Қоқыстан қашан көз ашамыз?
Кент тазалығы бірдің емес, көптің ортақ міндеті. Солай бола тұра, сауда нүктелері қаз-қатар орналасқан базар аумағы неше жылдан бері қоқыс қалдығынан көз ашпай келеді.
Осы маңда тау болып үйіліп жатқан қоқыстар қадам сайын кезігеді.
– Мұндағы кәсіпкерлік нысандардың көбі тазалық мекемелерімен келісім-шартқа отырмай, тазалық жұмысын өздері жасаймыз дейді, бірақ ол атқарылмайды. Кент ішінде осындай қоқыс аймағына айналған 18 нысан бар. Мұны талай жерде айтып та жүрмін. Кәсіпкерлер құлақ асар емес, – дейді «Нұр-Шах» ЖШС-нің төрағасы Нұрлан Сәдуақасов.
Бұл 18 аймақтың бірі орталық «Нұр» базарының артында орналасқан. «Әділет» құрылыс маркеті мен бос тұрған қос ғимараттың қуысы қоқыс қоймасы ма дерсің. Базардағы бүкіл қоқыс осы жерге жиналады. Үш ғимараттың ортасында аядай аумаққа тасталған қоқыстың әлдекім өртеп жатқанын көресің. Бұл заңға сыя ма?
– Бұл маң базардың қоқыс жинау орны болып белгіленген. Базарда 2 тазалықшы тұрақты жұмыс атқарады. Сыпырады, қалдықтарды жинайды. Бірақ бұл жерде қоқыс өртеу қауіпті. Базардағы 70-тен аса кәсіп иесімен тазалық жөнінде келісім шарт жасастық. Пластик, полиэтилен заттарды бөлек жинап, басқада қалдықтарды сұрыптап тазалық мекемесіне өткіземіз, – деді орталық базар басшысы Аблан Әсенов.
Осы жағдайға байланысты пікір білдірген сатушы Жанат Жарылқанқызы:
– Жұмыссыз үйде отырғанша, күнделікті нанымды табайын деп базарға сатушы болып тұрғаныма көп болмады. Күнделікті картон-қағазды шығарып өртемесек, желмен айналаға ұшып, шашылады. Сондықтан мұнда терең қазылған ор немесе көп қалдық сыятын контейнер қоюға болмайды ма? Неге өрт қоюға болмайды деген белгі қоймайды? Осындай белгі болмағандықтан артық ыбырсықты өртейміз деп айыппұл төлеп кеткен жайымыз бар, – деді.
Бұған өрт сөндіру мекемесі басшысының орынбасары Әлімхан Жаппаров не дейді?
– Кәсіпкерлер болсын, жеке тұрғын болсын, өрт сөндіру мамандарынсыз өрт қоюға болмайды. Біріншіден, халық қауіпсіздігін сақтау керек болса, екіншіден ауаға зиянды қалдықтар бөлініп, денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Елдегі жағдайды ескеріп, бұған қатаң қадағалау қажет-ақ.
Базарда ет сататын дүкеннің де қалдықтары осы маңға төгілетін көрінеді. Өртелген қалдықтардың ішінен ірі қараның бас-сирақтары кездесті. Жуынды, қан-жын араласқан қалдық экологиялық апаттық жағдайды қалыптастырып тұр.
– Базарда бас-аяғы 10 ет сату пункті бар. Біздің сөреге түскен ет түс аумай-ақ таусылып қалады. Бас-сирақ, ішек-қарындар да тазаланып сатылады. Қысқасы, бізден түйірдей қалдық сыртқа шықпайды. Бірен-саран артылғанды корапқа салып, тазалықшыға өткіземіз, – деп ет сатушылар жағы өздеріне шаң жуытар емес. Байқағанымыз, қоқыс алаңына арнайы бейнебақылау камерасы қойылыпты. Ондағы мақсат, осы маңға кім қандай қоқыс тастағаны жайында анықтап, әкімшілік жауапкершілікті арттыру.
–Тазалық мекемесі мал өлекселерін тазалауға міндетті емес. Осыны үнемі айтып жүрсек те, көпшілік орындарда өлекселерді ашық тастау деректері тиылмай келеді. Ет сату, асхана мен мейрамхана қызметіне қойылатын ортақ талаптар орындалмай, сүйектердің сай-салада қалғаны қалған, – деді тазалық жанашыры Нұрлан Сәдуақасов.
Базар әкімшілігіне хабарласып, қоқыс алаңының тарлығын алға тартып едік, бұған байланысты алдағы уақытта кент әкімшілігімен бірлескен жұмыстың барын айтты. Қоқыс алаңын қоршау, өрт салдарын болдырмау жөнінде жоспар түзген. Қоршауға өрт қоюға болмайды деген белгіні қоюды назарда ұстайтынын жеткізді.
ТҮЙІН. Аудан орталығындағы халық көп шоғырланатын аймақтардың тазалық мәселелерін тұрақты шығарып, қоғам тазалығын қалыптастыруға күш салатын боламыз. Мұндағы мақсатымыз, кәсіп иелерін келемеждеу емес, ортақ талаптарды бірге атқаруға қол біріктіру. Тазалық сақталмайынша, қауіпті індеттерден алшақ бола алмайтынымыз анық.
Мақпал МАРҚАБАЙ