№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТА

ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТА

Ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін жеткізіп, білімділік пен біліктіліктің, парасаттылықтың рухани ордасында 40 жылдан аса қызмет жасап, рухани байлыққа кенелген мекенінің шырақшысы болған Тұрсынай Мырзатевамен сыр-сұхбаттың төрінде тілдесіп, аналық өсиетін тыңдап, өмірден түйгенімен қанықтық.
– Апа, саналы ғұмырыңыздың 40 жылдан аса уақытын рухани мекеннің кемелденуіне арнапсыз. Сіздіңше, кешегі мен бүгінгі оқырманның арасында айырмашылық бар ма?
– Әрине бар. Бұрынғы оқырмандар өзіне керегінің барлығын кітаптан іздейтін. Кітапты бар білімнің бастауы деп мойындап, кітаппен дос болатын. Ол уақытта оқырман көп болды. Қазіргідей ақпараттық заман емес. Ғаламтор деген болған жоқ. Бүгінгі жастардың санасы интернетке тәуелденіп қалғандай. Үйдегі балалардан-ақ олардың кітапқа деген қызығушылығының төмен екенін байқаймын.
– Адам мамандығына түрлі жолмен келеді ғой. Бірі – сүйіп келсе, бірі амалының жоғынан, күнкөрістің қамы үшін жұмыс жасайды. Сіз рухани ортаға қалай келдіңіз?
– Өзім мамандығымды ғашық болып таңдадым. Жастайымнан кітапқа деген құмарлығым үстем болды. Біздің бала кезімізде ауданда кітапхана біреу ғана еді. Сол жерден шықпай, түрлі кітаптарды оқитынмын. Кітапқа деген шынайы сүйіспеншілігімнен болар, мектеп бітірісімен Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп кеттім. Алғашқы еңбек жолымды Есік қаласында кітапханашылықтан бастап, кейіннен аудандағы №3 мектеп-интернатында тәрбиеші әрі кітапханашы болдым. Одан кейін аудандық орталықтанған кітапхананың балалар бөлімінің меңгерушісі болып, сол киелі мекеннен зейнетке шықтым.
– Өмірден өз орныңызды таптым деп ойлайсыз ба?
– Аллаға шүкір! Адам, әйел, ана ретінде өмірден опық жедім деп санамаймын. Бүгінгі күні ақ жаулықты ана атанып, дүниеге ұрпақ өрбітіп, елдің ілтипатына бөленіп, еңбек ардагері болуымның өзі өмірден өз орнымды тапқанымның айғағы деп білемін. Адам баласы өмірге келген соң адал асын тауып жеп, қызметтің қай түрі болса да абыройлы атқарса, онда ол өмірден өз орынын тапқаны.
– Сіз үшін бақыт деген не?
– Аман жүрген әр күнің бақыт. Отбасыңның амандығы, жақындарыңның жаныңда жүргені, деніңнің саулығы – бақыттың бастысы осы. Адам өмірде кездескен ақ пен қараға төтеп беріп, батқан күннің қайта шығатынын естен шығармай, жақсыға қарай ұмтыла берсе бақытты болары анық.
– Қазақы тәрбиенің бастауы неде?
– Тәрбиенің бастауы – ұлттық құндылықтарда. Баланың бойына тал бесікте жатқаннан жақсы қасиеттерді сіңірту керек. Жаман мен жақсыны айыруды ерте бастан үйреткен абзал. Бала бар үйде әдет-ғұрыптар, салт-дәстүр, бізге жат қылықтар, дініміз, отанымыз туралы әңгімелер күнделікті айтылып отырса, ол шаңырақтан иманды перзенттің өсіп шығатыны анық. Мұндай әңгімені естіп өскен баланың құлағына тәрбиенің тәмсілі құйылып, ол оның санасында әр уақытта жаңғырып тұрады.
– Ақжаулықты ана ретінде бүгінгінің келіндері туралы ойыңыз...
– Қазақ халқы қашанда дана келеді ғой. Бабаларымыз айтқан әр сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Бұрынғыдан бүгінге жеткен «Жаман келін болмайды, жаман ене болады», «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деген тәмсіл бар. Келіндердің бәрі жақсы. Ол да өз қызыңдай біреудің мәпелеген перзенті. Айналайын деп ақылын айтқан енеге қарсы шығатын келін болмайды. Кейде үлкендердің өзі шектен шығып, бар бәлені жас келінге жаба салатыны бар. Бұл – қате. Келінді жатсынбай, тәрбиелеп, жылы сөзімізді аямай бауырымызға бассақ, бүгінгінің жас келінінен болашақтың ақ жаулықты қариясын қалыптастыратынымыз анық.
– Өмірде «әттеген-ай!» деген сәттеріңіз көп болды ма?
– Өмір болған соң кейде қуанып, кейде өкініп жатамыз. Дүниенің немесе мансаптың соңында сан соғып, өкінген жәй өткінші нәрсе. Мен үшін ең үлкен әттеген-ай жолдасым Аманкелді Балабековтың өмірден ерте кеткені. Бірақ күпірлік етпеймін. Шүкір. Кейде артында қалған «бес баламыздың қызығын бірге көргенімізде ғой», – деп ойлайтын кездерім болады.
– Кейінгі ұрпаққа аналық өсиетіңіз...
– Ұрпағыма айтарым – өмірге адам деген атпен келгеннен кейін, сол атқа кір келтірмей, адам болып қалу. Өзгенің ала жібін аттамай, адал жолмен нан таба білуді үйрену. Жүректерінен имандылықтың нұры сөнбесе екен деймін. Артымызда иманды ұрпақ қалса – болашаққа алаңдамас едім.
– Апа, сұхбатыңызға рахмет!

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

23 ақпан 2019 ж. 1 767 0