Ұшқан ұя ұлағаты
Кент орталығындағы «Нұрай Қыдыр» балабақшасы ауласына енгеннен аса бір ұқыптылықпен жасалған балалар алаңқайына көз сүрінді. Ағаш үйшіктер, сырғанақтар, желім құтыдан жасалған гүлдер, ойнауға қолайлы ағаштан жасалған түрлі бұйымдарға қарап еңбеккеш иесінің кім екенін көруге асыққанымыз рас.
Осыдан біраз жыл бұрын іргесі қаланған жеке балабақшаның бүгінде шаруасы бірізге түсіп, балалардың құтты орнына айналғаны қашан. Тәрбиешілері бүлдіршіндерге өз баласындай қамқорлықпен қарап, бірнәрсе үйретсем деп тұратын пейілдерінің өзі басшының қойған талап үдесінен шығудың оңай емес екенін аңғартқандай. Таңертең келгенде кең, жарық бөлмелердегі тазалық, көрнекіліктер бүлдіршінді ертегі әлеміне шақыратындай үйлесім тапқан. Есік алдындағы қояндар мен көгершіндердің үйшігі балалар қызыға қарайтын орынға айналып та үлгеріпті. Балаларға осыншама жағдай жасап отырған Мұрат Нұрғалиұлымен сөйлесе отырып ұққанымыз маңдай тер, еткен еңбекке баулыған әкесі Нұрғали мен марқұм Айжан ананың тағлымы мол тәрбиесінің арқасы екенін аңғардық.
– Әкем соғыс аяқталғаннан кейін дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін ауырлау жылдар болғаны тарихтан белгілі. Өздері еңбекке әбден ысылған ата-анам бізге де еңбекпен жеген нанның тәтті болатынын ұқтырды. Бала күнімізден олардың қас қабағына қарап өстік. Әкем Нұрғали Мінуәр атам мен Шекер апамның тұңғышы. Өмірден көрген – түйгені мол, талай жыл ұстаздық қызмет істеген әжем тағдырдың тартуымен шөбере сүйіп өтті өмірден. Біздің арқамыздан қағып адам болуымызға ол кісінің де үлесі зор. Адалдықтан айнымай, тура жолда жүруімізге әкеміз бен анамыз өнеге болды. Әкем талай жыл құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет еткен, адалдықты арқау еткен азамат. Бесарық, Жайылма плотинасының құрылысын, Бірлік су тоспасын салған. ПМК мекемесінде прораб, бөлім бастығы, бас инженері болып қызмет атқарған жылдары Задарья, Қыркеңсе, Сунақата, Қаратөбе, Өзгент шаруашылығында күріштік жерлердің тегістеліп, инженерлік жүйеге келтірілуіне, Қожамберді, Сунақата, Сүттіқұдық, Екпінді елді мекендерінде ауыз су құбырларының іске қосылуына тікелей басшылық жасаған. Анам зейнет жасына дейін №163 мектептің кітапханашысы болған. Зейнет жасына жеткеннен кейін үйде балалары мен немерелеріне өсиетін айтып, тазалықтың айнымас үлгісіндей болып кетті, – деді.
Иә, баланың жақсы болмағы ұшқан ұядан алған тәліміне тікелей байланысты десек, әр саланың тізгінін ұстаған Нұрғали атаның ұл-қыздары бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі атанып отыр. Әнипасы Алматы облысы, Есік қаласындағы амбулаторияда меңгеруші болса, жолдасы Пуат антына адал, көпке шипасы тиген дәрігер, Қайрат жеке кәсібін дөңгелетіп, жетістікке жетіп жүр. Келіні Айман мейрбике, Алматы қаласында тұрады. Одан кейінгісі Мұрат жоғарыда айтып өткеніміздей жеке кәсіптің қыр-сырын меңгерген маман болса, Талғат №163 мектепте мұғалім, волейболдан тренер. Құрбанай Талғар қаласындағы мектепте мұғалімдік қызметте болса, жолдасы Құрбанғазы кәсіпкер. Бізді үлкен шаңыраққа бағыттаған келіні Мереке мен қара шаңырақтағы келіні Құралай аудандық емханада жоғарғы санатты мейіргерлер.
Есіктің алдында Нұрғали ата мен немересі Алмат егіндіктің басынан келіп демалып отырған сәті екен.
– Ұлы Отан соғысының лаңынан ел көпке дейін еңсесін тіктей алмады. Майданнан жараланып қайтқан әкемнің жан-жарасын көзінен көріп өстік. Өзімізді-өзіміз қайрап, жігерлендік, намысқа тырыстық. Осы намыс бізді ерте есейтті. Оқу оқыдық, түрлі салада қызмет еттік. Бүгінде зейнеттемін. Үш-төрт жылдан бері балам Талғат пен немерелерім қауын-қарбыз, картоп-пияз егіп қыстық азығымызды қамдап, артылғанын пұлдап жүр. Бұл бір жағы балаларды еңбекке баулу, бос уақытын тиімді пайдалану, одан қала берді өзіңнің еккен өніміңнің дәмі бөлек болады емес пе? Шүкір, бейнетіміздің зейнетін көріп келеміз, – деді қария.
Жетпістің бесеуіне шықса да өзі тың, еңбекті егізіне балаған ақсақал немерелерін еңбекке баули жүріп, маңдай термен келетін ақшаның бөлек болатынын айтып жүреді екен.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде», – дейді. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек. Иә, қажырлы еңбек ешқашан еш кетпейді. Үлкендерден өнеге алған ұл-қыздары қашанда талаптарын еңбекпен ұштастырып жетістіктерге жетіп жүр. Қарапайымдылық пен адамгершілікті өмірінің басты ұстанымы еткен еңбекқор ұрпақтың әрбір тірлігінің түзі болуы да берілген тәрбиенің қазығының мықты болғанына байланысты болса керек.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА