№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әуе кеңістігіндегі шайқасқа араласты

Әуе кеңістігіндегі шайқасқа араласты

18 жасында әскер қатарына алынып, ұлы майданға аттанған жаңақорғандық жауынгерлер арасында Рахым Сүлейменов те болды. От пен оқтың ортасынағы сұрапыл соғысқа Рахым Жұманұлы 1943 жылы шақырылып, 1 мамыр күні әскери ант қабылдайды. Көп ұзамай соғыс тактикаларын үйренген жастар ұрыс даласына беттейді.
Жас сарбазды әуе полкінде әскери ұшқыштарды ұшыру кезінде техникалық жағдайларын соғысқа толық дайындау жұмысына дайындайды. Басқару тактикасын меңгерген ол әуе кеңістігіндегі шайқасқа да араласты.
Жалпы Рахым Жұманұлы 1925 жылы 13 наурызда Екпінді елді мекенінде дүниеге келген. Авиация механигі және технигі мамандығын атқарып, бөлімше командирі болады. Әскери шені – аға сержант.
Соғыс аяқталып, 1951 жылы 6 қыркүйекте еліне қайтарылып, әскери қызметтен босатылады. «Ерен еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 20 жыл» төс белгісімен марапатталады. Мұның барлығы өр-рух, жауынгерлікпен келген марапат.
Соғыстан оралған соң 1963 жылы Төменарық совхозында учетник-есепші, 1966 жылы Сунақата совхозында бригадир, 1968 жылы бас аграном қызметін атқарған. Қиын-қыстау уақытта ел тарығып, еңсесі түскен шақта Рахым батыр бастаған елдің жігіттері жұмыла жұмыс атқарды. Егін шаруасы мен төрт-түлікті көбейтуде атқарылған жұмыстың басы-қасында болды. Әсіресе, тыл жұмыстарында тынбай еңбек етуде ерлермен бірге аналар да маңдай терін төкті. Емізулі сәбиі болса да, емірене еңбек еткен әзиз аналардың қатарында Рахым Сүлейменовтың жары Үрзаб Сүлейменова да болды.
Апамыз сауыншы болған, мал шаруасына дем беру ісіне де белсенді араласты. Күн-түн демей тіршіліктің қамытын киіп, тынбай қызмет қылды. Әрі батыр ана. Жаңақорған аудандық партия комитетінің 2 рет пленум мүшесі, 1 рет халық депутаттары аудандық кеңесінің депутаты болған. 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, барлығын аяқтандырып, елге еңбек етуге баулыды.
Батыр Рахым Сүлейменов 1971 жылы өмірден өтті. Өзі өмірден өтсе де артында өшпестей із қалдырған сарбаздың сүйегі асыл, өнегесі тарихта таңба болып басылды. Ел ер есімін ешқашан ұмытпақ емес, өйткені ел мен жер, Отан үшін от кешкен боздақтар, қазақ жауынгерлері бүгінгі ұрпақтың мақтанышы.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ

08 мамыр 2021 ж. 392 0