№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Татулық – асыл мұра

Татулық – асыл мұра


Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашатынын, дамыған елдерде мұндай институттар өзін өзі таныта білуде екеніне тоқталды.

Дауларды шешудің баламалы тәсілдері ретінде қазіргі уақытта кеңінен тараған медиация рәсімін, дауды-жанжалды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу, татуласу келісімін атауға болады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 68-бабында татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату негіздері көзделген. Аталған баптың бірінші бөлігінің талабына сәйкес қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Қылмыстық жауаптылықтан осы негізде босатуға істі алдын ала-тергеп тексеру кезінде ғана емес, қылмыстық істі басты сот талқылауында сотта қарау барысында да жол беріледі.
Мысалы, сотталушы бөтеннің мүлкін жасырын ұрлағаны үшін ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен айып тағылып, сотқа берілсе, аталған бапта Кодекс бойынша басқа да баламалы жазалармен қатар ең ауыр жаза үш жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Қылмыстық Кодекстің талаптарына сәйкес бес жыл мерзімге дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қасақана жасалған қылмыстар ауырлығы орташа қылмыс болып табылады. Егер осы іс бойынша сотталушы өзінің қылмыстық әрекеті салдарынан келтірген залалды жәбірленушіге өтеп, онымен татуласса, тиісінше ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Алайда, ұрлық бірнеше рет немесе тұрғын үйге, қоймаға заңсыз кіру арқылы немесе ірі мөлшерде жасалған жағдайда ол ауыр қылмыс болып табылады және ол бойынша залалды өтеп татуласқан жадайда да қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жол берілмейді.
Дегенмен, Қылмыстық Кодекстің 68-бабының 2-бөлігінде жекелеген санаттағы ауыр қылмыс жасаған адамдарды татуласуға байланысты жауаптылықтан босату көзделген. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Жаңақорған аудандық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша бөтеннің мүлкін қоймаға заңсыз кіру арқылы жасырын жымқырып, ұрлаған сотталушы Ж.Е.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындап, қазіргі уақытта жәбірленушіге келітірген залалды өтеп, онымен татуласқанын көрсеткен. Іс құжаттарына тіркелген құжаттарға қарағанда сотталушы бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған, ауыр қылмысты алғаш рет жасағаны, жұбайының қайтыс болғаны, қазіргі таңда сотталушының жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны анықталған. Сондықтан сотталушының жәбірленушімен өзара татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты, ҚК-нің 68-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Келесі қылмыстық іс бойынша да адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша бөтеннің мүлкін тұрғын үй жайға заңсыз кіру арқылы жасырын жымқырып, ұрлап, ауыр қылмысты алғаш рет жасаған жас балалары бар және бірі жүкті екі әйел азаматшалар жәбірленушімен өзара татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты ҚК-нің 68-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылған.
Аталған жайттан ауыр қылмысты алғаш жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге заң шығарушы тарапынан қылмыстық әрекеті салдарынан келтірген залалды өтеп, жәбірленушімен татуласуға мүмкіндік беріп, қылмыстық жауаптылықтан босату осы тұлғаларға мемлекет тарапынан берілген жеңілдік деп түсінеміз.
Жоғарыда аталып өткендей, татуласуға байланысты жауаптылықтан босату азаптаулар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, мұндай қылмыс; абайсызда жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) өліміне алып келген жол-көлік оқиғасын жасау жағдайын қоспағанда, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне алып келген қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
Сондай-ақ бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін Қылмыстық Кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Бұл дегеніміз, сотталушылар осыған дейін қолданыста болған Қылмыстық Кодекстің талабына сәйкес қылмысты неше рет жасағанына қарамастан, бұрынғы қылмысы ескерілместен жәбірленушіге келтірілген залалды өтеп, онымен татуласса жауаптылықтан босатылуға жататын. Ал қазіргі Кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер ол осыған дейін мысалы, соңғы бір-екі жылдың ішінде жасаған қылмысы бойынша татуласуына байланысты іс тоқтатылған болса, келесі жаңа қылмысы бойынша залалды өтеп, жәбірленушімен татуласқан жағдайда да сот оны жауаптылықтан босата алмайды. Тиісінше оған қатысты заң жүзінде үкім шығарылып, жаза қолданылуға жатады.
Бұл заң шығарушы тарапынан адамдар тарапынан қасақана қылмыстарды қайта жасаудың алдын алу, жәбірленушілердің құқығын қорғау, олардың құқығына заңмен кепілдік берілетінінің айғағы деп білеміз.
Татуластыру рәсімдері қазіргі уақытта азаматтық істер бойынша да кеңінен қолданылып, даулардың тараптардың татуласуы негізінде тоқтатылуы да көңіл қуантарлық жағдай.
2016 жылдан қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік процестік Кодексінің талабына сәйкес дауласушы тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттерінің бірі болып табылады.
Кодексте дауды шешудің баламалы тәсілдері, яғни татуластыру рәсімдерінің үш түрі көзделген. Олар татуласу келісімін жасау, яғни тараптардың өзара ортақ шешімге келуі арқылы дауды реттеп татуласуы; дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау; дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасау.
Партисипативтік рәсім-бұл жаңа ұғым, ол тараптардың адвокаттарының немесе заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғалардың жәрдемдесуімен жүргізілетін татуластыру шарасы.
Азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес судья тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуге жәрдемдеседі. Азаматтық процестік Кодексіне соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес соттарда татуластырушы судьялар талап қою арызы сотқа түскеннен бастап он жұмыс күні ішінде тараптарды татуластыруға шара көреді. Тараптар татуластыруға қол жеткізбеген жағдайда талап қою арызы соттың іс жүргізуіне қабылданғаннан кейін сот шешім шығару үшін бөлінгенге дейін татуластыру рәсімдерін жүргізуге жол беріледі.
Қазіргі сот өндірісінде медиация рәсімі кеңінен қолданылуда. «Медиация» ұғымының өзі жайлы не білеміз? « Медиация» ұғымының өзі латын тілінен аударғанда екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді.
Медиация- тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Дауды медиация тәртібімен немесе жоғарыда аталған татуласу келісімін не партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу арқылы тараптар не ұтады? Олар өзара тиімді, әрқайсысы өздерінің талаптарын қанағаттандыратын келісімге қол жеткізеді. Егер сот шешімі шыққан жағдайда тараптың бірі оған келіспей, наразы болатыны белгілі.
Сондай-ақ дауласушы тараптар бағалы уақытын үнемдейді. Себебі сотта іс ұзақ мерзім қаралуы мүмкін. Ал тараптар бірінші саты, яғни аудандық, қалалық сот шешімдерімен келіспеген жағдайда, Жоғарғы Соттың кассациялық сот алқасына дейін шағымдануы мүмкін.
Татуластыру рәсімдері негізінде келісімге келген тараптар өзара туыстық, іскерлік, сыйластық қарым-қатынастарын сақтап қалады. Егер тараптар татуласпай, сот шешімі шыққан жағдайда олардың туысқандық, іскерлік қатынастарына сызат түсіп, олар одан әрі дауласуды жалғастыруы мүмкін.
Дау тараптары қаржысын үнемдейді. Ол сот шығындары, талап арызбен жүгіну кезінде төленетін мемлекеттік баж, өкілдің көмегіне ақы төлеу, жол қаражаты сияқты түрлі шығындарды шегуі мүмкін.
Ал дауды татуластыру рәсімдері негізінде реттеген жағдайда тараптар артық шығыннан арылады.
Салық Кодексінің талабына сәйкес азаматтық істі қарау барысында татуласу келісімі, дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеген жағдайда талап қоюшының талап қою арызымен сотқа жүгінген кезде төлеген мемлекеттік баж сомасы өзіне қайтарылады. Бұл жағдайда жауапкер сот шығынын шекпейді.
Медиация, партиисипативтік рәсім атаулары жаңа ұғым болғанымен оның түп-тамыры қазақтың дархан даласында, қазақ халқының тарихында жатыр. Халқымыздың тарихында небір шешен, билер тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір сөзбен түйіндеп, ел арасындағы дауларды ушықтырмай шешіп, елдің береке-бірлігін сақтаған. Қазіргі заңнамадағы татуластыру рәсімдері де халқымыздың дана билерінен келе жатқан билік жүргізу тәсілінің дәстүрлі жалғасы болып табылады.
Ендеше дауларды реттеудің баламалы жаңа түрлерін қолдану, тараптарды мәмілеге келтіру арқылы әрбір судья қоғамдағы дауласушылықтың деңгейін төмендетуге үлес қосып ғана қоймай, елдегі бірлік пен ынтымақтың сақталуын қамтамасыз ететінін білуіміз қажет. Себебі ынтымақ, бірлік, татулық жүрген жерде ырыс, береке бірге жүреді.

Әлия Түбекбаева,
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы
19 наурыз 2021 ж. 682 0