№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Атқарылған іс те, атқарылатын шаруа да ауқымды

Атқарылған іс те, атқарылатын шаруа да ауқымды

2021 жылдың 1 тоқсан қорытындысы бойынша аудан әкімі Руслан Рүстемов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг берген еді. Әйткенмен ауыл-ауылдағы ағайын атқарылған жұмыстармен толық хабардар болды дей алмаймыз. Сондықтан аудан басшысы елді мекен тұрғындарына атқарылып жатқан жұмыстарды баяндауды құп көрді. Осы мақсатта Сунақата ауылдық округін бағытқа алдық. Делегация құрамында аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков пен аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров те бар.
Карантиндік талаптарға сай Сунақата ауылының қоғамдастық мүшелері мен ел ағалары ғана жиналыпты.
Аудан басшысы елді мекендерді аяқ және ауыз сумен қамту, газдандыру, каналдарды қазу, ауылішілік жолдарға орташа жөндеу өткізу, тұрғын үй құрылысы, электр желілерін жаңарту және т.б әлеуметтік басым бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Руслан Рүстемұлы әкім болып келгелі елді мекендерді екі рет аралап, тұрғындармен жүздескені есімізде. Кездесу барысында тұрғындарды тол­ғандыратын мәселелер талданып, олардың шешілу жолын қарастырды. Ал үшінші рет елді мекендерді аралағанында нақты атқарылатын халықшыл істерді саралады.
– Барлық ауылдық округті аралап, тұрғындардың талап-тілегін біліп, қажеттілікті кезең-кезеңімен шешудің жоспары анықталды. Қазір әлеуметтік бағытқа, ауылішілік инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық беріп отырмыз. Мәселен, биыл 18 елді мекенде 25,2 шақырым құрайтын 25 ауылішілік жол орташа жөндеуден өтеді. Бұған 520,3 млн. теңге қаралып отыр. Мұндай ауқымдағы жұмыс Тәуелсіздік жылдары атқарылмаған екен. Оның ішінде, Сунақата ауылдық округіндегі Ю.Гагарин көшесіне орташа жөндеуден өтеді. Жалпы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйінің индикаторлық көрсеткіші – 84 пайыз. Бұл облыстағы жоғары көрсеткіш. Осыны 91 пайызға жеткізу жоспарда бар.
Биылғы қарлы, ызғарлы қыс аудандағы электр желілерін қатты сынады. Иә, сәт сайын жарық өшіп, қиналдық. Электр желісінің 70 пайызының тозығы жеткендіктен ауа райының қолайсыздығына сәйкес электр желілерінің үзілуі, бағаналардың сынуы мен құлауы жиі кездесіп жатады. Мұны бір-екі жылда атқару қиын. Бұл қомақты қаржыны талап ететін жоба. Әйткенмен біз қарап отырған жоқпыз. Жаңақорған кентінің электр желілері мен бағаналарын ауыстыруға 3,4 млрд. теңгенің жобасы дайындалды. Үлкен жобаны қаржыландыру да оңай болмайтыны анық. Облыс әкімдігінің қолдауымен жыл ішінде облыстық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінетін болды. Оған Жаңақорған кентіндегі бірінші кезектегі апатты деп танылған электр желісі ауыстырылады. Аудандық электр тарату торабынің жоспарына сәйкес 8 ауылдық округте жөндеу жұмыстары жүргізіледі Олар: Қандөз, Келінтөбе, Бесарық, Ақүйік, Сунақата, Сүттіқұдық, М.Нәлібаев. Аудандық бюджеттен Сунақата және Еңбек елді мекеніне 100 кВт трансформатор алуға жергілікті бюджеттен 3,2 млн теңге бөлінді.
Ал газдандыру бағытында биыл елді мекендерге басымдық беріп отырмыз. Өткен жылы облыстық бюджеттен 20 млн. теңге қаржы бөлініп, Бірлік және Қыраш елді мекеніне дейін жоғарғы қысымды жеткізуші газ құбырын салу және ауылішілік көшелерге газ тарату құбырын салу жобасы әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға ұсынылды (Жобаның сараптамаға дейінгі болжамдық құны 700 млн. теңгені құрап отыр). Оған қоса, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден елді мекенін де газбен қамтамасыз етуге аудандық бюджеттен жоба-сметалық құжаттарды әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 51 млн. теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік сатып алу конкурс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі газдандырудың бас схемасына сәйкес ауданның солтүстік беткейінде орналасқан Төменарық, Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдыққа газ жеткізу міндеті тұр. Алдымен Шиелі ауданындағы газ тарату станциясынан Төменарық елді мекеніне дейінгі жоғарғы қысымды газ құбырын жеткізу стратегиялық маңызды жоба саналады. Осы арқылы Төменарықпен көршілес ауылдарға газ тартылады, – деді әкім.
Қоғамдастық төрағасы Есенгелді Ержігітов интернет мәселесін қозғаса, шаруашылық төрағасы Әбдіғаппар Қансейітов Сунақ ата каналы сапасыз қазылып жатқанына қынжылды.
Шынында, интернет мәселесі өзекті екені белгілі. Халық саны 250-ден астам тұрғыны бар ауылдық елді мекендерді интернетке ұтқыр кеңжолақты қол­жетімділікпен қамтамасыз ету жөніндегі жоспар-кестеге сәйкес Жаңақорған ауданы бойынша Көктөбе және Аққұм елді мекендеріне «Кселл» телеоператорының мачталық антенна құрылғысы орнатылып, Көктөбе елді мекенінде «Актив» байланысы іске қосылса, Аққұм елді мекені бойынша байланыс сәуір айының аяғына дейін қосылуы жоспарлануда. Сонымен қатар, биылғы жылы мобильді байланыс жылдамдығы төмен Манап және Жаңарық елді мекендеріне 3G (актив) байланыс құрылғысы және Шалхия, Бесарық бекеті, Келінтөбе, Бесарық ауылдарына 4G (билайн) құрылғысы орнатылып, қалыпты жұмыс жасауда. Ал, Қосүйеңкі елді мекені бойынша сәуір айының аяғына дейін 3G (актив) құрылғысы іске қосылатын болады. Сонымен қатар, елді мекендер бойынша мобильді байланыс желісі болғанымен, мобильді интернет жылдамдығы төмен елді мекендер бар (Билібай, Екпінді, Кейден, Қалғансыр, Қожамберді, Манап, Сүттіқұдық, Жаңақорған кенті Май бекеті, Сунақата, Қаратөбе). (Жаңақорған аудан әкімдігі тарапынан «Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар ми­нистірлігі телекоммуникациялар ко­­ми­­­­тетінің Шымкент қаласы және Жам­был, Түркістан, Қызылорда облыс­тары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ-не бұл елді мекендер бойынша ұсынымдар жолданып, инспекция тарапынан мобильді байланыс сапасын тексеру жұмыстары Қыркеңсе елді мекенінде жүргізілді. Қалған елді мекендер бойынша да тексеру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, инспекция тарапынан про­вайдерлерге тиісті ұсынымдар берілетін болады.
Екінші сұраққа байланысты аудан­дық мәслихат хатшысы Ғалымжан Жарқынбекұлы арнайы комиссия құрып, каналдың сапасын тексеруге келетінін жеткізді.
Одан кейін Екпінді ауылдық округіне барып, тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты түсіндірілді. Ауыл тұрғыны Кеңес Қожамжаров жайылымдық жер мәселесін алға тартса, Әбдіәкім Мұратбеков К3 су қашыртқысын қазу маңызды екенін айтты.
Бұл бойынша биыл қаржы қаралғанын, алдағы уақытта су қашыртқысын қазу жұмыстары басталатыны айтылды. Ал, жайылымдық жерге байланысты аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Оңал Ержанов елді мекен тұрғындарымен кездесіп, шешілу жолдарын айқындауда...
ТҮЙІН. Әкім ашықтық пен жариялық принципін ұстанып, халыққа атқарылып жатқан жұмысын дер кезінде жеткізіп отыруды құптайды. Алдағы уақытта өзге де ауылдарды аралап, бастамаларының байыбын түсіндіретін болады.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

17 сәуір 2021 ж. 659 0