қараша, желтоқсан айының қысқы жылыту маусымына қатты отын сатып алу тауар биржасы арқылы өткізіліп, 30 449,0 теңгеге 2099,9 тонна қатты отын алуға келісімшарт жасалған. Сонымен қоса, сұйық отынның 1313 тоннасына 185130 млн. теңге бөлініп, «Жаңақорған Ойл» ЖШС-мен 74 053,0 мың теңгеге сұйық отын алуға келісілген.
Сондай-ақ, табиғи газбен жылытылатын №51, №56, №125, №163, №169 мектебіне 10409,0 мың қаржы бөлінсе, №110 мектеп-лицейі мен №3 мектеп-интернатына қазіргі уақытта газ жүйесіне қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал, кент орталығындағы мемлекеттік балабақшаларға жылу беру маусымына қатты отын үшін 6713,0 мың теңге, сұйық отынға 11394,2 мың теңге қаржы қаралған. Осы балабақшаларды алдағы уақытта газ жүйесіне қосу үшін 13736 мың теңге қаражатқа жоба-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары жасалып, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кететіні, аудандық мәдениет үйі ғимаратын газ жүйесіне қосуға мемлекеттік сатып алу конкурсы 9471 мың теңгеге жарияланып, оны 7,795 мың теңгемен «Ай-Скан» ЖШС-гі жеңіп алып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Бүгінде мәдениет үйі газ пайдалануда. Ал, ауылдық клубтар мен мәдениет үйлеріне қатты отын үшін 14437,0 мың теңге қаржы қаралған.
Бүгінде аудандық орталық аурухананың қазандықтарын газ отынына жабдықтауға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына облыстық бюджеттен 32,0 млн. теңге қаржы бөлініп, газбен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде екен.

Р.S.: Халықтық болжамға сүйенген ақсақалдардың пікірінше, биылғы шілденің аптап ыстығы 6 ай 6 күннен кейін қысқы суық болып түседі. Осы өлшеммен есептесек, сары суық желтоқсан мен ақпан аралығында келеді. Сақтықта қорлық жоқ, демекші қысқа дайындық жұмыстарына бей-жай қарамайық. Себебі, қыс қаһарына мініп келгенде көмір қымбаттап, тапшы болатыны тағы ба...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
22 қыркүйек 2018 ж. 1 245 0