Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ана тілімізді қадірлей білейік

Ана тілімізді қадірлей білейік

Қай ұлтты алып қарасақ та, ана тілі қасиетті ұғым болып саналады. Ол ана сүтімен бойымызға сіңіп, қанымызға таралғаннан кейін қалай қасиетті болмасын. Атадан балаға мирас болып отыратын баға жетпес мұра. Әрбір адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, өзге тілдермен шұбарлануына жол бермеуі тиіс. Өйткені, тіл – әрбір елдің ұлттық мақтанышы, асыл қазынасы. Ал, біздің ана тіліміздің тұғыры мықты, көсегесі берік болуы әрбір қазақтың Отан алдындағы міндеті.
Алайда, сол міндетті атқара алмай жүргенімізге де қаншама жылдың жүзі болды. Онымен қоймай, соңғы уақытта «үш тұғырлы тіл» дегенді желеу етіп, тілі шығып үлгермеген бүлдіршіндерді үш тілде тәрбиелейтін бала-бақшаларды ашу қолға алына бастады. Болашақ елдің тірегі саналатын сәбилерімізге бұл жақсылығымыз ба? Осылай жалғаса беретін болса, қазақ тілінің басына үйірілген бұлт ешқашан тарқамай, қайта бұрынғыдан бетер қоюлана түсетіні айтпаса да белгілі. Жыл сайын мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға қаншама қаржы бөлінуде. Әйтсе де, бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? Тілге бөлінген қаржыны әркім жырымшылап өз қалталарына сала беретін болса, ана тіліміз Арал теңізінің жағдайын құшары анық. Айталық, қазақ тілін жақсарту үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр? Тіпті белгілі бір істің жүйесі де жоқ. Нақты айтатын болсақ, қазақ тілін меңгертуге бөлінген қыруар қаржы желге ұшып жатыр. Шындығында, тілді үйретудің тиімді тәсілдері, жобалары баршылық. Бірақ, оны қолданбайды, қолданғысы да келмейді.
Ең алдымен билік басында отырғандардан бастау керек. Күн­делікті көзімізбен көріп жүр­гендей, көпшілігі қазақ тілін білмейді. Кейбіреулері жаттап алған сөздерін оқып береді, оның түпкі мағынасын түсінбейді де. Бәлкім оларға қазақ тілін үйрену қиынға соғып жүрген болар. Сол себептен де олар тіл мәселесін қозғаудан қашқақтайды.
Екіншіден, ешқандай бақылау, жұмыстың жүргізілмей жатқандығы. Оған айқын бір дәлел, көшелерде немесе қоғамдық орындарда жар­намалардың қазақ тілінде қате жазылғандығы. Өзге елдерге қарап отырып таң қаласың. Мысалы, мынау тұрған бауырлас өзбек елінің саясаты, өз жерінде тұрып жатқан кез келген ұлттың өкілі тек мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс. Ал, Ресейде орыс тілін білмесеңіз мемлекеттік жұмысқа алмайды. Шындығына келгенде, біздің елде өз тілімізді емес, орыс тілін білмесең жұмысқа тұру оңай болмайды. Айталық, үлкен қалаларда жәй ғана бір дүкенде сатушы болып жұмыс істеу үшін орыс тілін білу талап етіледі. Біздің елде қызметкерден қазақ тілін талап етпейміз, керісінше, талай адам орысша білмегендіктен сорлап жүр, осындай жағдайда не деуге болады? Бізде де өзге мемлектердегі саясатты ұстанған дұрыс секілді. Қазақ тілін білмейтін қазақтардан бастап, өзге ұлт өкілдеріне белгілі бір шаралар қолданып, мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттеу керек. Білім министрлігі барлық мек­тептерді қазақшаландырып жатыр­мыз деп жарияға жар салады. Қанша жерден мектептерді қазақ­шаландырғанымен қала мек­теп­терінің оқушылары күнделікті өмірде орыс тілінде сөйлеседі. Кейде көшеде кетіп бара жатып байқап қаламыз, тілі былдырлап енді ғана шығып келе жатқан баласына ата-анасы орысша сөйлеуді өздерінше бір сән көреді.
Жалпы, осы уақытқа дейін, тіл туралы жазылған мақалалар мен кітаптарды санамалап шығатын болсақ, сан жетпейтін шығар. Әйткенмен, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отырғаны өкінішті. Тіл тақырыбында қалам тербеген жазушы Мархабат Байғұттың мына сөзі жүрегі қазақ деп соққан әрбір жанға әсер етпеуі мүмкін емес: «Тіл төңірегіндегі таза тіршіліктің «түйесі мен биесі, ығай – сығай иесі» болмаса да, киесі бар екенін ұмытуға болмас. Бабаларымыз Фараби мен Ясауи түркі тілінің тағдыры үшін жүйкелерін жұқартып, жүректерін ауыртып, келер ұрпақтар тоздырып жібереді-ау деп күдіктенген екен. Бірі жат елге кетіп тынған, екіншісі елдегі әулекіліктен, әсереңкіліктен жерініп, тілдің тозуынан безініп, қылуетке тірідей түсіп кеткен. Олар оралды деп жатырмыз. Біржола оралта аламыз ба, соны ойланайық.» Қазақта «Сөз сүйектен өтеді» деген сөз бар. Алайда кейбір шала қазақтарға сөз әсер етпейтін сыңайлы, сонда не істеуіміз керек? Қайран қазағым-ай қайда кетіп барасың…
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
31 наурыз 2021 ж. 646 0