№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ағалар-ай, атақ емес, арды ойлаған

Ағалар-ай, атақ емес, арды ойлаған


Дана халқымыздың «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген керемет сөзі бар. Яғни қарапайымдылығымен, ақырын жүріп анық басқан, адалдығымен ел есінде қалған жандардың бірі дүниеден озғанына жыл толмаған аққорғандық  Аман (Амандық) Әбіласанұлы болатын.  Өзінің саналы ғұмырында жарты ғасырдан астам уақыт Аққорған ауылында тұрып, Түгіскен тыңын түлетушілердің алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде маңдай терін төгіп еңбек еткен  абзал жан туралы әңгіме сабақтасақ артықтық етпес.
Ол 1933 жылдың 8 наурызында «Жаңақұрылыс» (қазіргі Құттықожа ауылы) колхозында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. 1940 жылдың 1 қыркүйегінде ауылдағы жетіжылдықтың бірінші сыныбының есігін ашты. Әкесінің:
– Балам, жақсы оқы, бар байлық оқу-ілімде. Ілімі бар адам далада қалмайды. Ендігі заман білімділердікі, – деген сөзі бала Амандықтың санасында өшпестей жазылып қалды, кейін өзі де әке сөзін балаларының құлағына құйып өсірді.
– Шүкір, – дейтін Әбекең оңаша сырласқанда: – Ұл-қыздарымды түгел оқыттым, ендігі өмір жолдарына өздері ие.   
Бірақ бірінші сыныпты бітірген жылы сұм соғыс басталды. Әскерге жарамдылар майданға аттанды. Жас балалар  жаздай өгізарба айдап, колхоз жұмысына жегілді. 
1947 жылы жетіжылдық мектепті бітірген.  Соғыс тауқыметінен енді-енді ғана  есжинай бастаған елдің  әл-ауқаты да онша мәз кез емес.  Сонда да болса білімге деген құштарлық оны үлкен қалаға жетеледі. 
Құжаттарын Шымкент қаласындағы ауылшаруашылық техникумына өткізді. Бірде тоқ, бірде ашқұрсақ жүріп 1951 жылдың көктемінде техникумды агро­номия мамандығы бойынша біті­ріп шықты. Ол кездері оқу орнын бітірген жастар министрліктің арнайы жолдамасыменжіберген жаққа барып 1-2 жыл жұмыс істеп қайтатын.
Техникум басшылығы жас маманды Жамбыл облысы, Сарысу ауданының МТС-ына жұмысқа жіберді. Сыр перзенті осылайша Бетпақдалаға барар қақпа саналатын Сарысу жерінде өзінің кәсіби маман ретіндегі  еңбек жолынбастады. МТС-қа қарасты шаруашылықтарды аралап дала қостарында түней жүріп, диқан қауымымен біте қайнаса жүріп жұмыс істеді, үйренді, тәжірибе жинақтады. Жолдама мерзімі бітіп 1954 жылы отбасы жағдайымен туған жерге оралды. Аудандық партия комитеті мен МТС басшылығы оны «1 – май» колхозына агроном етіп жіберді. Ол жылдары аудан аздап күріш пен мақта егетін.  Амандық Сыр жерінде болатын оқпандарды бітеу  мен су қашыртқыларын қалай пайдаланудың қыры мен сырына қанықты. Сыр диқандарының бұған үйреткендері  зая кеткен жоқ.
Жас маманның ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы басшылық назарынан тыс қалған жоқ. 1956 жылдың ерте көктемінде Амандық «Ленин» кол­хозының,  кейінірек колхоздар тарап шаруашылықтар іріленгенде «Красная звезда» кеңшарының бас агрономдық лауазымына тағайындалды . Осылайша 12 жыл қызмет етті, тәжірибе жинақтады. Осында жүріп отбасын құрды, өсті, өнді. Ол осы бір санаулы жылдар аралығында  аудандағы белгілі маман агроном ретінде бағаланды. Оның осы үйренгендері  кейін Түгіскен массивін игеру кезеңінде пайдаға асты.
Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарының екінші жартысында елде  азық-түлік молшылығын жасау мақсатында СОКП Орталық Комитетінің ұсынысыменТүгіскен массивін игеру туралы қаулысы шықты. Нәтижесінде 1967 жылдың қараша айында Үкімет қаулысымен «Түгіскен» кеңшары құрылды. Жаңа кеңшарлардың ашылуына бай­ла­нысты  ел ағалары  аудандық ауыл­шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Зұлпыхар Мұсаханов, аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Бекмахан Дүйсенбаев, Төменарық ауылдық Кеңесі атқару комитетінің  төрағасы Құдабай Наурызбаев, бұрынғы «Кеңес» колхозының  төрағасы болған Исатай Топышев, №51 орта мектеп директорыАрасат Фейзулдаев, ел ағалары Мақаш Қожақов, Елеусіз Төреев, Мырзахан Тәукебаев, Берден Төлегенов, Үржігіт Әбенов секілді елу шақты азаматтар ел аралап, берісі Шымкент облысы, әрісі Өзбекстан мен Тәжікстанға сонау үркіншілік жылдары көшіп кеткен ағайындарды ата қонысқа қайтуға үндеді.
Бұлардан өзге Қосүйеңкі, Тал­дысу, Талап,  Құттықожа, Кейден  ауыл­дары менаудан орталығынан да жүздеген отбасылар тыңнан ашылған кеңшарларға  қоныс аударды. Солардың алғашқыларының бірі ретінде аудандық партия комитетіАмандықты «Түгіскен » кеңшарына аға ароном етіп жіберді.
Тыңнан ашылған жабайы жерге  канал мен арықтар тарту, жер рельефіне қарай атыздар түсіруде Амандыққа «1 – май» колхозындажүргенде қарт диқандардан үйренгендерінің пайдасы тиді.
Сыр бойының жерінің басты ерекшелігі, кез-келген уақытта каналды тосыннан су бұзып кетуі мен оқпандар бар суыңды жұтып алып, бірер шақырым жерден айдалаға жіберіп жататыны бар. Бұл бұрын тау беткейлері мен Өзбекстан мен Тәжікстан жақта тегіс жерде егіс егіп  келген диқандар мен агрономдарға ауыр тиді. Арық пен канал тартылатын жерлерді трактордың алдында  жаяу жүріп көзеулеп беретін. Соның арқасында аяқсудың рәсуа болуына тосқауыл қойылды. Оның бұл бай тәжірибесін  кеңшарды басқарған барлық директор бағалай білді, оның айтқан ақылы мен ескертпелерін үнемі басшылыққа алып, ақылдасып  отыратын. 
Бұл күні еңбек ардагері кеңшардың ашылуына орай №1 бұйрықпен жұмысқа алынған эксковаторшы Өмірзақ Дүйсен­биев өткен күндерді еске ала отырып былай дейді:
– Алғашқы кезде техникалардың толық келмеген кезі. Барлық жұмысшы қолымызға кетпен, күрек пен балта алып, жабайы жердегі жыңғыл мен сексеуіл, түрлі талдар мен шеңгелдің түбін қазып қопарып алып, қайта жерді тегістейміз. Осы жұмыстардың бәріне Әбекең басшылық жасады. Ал кеңшардың бас агрономы Бектөре Исмайлов  негізінен аудан мен облыс аралығында жүрді де,шаруашылықтағы бар  жұмысты Аман ағаға  сеніп тапсырды. Ол бұл сенімнен шыға алды. Бірінші жылдың өзінде  Төрехан Қожабаев деген звеновод  осы жабайы жерден мол өнім алып, аудан  чемпионы атанып, сыйлыққа Бүкілодақтық Халық шаруашылығыкөрмесінің  «Москвич-412» автокөлігін алды. Ол жылдары ау­дан «Узрис» дейтін күріш егетін, пісу мерзімі ұзақ. Оны жинау кей жылдары  қазан айының соңына, кей жылдары қараша айының ортасына дейін созылатын. Осы ауырлықтан құтылу мақсатында Әбекең 1970 жылыкүріштің тез пісетін «Кубань» деген сортын егуді ұсынып, бас алып тұрған бидайды бұздырып осы тұқымды ектірді. Нәтижесінде  қыркүйек айында егінді толық жинап алуға қол жетті.  Келер жылдан бастап  аудан диқандары күріштің  осы тұқымын егуді жаппай қолға алды. Бұл тікелей Аман ағаның бастамасы, –дейді ол.
Оның бай тәжірибесі әркез басшылар тарапынан көзден таса болған емес  Сол кездегі аудандық ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Зұлпыхар Мұсахановтың  ұсынысымен аудан агрономдарының арнайы  оқулары өткізілді. Олардың арасында сол кездегі кеңшарлардың бас агрономдары мен бригада агрономдары, мұраптары  болды. Әбекеңнің шәкірттерінің бірі болған Өміртай Өтешов сол күндер туралы былайша еске алады:
– Мен Әбекеңнің Оспан деген ұлымен қатар оқыдым.  Бір-біріміздің үйімізге  қонақта жиі болатынбыз. Аман аға біздің достығымызға, сыйластығымызға  риза болып, әкелік ақылын айтып жүрді,  1973 жылдан кеңшарда дәнекерлеушінің оқушысы болып еңбекке араластым. Кейін әскер қатарына барып келіп,  оқуға түсіп, агроном мамандығын алдым. 1979 жылы №1 бригадаға агроном болып қабылдандым. Кеңшардың бас агрономы Бекмырза Шалғынбаев ағамыз. Менің Аман ағамен тығыз қарым қатынасым осы кезден бастап бұрынғыдан да нығайды.Күндіз еңбек экономисі болып еңбек ететін ол кешқұрым агрономдықтың қыр-сырымен таныстыратын. Ол күріш өсу процесін бақылау жөніндегі комис­сия төрағасы ретінде барлық егіс алаңын түгел жаяу аралайтын. №1 бригададан осы комиссия құрамына алынған  мені қасынан тастамады. Әр атызды аралап су деңгейін, суды ұстау режимін, күріштің түптеу процестерін бақылап отыратынбыз. Мезгіл-мезгіл звеноводтармен агросабақ өткізеді, іс жүзінде көрсетеді, олардың кәсіби деңгейін көтереді.  Соның нәтижесінде кеңшар  облыстағы 100 мың центнерден өнім өндіретін үш шаруашылықтың бірі атанды. Кеңшарға қанша бас агроном қызметке келгенімен олардың бірі де Әбекеңнің ақыл-кеңесінсіз тіршілік жа­самайтын, – дейді ол.
Оның ақыл кеңесін кеңшар басқарған директорлар да аттап өтпейтін. Кең­шардың қалыптасуына өзіндік еңбегі сіңген Смайыл Жұмаділлаевтың оны мойындауға мәжбүр болған бір жағ­дайды айта кеткен орынды деп білемін. Осы бір жәйіт туралы еңбек ардагеріЕрмағанбет Ибрагимов былай еске алады.
– 1981 жылы көктемде 470 гектар жерді алып жатқан 5 егіс алаңының жері күрішшілердің тәжірибесіздігіненсудың астында қалып, күріш өліп қалады. Мына жағдайды көрген директор  күрішшілерді жинап алып  арнайы жиын өткізіп мамандарға сөгіс берді. Анау-мынау сылтауды сүймейтін Смайыл Жұмаділлаев сөзден гөрі істің адамы болатын. Бірақ мына жағдай оны да тығырыққа тіресе керек, сөзінің соңында  Әбекеңе кінә артып:
– Енді мұны не қыламыз? Осы жердің суына күріш орнына балық асырап өсіреміз бе? Жыл аяғына осы жердің өнім құнын  сенің мойныңа жіберемін, –  дейді.
– Жарайды келістім, бұйрығыңызды бере беріңіз. Қара да тұрыңыз, мен осы жерден әлі өнім алатын боламын, – деген Әбекең сабырлы қалпын бұзбай, ешкімге пікірін білдірместен жиналыстан шығып кетеді. Әбекеңкүрішшілерге сол күні-ақ атыздардағы суды тарттыруды тапсырды. 
– «Бұл не болады», дегендерге Әбе­кең, – «бір он күн шыдаңдар, көрерсіңдер», деген тоқтам айтты. Арада оншақты күн өткенде топан судан аман қалған күріш қайта көктеді. Сөйтсек, топан су басқанымен күріш тұқымы сапалы болса,  1-2 күн суға тұншыққанымен өлмейтінін  Әбекең біледі екен. Арасы сиректеу болғанымен мықтап түптеген күріштен  күзде әр гектардан 56-58 центнерден өнім  алынып, сол жылы кеңшар аудан тарихында бірінші рет 101,2 мың центнер  күріш салысын Отан қоймасына құйды. Келер жылдары да 1982 – 103 мың, 1983 – 121 мың, 1984 – 123 мың, 1985 – 128 мың, жүгеріні қосқанда 152 мың   центнерден өнім алуға қол жеткізілді.
Міне, осылайша атақ пен мансапқа қызықпаған Аман аға Әбіласанов 24 жылға жуық кеңшарда еңбек етіп 1992 жылы зейнет демалысына шықты. Әбекең атақ пен биік лауазымды қуаламаса да, атақ пен лауазым иелері келіп оның ақыл кеңесін алды, бай іс тәжірибелерімен танысып, оны өз қажеттіліктеріне пайдаланды.
Дана халқымызда «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген тәмсіл бар. Әбекең де шәкіртсіз емес, олар ауданда ондап саналады.  Оның ақыл кеңесін тыңдап, болашақ қызметтерінде басшылыққа  келген агрономдар арасынан Бекмырза Шалғынбаев, Керімхан Егізбаев, Наятулла Қарақожаев, Наматулла  Рүстемов, Серқожа Ыдырысов, Әлімбай Шерубаев, Ахмет Мырзабаевсекілді азаматтар кейін кеңшар директоры, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылды. Ал  Аманкелді Саданов бұл күні ғылым докторы, академик, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, «Микробиология және вирусология» институтының ди­рек­торы.  
Ол өз мамандығының білгір маманы болып қана қойған жоқ, ауылдастары­ның тұрмыс-тіршілігі мен мұң-мұқтажына да сергек қарайтын, қолынан келгенше көмек беруге даяр  болды. Жастайынан тұрмыс тауқыметін көріп өскендікі ме екен, олардың қиыншылықтарын бар жан-дүниесімен,азаматтық болмысымен қабылдайтын, сол үшін кез келген басшының алдына барып мәселе қоюдан тайсалмады.
Жаздыкүні  малына жем-шөп түсіре алмай қалған отбасыларына қыста өз үйінен жем-шөппен қарасып, үйлеріне қаржы кірмейтін отбасылардың киімі тозған ұл-қыздарына  киім-кешек сатып әперуге ықыласты мінезін ауылдықтар ұмыта қойған жоқ.
Жан жары Есенкүл Сатайқызы екеуі 6 қыз, 3 ұл өсіріп тәрбиеледі. 27 немере мен бір шөбере сүйді.
Әбекеңнің бұл пәни дүниедегі жасаған азаматтық болмысы мен имандылық жолындағы іс-әрекеттері оны көптің қадірмендісіне айналдырды.  Әбекең 2007 және 2009 жылдары мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа барып қайтып, ауылдағы намазхан қариялардың бірі болды. Өмірінің соңына дейін тұрмысы төмен ауылдастарына қайырымдылық жасау­дан айнымады. Қадірменді қария 88 жасында бақилық болды.
Иә, «Жаным арымның, арым жанымның садағасы» деп бүкіл саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған, бар білімі мен біліктілігін, оқығаны мен өмірлік тәжірибесін өзінен кейінгі толқынға үйретуден жалықпаған, бой­ындағы ата-анасынан алған үлгі-өнегесін ұрпағына мұра еткен, өз мамандығын қалтқысыз сүйіп, оған қызмет еткен,Аман аға Әбіласанов  біле білгендер үшін ауылшаруашылығының профессоры деуге лайықты  жан еді.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК
11 сәуір 2021 ж. 289 0