№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Рамазан – сауабы мол, рухани жаңғыру айы

Рамазан – сауабы мол, рухани жаңғыру айы

  
Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын Рамазан айыда келіп жетті. Яғни, 13-сәуірден бастап барша мұсылман қауымы ауыз бекітуді бастайды. Иә, Рамазан–он екі айдың сұлтаны, береке мен кешірімге толы ай.  Осы тұста, Сыр өңірінің «сары аймаққа» енуіне байланысты, ораза айында бірқатар шектеулер қойылғаны мәлім. Бұл жөнінде толығырақ білмекке ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлын сөзге тарттық.
– Әуелі барша аудан тұрғындарын айлардың сұлтаны Рамазан айымен құттықтаймын. Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Елорда төрінде баспасөз мәслихатын өткізді. Елдегі күрделенген эпид ахуалға байланысты бірқатар мәлімдеме жасады. Бас мүфти 60 жастан асқан кісілерге дәрігердің кеңесімен, толық тексерілуден кейін ғана ауыз бектіуге, егде және балиғат жасындағыларға мешітке бармай, үйде құлшылық етуге кеңес берді. Ал тарауық және ауызашар өткізудің тәртібі 3 аймаққа бөлінген. Қызылорда облысы «сары» аймақта тұрғандықтан жұма намазын оқуға, тарауық өткізуге, мешіт асханасында ауызашар ұйымдастыруға шектеу қойылды. Жалпы мешіттердің есігі ашық. Бес уақыт намазда санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, толтырылуы 30 пайыздан аспаған жағдайда рұқсат етілді. Ал ауызашар беру «Ауызашар қоржыны» арқылы ұйымдастырылады. Яғни, жоқ-жітікке, тұрмысы тұралаған отбасыларына мешіт қызметкерлері арқылы «Ауыз­ашар қоржынын»  жеткізіп беру мүмкіндігі бар. Мұсылман баласы болғасын ораза ұстаған жандарға ауызашар дастарханын жайып, сауапқа кенелгісі келеді. Бұл бағытта жомарт жандарды Діни басқарманың аталмыш «Ауызашар қоржыны» жо­басы аясында қайырымдылыққа өз үлесін қосуға шақырамыз. Мешіттерде Құран-қатым түсіру барлық аймақтар қашықтан онлайн форматта оқы­лады. Жоғарыда аталған талаптар эпид ахуалға байланысты өңірдегі бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес өзгеріп отырады.
– Көп көкейінде жүрген сау­алдың бірі аузы берік адамның вакцина салдыру, ПТР тест тапсыру оразаны бұзбайды ма деген сұрағы бар?
– Қалыптасқан ахуалға байланысты аузы берік адамның екпе салдыруына қатысты ҚМДБ мәлідеме жасаған болатын. Діни басқарманың мәлім­демесінде: «Вакцина – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық және организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды», – делінген.
– Биылғы пітір садақа мөлшері жайлы айта кетсеңіз...
– ҚМБД-ның Төралқа мәжілісінің шешімімен биылғы Рамазан айындағы пітір садақа мөлшері жан басына шаққанда 420 теңге болып бекітілді. Жалпы Ханафи мазхабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оразаның  бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беруге болады.
Оразаға қатысты тағы бір сауалдың бірі денсаулығына байланысты ауыз бекітуге мүмкіндігі жоқ жандар да жетерлік. Ислам – адамзат баласына ауырлықты қаламайтындықтан сырқат кісінің оразадағы ахуалын ауданның бас имамынан сұрадық.
– Егер денсаулығында кінараты бар кісі ораза ұстаса ауруы асқынатынына көзі жетсе не білікті дәрігер ораза ұстау зиян болады деген дәлелді кеңесін айтса ауыз бекітпеуге болады. Алайда саулығы түзелгеннен кейін оразаның қазасын өтеуі тиіс. Бұл жайында Құранда: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал, кімде кім сырқаттанса немесе жолға шықса(аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді»..делінген. Міне, осы және басқа аяттарды негізге ала отырып дін ғалымдары мынадай үкім шығарған: «Науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах (рұқсат) болады. Егер сырқат кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның ораза ұстамауы уәжіп. Ал, егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса не жазылуы баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат». Дертіне шипасы беріліп, ауруынан айыққан кезде тұтпаған күндердің қазасын өтейді. Оған қоса, Діни басқарманың Төралқа мәжілісінде бір күндік фидия мөлшері – 2500 теңге болып бекітілді. Ораза ұстай алмайтын қалжыраған қарт кісілер мен созылмалы ауруы бар науқас жандар 2500 теңгені 30 күнге көбейтіп, мұқтаж жандарға садақа етіп беруіне болады. – деді Әбдіхалық қажы Махмұтұлы.  
Әлгінде айтып өткендей, Ислам адам баласына ауырлықты қаламайды. Осы тұста бұл айда емізулі сәбиі бар немесе жүкті әйелдерге ораза ұстау керек пе деген орынды сауал туады. Біздің бұл сұраққа бас имам былайша жауап берді.
– Шариғат бойынша құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген анаға Рамазанда ауыз бекітпей, кейінге қалдыруына болады. Бірақ ол қаза болған күндердің қазасын өтуі тиіс. Бұл жөнінде хадисте: «Күмәнсіз Алла Тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге жеңілдетті» делінген.
Иә, Рамазан ізгілікке толы,  сауап жинап, күнәдан тазаратын ай. Рухани деңгейіміз көтеріліп, жан дүниеміз жарқырайтын ай. Жығылғанды демеп, жылағанды жұбатып, мұқтаждарды мұңынан арылтатын ай. Яғни жақ­сылық жолында жарысатын нұрлы ай. Шұғылалы да шуақты, шарапаты мол айдың ізгілігінен үлесіңізді алыңыз.
Әбдісамат ӘБДІШ
14 сәуір 2021 ж. 546 0