№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Тіл – ұлт тұғыры


Қазақ топырағында қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде қолдану мәселесі тәуелсіздік алғалы бері табанды қолға алына бастағаны мәлім. Қазақ тілінің әлемдік деңгейдегі тілдердің біріне айналуы оның қолдану аясын арттыру арқылы болады. Бұған қазақ тілінің сөздік потенциалы толығымен жетеді, тек басты шарт тілді сақтап қалу керек.
Әр халықтың тілі – бұл оның тарихи жадысы екені ақиқат. Түрлі мәдениеттердің өзара қатынасынан тіл араласуы орын алады. Біздің тіліміз ғасырлар мен дәуірлердің, жылдар мен айлардың, іздеу мен ізденудің, сан түрлі тәжірибелердің арқасында дамып, жетілді. Сөздік қорын байытты. Қазақ тілінің осындай дәуірі Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құру кезеңінен басталады. Тіл мүмкіндігін еркін пайдаланған от ауызды дүлдүл көсемдер мен шешендер, дуалы ауыз билер, ақын-жыраулар қазақ халқының баға жетпес руханияты – тілін дамытты. Кейін келе жазба мәдениеті дами бастаған шақта татар, араб, парсы тілдерінен кірме сөздер енді.
Ана тілімізді құрметтеудің басты тетігі – сөз тазалығы. Десекте, тілдің даму тарихында өзге тілдерден енген кірме сөздер көптеп кездеседі. Олардың кейбірі кеше, кейбірі өте ежелден келеді, және жер бетінде жүз пайыз өз тілін ғана қолданатын халық жоқ деуге болады.
1925 жылы Ресейдегі санақ кезінде бұл елде 193 ұлттың бар екені анықталған. Ал жетпіс жылдан кейінгі санақта бұл мемлекетте 103 ұлт қалыпты. Бұл арадағы ұлттар қайда, бір жаққа үдере көшіп кетті ме? Ол ұлттар ешқайда да кеткен жоқ, тек тілінен, ұлттық сипатынан қол үзіп, орыстанып, ұлт болудан қалды.
Дербес ұлт болудан айрылып қалмас үшін, тілдік нормаларды қатал бекітіп, қажеттілікті заң жүзінде іске асыру қажет.
Адам баласы ана құрсағында жатқанда-ақ туған тілінің түрлі белгілерін қабылдай бастайтындықтан әр ұлттың тілін қорғап, қолдау мақсатында ЮНЕСКО көлемінде «Халықаралық туған тіл күні» бекітілген.
ЮНЕСКО тіл байлығы баға жетпес рухани байлық болғандықтан әр ұлт тілі өзінің аясында қорғалатынын жариялады. Әлем бойынша қазіргі қалған 6000-ға жуық тілдің 3000-ға жуығына жойылу қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда.
Ғылым мен техника дамыған ғасырдың негізгі ерекшелігі – тілдер санының жедел қарқынмен азаюында.
Европа түгел ағылшын, ТМД аумағы түгел орыс тілінде сөйлеу арқылы өз тілдерін өгейсітуде, өз тілінен жерігендер ағылшын, қытай, болмаса француз, не орыс тілінің үстемдігінде қалу арқылы басқа халық тілдеріндегі ғылым-білім, әдеби-мәдени мұралардың барлығын жоққа шығаруда. Қазір көптеген фирмалар, компаниялар, кәсіпорындар қай елде болсын ағылшын тілін білетін мамандарды жұмысқа алуға ықыласты. Үлкен көлемдегі жалақы да соларға тағайындалады. Қазақ жерінде жүрген қытайлардан да тілімізге осындай қауіп төніп тұр. Бұл бағытта туған тілді сақтау тұрғысында нақты заңдар мен ұстанымдар қажет-ақ.
Евростандарт елдерінің тіл саясаты негізінде азаматтарын ең алдымен ана тілін, одан соң ағылшын, сондай-ақ тағы бір көрші елдің тілін үйреніп, мәдениетімен танысуға міндеттеп отыр. Бұл әр елдің руханиятына құрмет көрсетіп, тілін сақтап қалуы үшін жасалып отырған игі шаралар.
Бұл бағытта мұсылман елдерінің де белгілі межесі бар. Әрі-беріден соң шариғат та көп тіл білуді қостайды. «Адамға жетпіс тіл білу де аз» дейді. «Ілімді Қытайда болса да үйрен» дейді. Қазақ «Үйрен де, жирен» дейді. Мұның барлығының астарында оқу, іздену, табу, жақсысын алу, керегіне жарату, сайып келгенде, жасампаздыққа ұмтылу талабы жатыр. Ал оның басты тетігі – тіл. Көп тіл білсең – бес қаруың сай, болмысың биік.
Тіл – жүйе, оған абсолютті еркіндік жат. Оны әркім өз қалауынша өзгертуге қахы жоқ. Тілдің кез-келген күйі тарихи факторлар жемісі, тілдегі таңбалардың өзгеріссіз қала беруі, өзгелермен ауыстыруға келмейтіні осыдан.
Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшу мәселесінде сөздік қоры неше мыңдаған сөздерден тұратын қазақ тілінің зор руханиятының сынын бұзбау, халық санасынан өшірмеу бағытында жан-жақты алғышарттар қарастырылуда. Әрине, ең басты талап – таңба мәселесі. Ол «білгендерге – анықтай, білмегенге танықтай» деңгейде айқындалып алмай бұл турасында бір жүйеге түсу қиын.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
11 қыркүйек 2018 ж. 1 400 0