№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » РАМАЗАН – САУАБЫ МОЛ, РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ

РАМАЗАН – САУАБЫ МОЛ, РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ


Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын Рамазан айына санаулы ғана күн қалды. Яғни, 16 мамыр күні барша мұсылман қауымы ауыз бекітуді бастайды. Биыл мұсылман күнтізбесі бойынша ораза 30 күн. Иә, Рамазан – он екі айдың сұлтаны, береке мен кешірімге толы ай. Қасиетті айдың қадірі мен ауыз бекітетін ағайынның арасында жиі кездесетін сауалдарға жауап алу мақсатында ауданның бас имамы Сайдулла қажы Сүннетуллаұлын сөзге тарттық. Алғашқы кезекте Рамазанға дайындық барысы мен қасиетті айда қандай іс-әрекеттерде тоқтам болу керектігін сұрадық.
– Әуелі барша аудан тұрғындарын айлардың сұлтаны Рамазан айымен құттықтаймын. Бүгінде Жаңақорған жұртшылығына арналған ауызашар кестесін бекітіп, халыққа таратуды бастап кеттік. Сондай-ақ жыл сайынғы дәстүрге айналған сауапты шараларды биылда жалғастыруды қолға алмақпыз. Онда, бірінші кезекте, жомарт азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, жергілікті аумақтағы жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлсек. Оған қоса, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылуына атсалыссақ игі. Иә, «Өмір бар жерде, өлім бар» демекші, жылдағы көріп жүргендей, ораза күндері тал түсте қазан-қазан ет асып, құдайы ас беріліп жатады. Жаратқан Иеміз, күллі мұсылман баласына ауыз бекітуді бұйырып жатқанда 300-400 адамды шақырып, ас беру бұл құрметсіздік. Сондықтан да қырқы, жылдық асы секілді құдайы асты кешкі ауызашар уақытына ұйымдастыру абзал, – деді бас имам.
Құнды ақпараттан кейін бас имамнан мамыр мезіреті мен маусым айына сай келіп отырған оразаны аптап ыстықта ұстаудың артықшылығын білдік.
– Біріншіден, барша жамағатқа Рамазан айында Жаратқанның ризашылығы үшін тұтқан оразасы қабыл болсын дегім келеді. Мойындау керек, маусымның аптап ыстығына сәйкес келген оразаға шыдамаймын деп, сауаптан құр қалатындар бар қоғамда. Алайда, Алла ризашылығы үшін бір күн ораза тұтқан адамның жүзі тозақтан жетпіс жылға алыстатылатыны жайлы мүбарак хадисте айтылған. Ал, оразаны ұстау тәуліктің ұзақтығы не күннің ыстығына байланысты қиындай түссе, оның сауабы да мол болары ақиқат. Жалпы, құлшылық жасау барысында кездескен қиыншылық ғибадаттың сауабын еселей түседі,– деді Сайдулла қажы Омаров.
Иә, оразаны тұту тәуліктің ұзақтығы не күннің ыстығына байланысты қиындай түссе, оның сауабы арта түседі екен. Десек те, денсаулығына байланысты ауыз бекітуге мүмкіндігі жоқ жандар да жетерлік. Ислам – адамзат баласына ауырлықты қаламайтындықтан сырқат кісінің оразадағы ахуалын ауданның бас имамынан сұрадық.
– Егер денсаулығында кінараты бар кісі ораза ұстаса ауруы асқынатынына көзі жетсе не білікті дәрігер ораза ұстау зиян болады деген дәлелді кеңесін айтса ауыз бекітпеуге болады. Алайда саулығы түзелгеннен кейін оразаның қазасын өтеуі тиіс. Бұл жайында Құранда: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал, кімде кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді»..делінген. Міне, осы және басқа аяттарды негізге ала отырып дін ғалымдары мынадай үкім шығарған: «Науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах (рұқсат) болады. Егер сырқат кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның ораза ұстамауы уәжіп. Ал, егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса не жазылуы баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат». Дертіне шипасы беріліп, ауруынан айыққан кезде тұтпаған күндердің қазасын өтейді, – деді Сайдулла қажы Сүннетуллаұлы.
Жаңа да айтып өткендей, Ислам адам баласына ауырлықты қаламайды. Осы тұста бұл айда емізулі сәбиі бар немесе жүкті әйелдерге ораза ұстау керек пе деген орынды сауал туады. Біздің бұл сұраққа бас имам былайша жауап берді.
– Шариғат бойынша құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген анаға Рамазанда ауыз бекітпей, кейінге қалдыруына болады. Бірақ ол қаза болған күндердің қазасын өтеуі тиіс. Бұл жөнінде хадисте: «Күмәнсіз Алла Тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге жеңілдетті» делінген.
Мұнан әрі ауданның бас имамынан тұрғындар тарапынан оразаға байланысты жиі қойылатын сұрақтарға қысқа да нұсқа жауап беруін сұрадық.
– Таңсәріде сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
– Қасиетті айда сәресіне тұра алмай қалған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ешнәрсе жеместен ауыз бекітеді.
– Түкірігін жұтса, ораза бұзылады ма?
– Бұзылмайды. Бірақ, жинап жұту құпталмайды.
– Хайыз не нифас әйелдер рамазан оразасын тұта алмаған күндерінің қазасын өтеуі міндетті ме?
– Иә, әйелдер тұта алмаған күндерінің қазасын өтеп беруі тиіс.
– Аузы берік адам, күндіз тіс пастасын қолданса болады ма?
– Шариғатта аузы берік кезде себепсіз бір нәрсенің дәмін тату не шайнау – мәкруһ. Ғалымдар тіс пастасын қолданарда ішке кетіп қалмауын қадағалағанмен, оның дәмі ауыз қуысында ұзаққа сақталатындықтан тіс пастасын оразада қолдану мәкруһ деген пікірде.
– Аудан бойынша мешіттер тарапынан Рамазан айында қандай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарлануда?
– Жақында ғана облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде аймақ имамдарының қасиетті ай қарсаңындағы жиналысы өткізілді. Онда ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы Алматы қаласында өткен Төралқа Мәжілісіне қатысып, басқосуда жүктелген тапсырмаларды аудандарда жүзеге асыруға белсенділік танытуға шақырды. Әрине, бірінші кезекте мешіт асханаларында 30 күн ауызашар ұйымдастыру, басылым беттерінде имандылық жайлы мақалалар беру. Және де қайырымдылық шараларын көптеп өткізуге тапсырма берді. Тағы да айта кететіні, аудандық мешіт пен «Хисамиддин Сығанақи», «Қум саһаба» мешітінің ұйытқы болуымен Рамазан айында төртінші мәрте «Жақыныңа жәрдемдес» атты қайырымдылық акциясы бастау алады. Дәстүрлі шараның мақсаты – жұдырықтай жұмылып, жоқ-жітік пен тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік өнімдерін үлестіру. Алланың разылығына бөленемін деген атымтай жомарттар болса, Алла үйінің есігі әрдайым ашық.
Сондай-ақ сұхбат барысында Сайдулла Омаров ҚМДБ-ның Төралқа Мәжілісінде биылғы Рамазан айындағы пітір садақа мөлшері бекітілгенін жеткізді. Яғни, әр өңірдегі бидайдың бағасы ескеріліп, Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен пітір садақа мөлшері – жан басына шаққанда 300 теңге болып бекітілген. Бас имам пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беруге болатынын тілге тиек етті.

Түйін.
Иә, Рамазан ізгілікке толы, сауап жинап, күнәдан тазаратын ай. Рухани деңгейіміз көтеріліп, жан дүниеміз жарқырайтын ай. Жығылғанды демеп, жылағанды жұбатып, мұқтаждарды мұңынан арылтатын ай. Яғни, жақсылық жолында жарысатын нұрлы ай. Шұғылалы да шуақты, шарапаты мол айдың ізгілігінен үлесіңізді алыңыз.

Әбдісамат ӘБДІШ.
11 мамыр 2018 ж. 2 055 0